Әлемді жақсылық баурайды: Ақмолалық ананың балаға риясыз көңілі

Фото: Inst:Blog Erzhana
Кейде алдымыздан беймезгіл уақытта жағымсыз сәттер шығып қалуы мүмкін. Мысалы, біреудің үстіне кофе төгіп алу, бастығыңнан ұрыс есту. Оны бізге «сынақ» ретінде береді. Алайда екінің бірі оны «өмірімнің бәрі сәтсіздікке толы, мына өмірді жамандық билейді» деп қабылдайды. Шын мәнінде, мүлде олай емес. «Адам не ексе, соны орады» демекші, өміріңдегі әр сәтті қалай қарсы алсаң, дәл сондай тәжірибе аласың.
Өмірге басқа қырмен қарау-өміріңді жаңа парақтан бастау. Көшедегі кішкентай бүлдіршіннің гүл жұлып әкелуі, дүкендегі сатушының күлімсіреп қарауы, өтіп бара жатқан адамның күніне сәттілік тілеу. Жаман ойға батамыз деп, айналамыздағы жақсылықтарды байқамаймыз. Бүгінгі күннің негізгі тақырыбы да сол-жақсылықтың өмірдегі орны.
Әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жанды жылытқан тұлға, Ақмола облысының тумасы – Кусайынова Гульдерай апайымыз. Қарапайым гардеробшы – күз, қыс, көктем айларында мектетте оқушылардың сырт киімдерін ілетін апайдың өз емес, өзге балаларға жанашырлық танытқан өнегелі ісі. Апай күртешелері жерге түсіп, ластанып қалатын оқушылар үшін бос уақытында гардеробтағы үстелге отырып, ілгіштерін тігіп береді.
Желіденгі видеода «Апай, не істеп жатсыз?» деген сұраққа «Балалардың көбісінде ілгіштері жоқ. Күртешелері жерге тиіп тұрады. Үзіліп қалғандарын тігіп беріп отырмын. Өзімнің немерелерім сияқты балалар ғой. Аналарының қолы тимей, содан тігіп беремін. Қолымнан келгенше көмектесейін дедім, бәрін жақсы көремін», — деп жауап берді Кусайынова Гульдерай. Мектептің 500-ге жуық оқушысын туған немересіндей жақсы көрген апайдың қарапайымдылық пен жүрегінің жылулығы экран арқылы аудиторияға лезде сезілді.
Видеоны жариялаған қызы Гульзира Сейдахметованың айтуынша: «Анамыз 65-те, өмір бойы еңбектенді, қазірдің өзінде бос отыра алмайды. Сондықтан жақын маңайдағы мектепке орналасты. Осы жерде гардеробшы болып жұмыс істейді, балаларға көмектеседі. Күртелерін тігіп, жөндеп береді. Ал тігін заттарын өзімен бірге алып, осы жұмысты кішігірім хоббиіне айналдырып алған. Анамыз осындай еңбекқор».
Әріптестерінің айтуынша, Г.Кусайынова үзілген ілгек немесе күртешені көрсе, ешқашан қарап өтпейді. Ол үшін бұл жұмыс емес, нағыз қамқорлық пен сүйіспеншілік.
Мектептің шулы дәлізі. Сабаққа кешігіп бара жатқан жерден гардеробқа асыға кіресің. Күртеңді шешіп, сөмкеңді арқалаған кезде алдыңнан жылы жүзді, сені немересіндей жақсы көретін апайың шыққанда, күніңнің сәтті өтетіні жайлы сол кезден-ақ түсінетіндейсің. Ал сабақтан шығып, үйге қайтуға бел буғанда күртеңнің ілгіші тігіліп тұрғанын көресің. Кішігірім нәрсе секілді, бірақ балаға деген риясыз махаббаттың көрінісі!
Өмірдің мәні де осында. Байқалмай жасалатын жақсылықтар әрқашан жоғары бағаланады. Гүлдерай әжеміздей адамдар әлемде көп болса, адалдық пен жақсылыққа негізделген қоғам құра аламыз. Кішігірім іс болса да, келесіде балалардың
күртелері ластанбайтын болады. Халқыма үлгі болған жанашыл қариямыз әлемге әйгілі болуы керек.
Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының» 10 «Б» сынып оқушысы.
Жетекшісі: Көздіғарина Рита,
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы.
Қолданылған дереккөздер:
Inst: Nayza_kokshe





