Қазақстанға Халықаралық ат спорты федерациясының президенті келді
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Президенті Ингмар Де Вос Қазақстан Республикасына сапармен келді.
Ингмар Де Вос өңірде ат спортын дамыту мәселелерін талқылау мақсатында алғаш рет Орталық Азия елдеріне келді. Сапар барысында Де Вос мырза Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясының президенті Берік Имашевпен, Республиканың Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығымен, Ұлттық паралимпиадалық комитеттің басшылығымен кездесулер өткізді.
Сондай-ақ, Де Вос мырза еліміздің ат спорты инфрақұрылымымен танысып, Алматы мен Алматы облысының бірқатар Ат-спорттық клубтарын аралады.
Сонымен қатар, Халықаралық ат спорты федерациясының президенті жас жылқылар арасындағы Қазақстан Республикасы Чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Халықаралық ат спорты федерациясының президенті Ингмар Де Вос сапарының бағдарламасы бес жарым мың жыл бұрын алғаш рет жылқы қолға алынған Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Ингмар Де Вос 2014 жылы FEI Президенті болып сайланды, 2018 жылы қайта сайланды. Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі болып табылады, 2018 жылы Халықаралық спорт федерациялары Бүкіләлемдік қауымдастығының кеңесіне тағайындалды, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің құрамына кірді.
Қазақстан ат спортының бай тарихы бар. 1960 жылы спортшы Сергей Филатов ат спорты бойынша бірінші кеңестік Олимпиада чемпионы атанды.
Қазақстанда тұңғыш ат спорты мектебі 1956 жылы ашылды. Қазақстандық шабандоздар бірнеше рет Азия чемпионаттарының, әлем кубогы кезеңдерінің және Ат спорты бойынша ҚР аумағында және одан тыс жерлерде халықаралық турнирлердің жүлдегерлері болды.
Сондай-ақ, FEI делегациясының құрамында федерацияның президенті Марина Сечина бастаған Ресей ат спорты Федерациясының делегациясы болды. Қазақстан мен Ресей ат спорты федерациялары арасында өңірде ат спортын дамыту және қолдау мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.