Қысқы Олимпиададағы тұңғыш қазақстандық чемпион

Автор: Ернұр ІЗІМ,

https://e-history.kz/kz/news/show/50001182

Бүгін әлемдік спорт күнтізбесінде қысқы ойындардың кезекті парағы ашылғалы тұр. Биыл қысқы Олимпиада Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп, дүние жүзінің ең мықты спортшыларын бір алаңға тоғыстырмақ. Бұл дода туралы естігенде қысқы Олимпиада шежіресінде еліміздің атын алтынмен жазып қалдырған чемпион Владимир Смирнов еске түседі.

1994 жылдың 24 ақпаны. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII Қысқы Олимпиада ойындары шешуші кезеңіне жетті. Ерлер арасындағы ең ауыр әрі ең беделді сайыстардың бірі 50 шақырымдық шаңғы марафоны басталды. Бұл қашықтықта жылдамдық қана емес, темірдей төзім, дәл есептелген тактика, ұзақ жылдық тәжірибе мен мінез сыналатын. Сол аламанда Владимир Смирнов жарыстың екінші жартысында қарқынын үдетіп, қарсыластарынан біртіндеп басып озды. Соңғы шақырымдарда ол ешкімге мүмкіндік қалдырмай, мәреге ең бірінші болып жетті. Бұл жеңіс – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әрі бүгінге дейін жалғыз қысқы Олимпиада алтыны.

Лиллехаммер Олимпиадасында Смирнов тек бір алтынмен шектелген жоқ. Ол тағы екі күміс медаль иеленіп, Қазақстан құрамасының сол ойындардағы барлық жүлдесін жалғыз өзі алып шықты. Жаңа ғана әлемдік спорт картасына енген жас мемлекет үшін бұл нәтиже күтпеген сенсация болды. Осылайша Қазақстан қысқы спорттың алпауыт елдерімен терезесі тең екенін дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте жоғары орынға көтерілді. Бұл тек бір спортшының жеңісі емес, тәуелсіз елдің халықаралық аренадағы жаңа келбетін айқындаған, сенім мен мүмкіндіктің тоғысқан тарихи сәті еді.

Владимир Смирнов 1964 жылы 7 наурызда қазіргі Ақмола облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. Табиғаты қатал, қысы ұзақ өңірде өскен болашақ чемпион шаңғы спортына ерте әуестенді. Балалық шағынан-ақ қар үстіндегі жаттығулар оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып, табандылығы мен төзімділігі сол кезден қалыптасқан. Уақыт өте келе ол аймақтық жарыстардан одақтық деңгейге көтеріліп, Кеңес Одағы құрамында жүріп-ақ халықаралық бәсекелерде көзге түсе бастады. Алайда 1990-жылдардың басы Смирнов үшін де, тұтас спорт жүйесі үшін де ауыр кезең болды. Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы қаржыландыру мен дайындық инфрақұрылымы жойылды. Белгісіздік, материалдық қиындықтар, кәсіби қолдаудың әлсіреуі көптеген спортшының жолын тоқтатты. Бірақ Владимир Смирнов бұл сыннан мойымай өтті. Ол өз мүмкіндігін сақтап қалу үшін батыл шешім қабылдап, кәсіби даярлығын жалғастыру мақсатында Швецияға аттанды. Швециядағы дайындық кезеңі оның спорттық тағдырындағы шешуші белеске айналды. Смирнов жеке бағдарлама бойынша жұмыс істеп, заманауи әдістемелер мен төзімділікке негізделген жаттығуларды меңгерді. Ол тек физикалық дайындығын емес, тактикалық ойлауын да жетілдірді. Өз-өзіне деген сенім мен тәртіпті бірінші орынға қойған бұл кезең кейін үлкен жеңістің негізін қалады. Бұл таңдаудың дұрыстығы 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында толық дәлелденді.

Үлкен спорттан кейін Владимир Смирнов ел спортының дамуына өзге қырынан үлес қоса бастады. Ол жинаған мол тәжірибесін басқару саласына бағыттап, Қазақстандағы қысқы спорт түрлерін жүйелі дамытуға атсалысты. Әр жылдары Қазақстан биатлон федерациясының президенті қызметін атқарып, дайындық жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды нығайту және халықаралық байланыстарды кеңейтуге күш салды. Сонымен қатар, ол кәсіби спорт құрылымдарында жетекшілік қызметтер атқарып, кадр даярлау мен басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Олимпиадалық тәжірибесі мен халықаралық беделі шешім қабылдауда нақты өлшемге айналып, қазақстандық спорттың институционалдық тұрғыда орнығуына серпін берді. Смирновтың бұл кезеңдегі еңбегі – жеңістен кейін де жауапкершілікті мойнына алып, ел спортының тұрақты дамуына қызмет етудің үлгісі болды.