Достықтың дәнкерлері алған марапат

Ауыл — ұлттың ары мен ұяты сақталған қасиетті мекен. Қасиетті мекен де , елдік пен өрлікті дәріптеп,  баршаны бауырына басып жүретін жандар болады. Олар — өз ауылының айбыны. Сондай жандардың бірі — Түлкібас өңірінде Асылы Османдай асыл туған ауылдың киесін қанша толғасақ та артықтық етпейді. Осы тұста қуанышты жаңалық — Түлкібаста еңбек адамдарына, шынайы руханият өкілдеріне құрмет көрсетіліпті.

«Ауыл партиясына — 25 жыл» мерекелік медалімен Олег Кошевой атындағы жалпы білім беретін білім мекемесінің кітапханашысы  Тамаша Османова мен еліміздегі ерекше қайсар кітапханашылардың бірі, Түлкібас аудандық ОКЖ қарасты  Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлына берілген  екен.

Бұл марапат – елге еткен ерен еңбектің, рухани мұраны дәріптеп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп жүрген кітапханашылар еңбегінің әділ бағасы, шынайы оқырман ризашылығы.

Тамаша Османова мен Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – тек өз саласының кәсіби мамандары ғана емес, сонымен қатар, ауылдың мәдени-рухани тірегіне айналған руханият шырақшылары. Кітапты тек білім көзі деп емес, адам мен қоғамды байланыстыратын алтын көпір деп түсінетін саусақпен санаулы азаматтардың бірі.

Ел ішінде «кітапханашы» деген мамандықты жай ғана қызмет емес, миссия деп ұғатын азаматтар қазір ауадай қажет. Ал осы қос тұлға – кітаппен оқырман тәрбиелеп жүрген, ізгілік кемесін өрге  бастаған ісіне адал жандар. Олар Тастұмсық ауылындағы қара домалақ балалардың бойына руханиятты сіңіріп, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті арттырып келеді.

«Достықтың дәнкерлері» атанып, алғыс пен ризашылыққа бөленген кітапханашылар   — елдің еңсесін көтеретін елеулі есімдер. Мұндай марапат – тек өткенге емес, болашаққа да сеніммен қарауға берілген талпыныс құралы.  «Марапат құны — алушымен есептеледі» деген түрік нақылын  осы тұста қоса кетсек артық болмас.  Руханияттың тұтқасын  ескерген «Ауыл» партиясына іштей үлкен ризашылық туындайды. Бұл азаматтармен қатар ұзақ жыл  кітапханада еңбек еткен ардагер Омарбекова Назира,  Түлкібас ОКЖ-сінің кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Пернебекова Закира, белгілі қаламгер, журналист Орынтай Көмеков, Маймақов Мұқан сынды жандар марапатталды. Еңбектің тәтті нанын жеп жүрген  жандарды бағалау —  еңбеккер ұрпақ тәрбиелеудің негізі.

Ауыл руханиятының алтын арқауын ұстаған бұл жандарға алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс, мықты денсаулық, кәсіби биіктер тілейміз!

  Демет  БАЙРАМОВА,

филология ғылымдарының докторы