«Ақындық тылсым дүние»
«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»
М.Мақатаев
Ақындар өз өмірлерін өздері жазады. Өмір мәні ұзақ жасаумен өлшенбейді. Ал, ақындық — Алланың сыйы. Мұқағали өлеңді таңдаған жоқ. Өлең Мұқағалиды таңдаған. Ол өлеңді өмір сүру үшін жазған жоқ. Өлең жазу үшін өмір сүрді. Қазақтың қара өлеңінің киесі Мұқағалиға қонған. Демек, құдіретті ақынның сыршыл лирикасы мәңгі халық жадында сақтала берері сөзсіз. Мұқағали мұрасы мәңгілік.Мұқағали мұрасын насихаттау өскелең ұрпақтың басты міндеті.
Осы орайда Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ақтөбе гуманитарлық колледжі бірлесе ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мен сені сағынғанда…» атты жыр керуенін ұйымдастырды. Биыл Ақтөбе гуманитарлық колледжіне 100 жыл толып отыр. Осы мерейтой қарсаңында ауқымды іс-шаралар легі басталды. Өткізілген жыр керуенінің басты мақсаты — өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыра отырып, сыршыл лирикаға деген қызығушылығын арттыру болып саналады.
Іс-шара барысында ақын өлеңдері оқылды. Жыр керуені Мұқағалидің өз дауысы жазылған аудиожазбамен басталып, арнайы сахналанған мюзиклмен жалғасты. Ақын шығармашылығынан көрініс көрсетілді. «Есіңе мені алғайсың», «Сен менің жанарымның ішіндесің», «Мен деп ойла» және т.б. көптеген белгілі әндерінен попурри орындалды. Мұқағали мен Фаризаның ақындық қабілетінен сыр шертетін ерекше монологтар оқылды.
Мұқағалидің рөлін – Жеңіс Ормантаев, Бақберген Қабдуахитов сомдаса, Фариза рөлінде –Жанар Таспағамбетова, Фариза мен Мұқағали рөлінде Әділжан Тұрдақынов, Есімжан Чапайұлы, Сандуғаш Оспанқызы, Күнсая Дәуленбаева, Диана Ешбағамбетова сомдап шықты. Музыка қоюшылар-Айсұлтан Құспанов, Жарқын Бекзат, Бекзат Бақытжанұлы, Мейрамгүл Ерішова, Өтеген Сисенғалиев және өзге де рөлдерде Ақтоты Жұбатқанова, Сымбат Утегенова, Ляззат Ниязбекова, Махаббат Кенжебаева, Аяжан Жусупова, Дарина Изимова, Диана Балмуканова, Мейрамгүл Ерішова, Зарина Маратова және т.б. мәдениет және саз бөлімінің студенттері Мұқағали мұрасынан сыр шертетін ерекше сахналық көріністер көрсетіп, белсенділік танытты. Мәдениет және саз бөлімінің меңгерушісі Шумакова Шолпан Ахметқызы алдағы уақытта да ақын мұралары насихатталып, колледждің 100 жылдығы қарсаңында ауқымды іс-шаралардың көптеп өткізілетінін жеткізді.Осы іс-шараға студенттерді арнайы дайындаған Шолпан Ахметқызы жастардың өнер мен әдебиетке деген құрметін зор бағалады. Жыр керуенін қорытындылаған кітапхана директоры Раймбаева Құралай Серікқызы белсенділік танытқан жастарға алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
«Мұқағали мұрасы мәңгілік» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Ақмарал Сайлауқызы библиографиялық шолу жасап, ақынның өлмес мұрасынан сыр шертетін қызықты деректер айтты.
Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды. Ал, өз кезегінде Мұқағалидің дарынын алғаш таныған ақын Әбділда Тәжібаев еді. Ақын қай тақырыпта жазса да, жан-жүрегімен тебіреніп, ақындық шабытпен, суреткерлік шеберлікпен жеткізе жазады.
Мұқағали ауруға шалдығып, өмірінің аз бөлігі қалғанын дәрігерлерден біліп алады. Содан бар мүмкіндігін өлең жазуға арнап, 1964-1976 ж. сегіз жыр жинағы жарық көрді. Ақынның барлық тағдыры өзінің өлеңдерінде шынайы көрініс береді. Оның «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма?!» деген өлеңі ауруға шалдыққан жылдары жазылған. Соған қарамастан, мұзбалақ ақын күллі қазаққа өшпестей мол мұра қалдырды. Жалпы Мұқағали 1000-нан астам өлең жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек», «Моцарт» Жан азасы» тәрізді бірқатар поэма-толғаулар, пьесалар, көркем аудармалар қалдырды.Сонымен қатар,ақынның «Есіңе мені алғайсың», «Сен менің жанарымның ішіндесің», «Күрең күз», «Мен деп ойла», «Жалаң аяқ қыз», «Қайран жеңгем», «Саржайлау» т.б. көптеген белгілі әндері бар.
Қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Біз Мұқағалиді ұмытқан жоқпыз. Ұмыта да алмаймыз. Оның жыры қазақ өлкесін бір асқарға – дара Алатауға айналдырғандай.
МҰҚАШЕВА АҚМАРАЛ
Сақтаған Бәйішев атындағы
Ақтөбе облыстықәмбебап ғылыми кітапханасының
қызметкері