Ұлт ұстазы
Ахмет Байтұрсынұлы:
«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту
ісін түзетуден бастауымыз керек».
Зейнолла Қабдолов,
академик, Халық жазушысы
«…Біз бүгін Ахаңның “Әдебиет танытқышын” Аристотель “Поэтикасымен”
салыстырар едік. Мұның мәнісі — екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ
әдебиетінің алғашқы әліпбилері”. Асылы, үздік қасиеттер бір — бірінен
неғұрлым ерекше болса, бір — біріне солғұрлым ұқсас болады”.
Қазақ тілінің негізін қалаушы
Ахмет Байтұрсынұлыың туғанына 150 жыл толуына орай ұлт ұстазы туралы жазылған дүниелер мен қазақ әліппесінің негізін салғаны, жеке шығармашылығы жайлы деректерді жинап, ұсынғанды жөн көрдім.
Қоғам қайраткері туралы айтқанымызда, Алаш ардақтыларының есімін атамай кету мүмкін емес. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы мен Мұхамеджан Тынысбайұлының есімдері біздің жас өрендеріміздің жадында сақталуы тиіс. Сондықтан, аталған тұлғалар туралы ұстаз болғандықтан, өз сабағымда үнемі қайталауға уақыт табамын. Алаш ардақтыларының әр сөзі, ғибратты ғұмыры – бүгінде, болашақта да өлмек емес.
Қоғам қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы Қазревком мүшесі бола жүріп, Қазақстан мен Ресей шекарасының қалыптасуына, қазақ жерінің болашақ тұтастығына зор еңбек сіңірді. Фолклортанушы.Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастыруда Ахмет Байтұрсынұлы үлкен еңбек сіңірді. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Қазақ эпосы «Ер Сайынды» алғаш түсініктерімен дайындап, 1923 жылы Мәскеуде шығарса, 1926 жылы жоқтау жырларды жинақтап «Жиырма үш жоқтау» деген атпен жариялады.Абайтанушы. Абай шығармашылығының мазмұны мен идеясына,поэтикалық қуатына алғаш ден қойып, шығармашылығын насихаттаушылардың бірі. 1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақала жариялады. Аудармашы. Орыс классиктері шығармаларын қазақ тіліне шебер аударып «Қырық мысал» деген атпен бастырды. А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы», И.И.Хемницердің «Ат пен есек» шығармаларын, сондай-ақ С.Я.Надсонның өлеңдерін аударып қазақ оқырмандарына ұсынды.Түркітанушы. Түркология ғылымының негізін салушы белгілі ғалымдармен араласып, пікірлестікте болумен қатар, түркітануға қатысты еңбектер жазып, түркі халықтарының өзара тілдік бірлігін нығайтуды көздеді. 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық бірінші съезіне қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы «түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасайды.Әдебиеттанушы ғалым. Қазақ әдебиеттану ғылымының теориясын жүйелеп, терминологиясын қалыптастырды. Жаңашыл ғалымның «Әдебиет танытқыш» еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымының ары қарайғы дамуына негіз болды.
Ахмет Байтұрсынұлы – лингвист-ғалым. Қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, терминологиясы жайында жан-жақты жүйеленген еңбектер жазды. «Тіл-құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби» қатарлы оқулықтар құрастырды. Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған жаңа әліпби мен лингвистикалық еңбектер қазіргі әдеби нормаланған қазақ тілінің негізі болды.Журналист. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында шығып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени бағыттағы «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы. «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының рухани өміріне зор әсер етті. Ұстаз, оқытушы. Орынбордан 1895 жылы мұғалімдер емктебін бітірген соң Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады. Кейіннен оқу орындарында профессор ғылыми дәрежесімен сабақ берген Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор мен Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Мәдениет тарихы» пәндерінен сабақ берген.Ақын-жазушы. Көркем әдеби туынды жазумен шұғылданған Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты шығармалар жинағы 1911 жарық көрген.Әуесқой фотограф. Ахмет Байтұрсынұлы фотокамера қолға алып, өмірдің алуан сәттерін түсіруді жақсы көрген екен.Саяси күрескер. Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылғы «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі болған. Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік қызметке де араласқан. Ең үлкен лауазымды қызметі – Қазақ АССР Білім комиссариатының төрағасы.
Қорытынды: Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында ғана емес, алаш ардақтысына айналған тұлғаның нақыл сөздері, өмірі мен шығармашылығы, жазған дүниелері бізге рузани мұра деп бағалаймыз. Бір өзінде көптеген қабілет жиналған, бірнеше жұмысты қатар атқарған қайраткерлігі мен ұстаздығы жайында қаншама ғалымдар, тарихшылар қалам тербеген. Оның әлі де зерттелмеген дүниелері бары анық. Оны жалғастыру – жаңа ғасыр ұстаздары тәрбиелеп, білім беріп келе жатқан жас ұрпақтың болашақтағы еншісі деп білеміз.
УТАҒАНОВА Феруза Бердимуратовна,
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы,
Т.Рысқұлов мектеп – лицей тарих пәнінің
мұғалімі.