Бастауышта математика сабағына қызығушылық – ойындарға оқушыны белсенді қатыстыру арқылы артады
Бар білімнің негізі бастауышта қаланады. Жоғары сыныпта және орта, жоғары білім ордаларында оқытылатын пәндердің барлығының әліппесі оқушылардың зердесіне бастауыш сыныпта оқып жүргенде қона бастайды. Сол себепті, бастауыш сынып мұғалімдеріне басқа пән мұғалімдеріне қарағанда жүктелетін жауапкершілік жоғары екені айтпаса да түсінікті. Мен ұстаз ретінде бала оқыта бастаған сәттен жауапкершілікті сезіне бастадым. Бастауыш сыныпта білім алу бір бөлек те, ұстаз болып бала оқыту мүлде бөлек екенін ұқтым. Шәкірттердің бастауыш сыныпқа келген күннен бастап, оның сыныпта өзін тұлға, достыққа адал, сабаққа алғыр, білім анасы «Әліппені» қолына салған сәттен білімге ұмтылуға дағдыландыру – мұғалімнің міндеті. Бірінші сыныптан бастап әрбір шәкірттің білімге құштарлығын ояту, олармен әңгімелесу, ойын ойнау – бүгінгінің баласы үшін қиындыққа соқпайды. Алайда соған қарамастан, отбасында баланы қадағалау ата – ананың айнымас міндеттерінің бірі. Сондықтан, бастауыш сыныптың ұстазы ата – анамен, ата – ана ұстазбен ең жақын достардай араласып кетуі керек.
Ата – ана тарапынан мұғалімге көңілі толмаушылығы, ұстаз ретінде ұнатпай қалатын кездерін жасырып ұстаған жөн. Ұл – қызының көзінше күнде өзіне білім беретін ұстазы туралы көңілсіз айтылған әңгімелер балаға өте қатты әсер етеді. Отбасындағы осындай баланың көзінше айтылған әңгімелерден кейін сыныпқа кірген оқушы ұстазын көргенде, жақтырмай, сабақта тыныш отырмау, ұстазды тыңдамай сыныптан шығып кету, немесе қасындағы балаларға маза бермеу секілді әркеттер жасайтынын байқамау мүмкін емес. Бұл дегеніңіз, оқушының санасында ұстазына деген өкпе – ренжіш туындап, ата – анасының сөзі жүйкесіне тиетінін де өмірден байқадық. Өзім бала оқытқан кезден бастап, бүгінге дейін сыныбымда қиын жағдай кездеспеді. Әрине, ата – ана тарапынан ұсыныс, пікірдің болуы – заңдылық. Кері байланыс болмаса, ұстаз да жаңашылдыққа ұмтыла алмай, бір орында туралап қалады.
Ұстаз ретінде сыныптағы оқушылардың ата – анасының айтқан ұсыныстары, талабы – сыныптағы оқушыларды толық танып, олармен қалай әңгімелесіп, тапсырма беру қажеттігін көрсетеді. Себебі, бала қабілетін танып – біліп, соған орай тақырыпты жеңілдетіп, күрделендіріп өткізуге мүмкіндік береді. Әрі тапсырмаларды қабілетіне қарай беріп, орындауға қызықтыра білуге түрлі ойын элементтерін қолдануға болатынын анықтай алады. Бастауыштың 1 – сыныбынан оқушыларды қабілетіне қарай таңдап, 4 сыныпты бітіріп, орта буынға өткенше әр оқушыны жеке – жеке оқытуға тура келеді. Оқушылар бастауыштағы барлық сабақты сапалы әрі терең меңгеруі үшін айталық, ән сабағы, дене шынықтыру, басқа пән мұғалімдерімен үнемі бірлесе жұмыс істеп келеміз.
Математика пәнін күрделі пәндер қатарынан санаймыз. Соған қарамастан, математиканы барлық оқушының меңгеріп алуы үшін түрлі әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы оқушыларға тез ұқтыруға ұмтыламын. Бастауыш сынып баласы үшін математика бұл – ойын. Түрлі ойындар арқылы санға, санауға, сандардың қосындысын шығаруға үйретіп келемін. Шығарған есептерінің дұрысын айтып, мақтап, қате тұстарын көрсетіп отырамын. Бұл ретте ойнаса да, есептердің жиынтығын қате шығарған балалардың есімін атап, құрбыларының көзінше қатесін айтып, бетіне басу – оқушының жеке басын көпшіліктің көзінше кемсіту болып саналады. Сол себепті, мақтауды да, кемшілікті де жалпылама айтамын. Сабақ аяқталар сәтте «Ойынға белсенді қатысқан кім? Бүгін сабақта кім көп білетінін көрсетті? Кімге қандай баға қоямыз?» — деп оқушыларымның өздерінен сұраймын.
Математикадан өткізілген бірнеше тақырыпқа тоқтала кетейін. «5-ке көбейту кестесі». Мақсаты 2.1.2.4.** 2, 3, 4, 5 сандарына көбейту кестесін құру,білу және қолдану. 2.1.1.5 50-ге дейін 3, 4, 5-тен топтап тура және кері санау, жұп/тақ сандарды ажырату/заттар тобын 6, 7,8, 9-дан тең бөліктерге бөлуді көрсету. Психологиялық ахуал: Білім алушыларға айна беріледі. Білім алушы айнаға қарап өзінің бір жақсы қасиетін айтады.
2.Өткен сабақты пысықтауда Саққұлақ әдісін қолдандым.
Бір оқушы Саққұлақ болады. Сыныптағы білім алушылар 4-ке көбейту кестесін сұрайды. Егер Саққұлақ дұрыс жауап берсе, сұрақ қойған білім алушы оң жағына, дұрыс жауап бермесе сол жағына тұрады. Бағалау 10 баллдық жүйемен жүргізілді. Бал алған білім алушы домбыра тиегін жылжытып отырады. «Шыбын ұрғыш әдісі».
Бекіту. «Күн мен түн» ойыны арқылы өтті. Мұғалім түн дегенде білім алушылар партаға басын қойып жатады. Мұғалім мысал оқиды. Мысалы 5*3 Мұғалім білім алушылардың жанына келіп жауабын сұрайды. Дұрыс жауап берген білім алушының жанына келгенде күн деп сол білім алушыға балл беріледі. «Қолшатыр» ойны да оқушыларға қызық. Қол шатырдан тамған тамшыларды көбейтіп, оның болады санын шығарады.
Берілген тапсырмаға сәйкес сабақта ойынға оқушылардың барлығын қатыстыра отырып, олардың алған математикалық білімін өмірде қолдана білуге үйретуге көп көңіл бьөлемін. Бастауышта алған білімін әр оқушы одан әрі орта және жоғары сыныпта көрсете алады. Яғни, бастауышта алған білімін одан әрі тереңдете түседі. Математикалық ойындарды пайдаланып, оқушылардың белсенділігін арттырып, қызығушылығын оятуға тырысамын. Көбейту кестесін жадына мықты сақтаған оқушының қабілеті көптеген есептерді ойша шығару деңгейіне жете алады. Қабылетті оқушылар ментальды математиканы да тез меңгеріп алатыны осыдан. Бастауыш сынып оқушыларына математикадан ойындарды пайдалану арқылы олардың логикалық ойлау қабілеті дамтды. Ойын математикалық тұрғыда бейнелей алуға машықтанады. Әлем – математикалық бейнелерден тұрады.
Математика пәнінің мұғалімі өз білімі деңгейінде ғана қалмай, біліктілілігін ұдайы арттырып, сабақ беруде жаңа технологиялар жетістіктерін пайдаланып, оны оқушының игеруіне мүмкіндік жасайды. Математикалық білімімді жоғарылату мақсатында шеберлік сабақтарын, ашық сабақтар, тәрбие сағаттарын жиі өткізудемін. Оқушылардың ұжымдық топтасуын, ұжым болып қиын жағдайдан шығу жолдарын, қиын сәтте бір – біріне көмектесу, қол ұшын беру, достықты бағалау, құрметтеуді сабақ барысында қалыптастыруға тырысамын. Оқушының математиканы тез меңгеріп кетуіне ұмтылуы – ұстазға байланысты. Сабақты түсіндіріп болған соң, міндетті түрде оқушылармен кері байланыс орнатамын. Сол кезде шәкірттерімнің пікірлерін тыңдай отыра, өткізген тақырыпты ұққан, ұқпағанын білемін. Соған байланысты сабақ өткізу әдісін түрлендіріп, жаңаша өткізіп келемін.
Итальян философы, математик, физик, механик және астроном, табиғаттану ғылымдарының негізін салушы, өз заманындағы ғылымға өте қатты әсер еткен Галилео Галилей «Әлем математика тілімен бейнеленген» — деп айтып кеткен. Мақсатым, шәкірттерім мектеп бітіргенше менің математика пәнінен берген білімімді одан әрі жақсы оқып, болашақта өз мамандықтарын дамытуға, сол арқылы еліміздің экономикасын дамытудың қай саласына жұмысқа орналасқанда одан әрі машықтанып, ой – армандарына жетуіне тілектеспін. Жылдар жылжыған сайын бастауышты орта буынға шығарып салып, жаңадан бірінші сынып оқушыларын қабылдап, оларға білім негізі зердесіне қалануына бар күш – жігерімді жұмсай беремін.
ҚАЙЫНБЕКОВА Қарлығаш Оспановна,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
«Еңбек орта мектебі – Өрнек бастауыш мектебімен»
КММ бастауыш сынып мұғалімі