Ауыл баласы Лондонда ғарыш компаниясын басқарады

Алыстағы Нарынқолдың тумасы Сапар Сатаев бүгінде ғарыш саласының іскер маманына айналып, шетелде басшылық қызмет атқарып жүр деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

HEAD Aerospace Group халықаралық компаниясының коммерциялық директоры болып істейтін ол еңбек жолының басында атақты Airbus тарапымен бірлесе, Орталық Азияда алғаш рет Жерді қашықтан зондтауға арналған екі жерсерікті жасауға атсалысқан.

Сапардың өзі Алматы облысы Нарынқол ауылындағы балалық шағын, басын мұз шалған таудың баурайындағы алаңсыз дәуренді сағына еске алады. Ата-әжесінің тәрбиесінің алғанын айтқан мақала кейіпкері, салт-дәстүрге құрметпен қарағанын, ата-анасының сапалы білім алуға жағдай жасағанын айтады. Осы мақсатта 13 жасында қалаға көшкен.

«Өзіме жақсы оқу керектігі жайлы мақсат қойып, қаладағы қатарластарымнан қалып қоймау үшін үйде кітап оқу мен математиканы зерделеуден бас алмайтынмын», — деген ол көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев пен қырғыз халқының мақтанышы Шыңғыс Айтматовты сүйіп оқығанын келтіреді.

Осылайша Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы Байқоңырдан зымыранның ұшырылуы кейіпкеріміздің жүрегінде ғарышқа ұмтылыс шоғын маздатқан.

Сапар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университі физика факультетінде бакалавр дәрежесін оқып жүргенде ғылыммен айналысқан. Содан соң Италияда гуманитарлық бағытта көкжиегін кеңейткен, ақыры Астанаға оралғанда Ұлттық ғарыш орталығының осы елмен ынтымақтастығын өркендетуге үлес қосқанын және де қаржы мамандығын игеруге үлгергенін тілге тиек етеді. Германияның Мюнхен қаласында инновациялық-технологиялық компанияларға венчурлік инвестициялауды үйренгені де өз алдында бір белес екені даусыз. Өмір бойы білім алудан жалықпаған Сапар пандемия кезінде HEAD Aerospace Group компаниясынан ұсыныс алған.

«Бұл – бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан халықаралық жеке компания. …Басты үш бағытта жұмыс істейміз – шағын жерсеріктерді жасау мен басқару, қытай жерсеріктерінен түскен деректерді коммерциялизациялау және Батыс елдерінің ғарыш технологиясын Қытайға импорттап, қытайлық технологияларды өзге елдерге экспорттау», — деді ғарыш маманы.

Сапар «Қазақстанға оралуды жоспарлап отырсыз ба, деген сауалға» да жауап бере кеткен.

«Әрине, мен ораламын. Біз шетелде уақытша жүрміз және менің елден біржола қоныс аудару жоспарым жоқ. Мен елімізде бейбітшілік, тыныштық және достық болғанын, мемлекеттеріміздің дамығанын қалаймын. Мен қайтып оралып, өз елім үшін, өз халқымның игілігі үшін жұмысты жалғастырғым келеді. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Менің ойымша, егер жастар шетелге кетіп, Отанын дамыту үшін оралмаса, онда оны басқа ешкім істемейді»,- дейді ол.