«Тіл- тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз»
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жадымызға қадап қалдырған тілі жоғалмайтын ұлт болу үшін бүгінгі жас ұрпақты отбасында ата-ана, мектепте – ұстаз, қоғам болып тәрбиелеуде нендей іс атқарып жатырмыз? Ұлтымыздың тілін сақтап, оны құрметтеу туралы Мемлекетіміздің «Тіл туралы» Заңын басшылыққа алып, барымызды салып айтып келеміз. Әлі де қазақ тіліне қырын қарайтын жайттардың куәсіміз. Қазақ ғұламаларының даналық сөздерін балалар мен жасөспірімдерге жаттатқызып, санасына зерделеудеміз. Нәтиже жоқ емес. Жүрегі «Елім!» — деп соғып, ана тілін қастерлейтін ұрпақтың легі өсуде деп қуанамыз.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сол мемлекетте кіндік қаны тамған әр ұлт қазақ тілінде сөйлеп, салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, ортақ шаңырағымызды гүлдендіруге бар ынта-ықыласын жұмсап, игі істердің жанашыры болған ғибратты дүниелерді Қазақстан халықтары Ассамблеясының жұмысынан білеміз. Ұлт пен ұлыс жұдырықтай жұмылып, ел ертеңі – жаңа буын ұрпақ тәрбиелеу жолында тату-тәтті өмір сүріп, ынтымағы жараса еңбек етуде. Осы тұста «Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» ұлт өкілдерінің ана тілімізде сөйлегенін көріп, сүйсінесің. Қазақстанда жүрген шетел азаматтарының қазақ тілінде сөйлеп, ән салғанын, ұлттық аспабымыз домбыраның құлағында ойнағанын көргенде ана тіліміздің құдіретін сезінеміз.
Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы №15 — гимназияға арнайы шақыру алып келіп, «Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» — атты Тіл мерекесіне арналған шараның басталуын күтіп отырып, айтқан пікірлеріміздің түйінін қойдық.
Мектеп – білімнің қайнар бұлағы ғана емес, шәкірттерін сол бұлақтан сусындататын ұстаздар шеберліктерін шыңдайтын орта. Сахнаға шыққан оқушылар гимназия туралы қысқаша баяндап өтіп, ана тіліміз туралы ойшылдарымыздың айтқан даналық сөздеріне тоқталды. Қазақтың бес арысының образында ортаға шыққан оқушылар:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл, — деген Шәкәрім Құдайбердіұлының, тіл туралы айшықты ойларын қалдырған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтың даналық сөздерін айтып, жиналғандарға ой салды. Дарынды ұлдардың бес арыс образына айналып сахнада жүрегі езіле болашақтың рухты жастарына өсиет айтқан сөздері әсерлі болғанын соғылған ду шапалақтан аңғардық. Ролде: 11 «Б» сынып оқушылары — Қалдаш Нұрасыл мен Тілекұлы Ескендір, 11 «Ә» сыныбынан Қайреден Димаш, Аманжол Еділ, 9 «В» сынып оқушысы Әділ Алихан алаш ардақтыларының образын дәл келтіргеніне риза болдық.
Үкілі домбыраларын қолға алып, ортаға шыққан 10 «А» сыныбының оқушысы Сейтхан Әрсен, Арманұлы Әди, 9 «А» және «Ә» сыныбынан Сәрсен Ұлжан, Сәрсен Балжан, Адай Әбілмансұр, 8 «Б Берікұлы Мансұрдың күйін сүйсіне тыңдадық. 9 «В» мен 11 «А» сыныптарының ұлдары Сұлтанбек Әли, Сайдали Рауан, Адайымхан Нұрасыл мен Молдашев Рамир ән шырқады. Ұлттық киім киген 6 — сынып оқушылары хормен ән шырқады. Ана тілімізді құрметтеудің үлгісіне арналған мерекелік шара гимназияның өнерлі оқушыларының орындауында «Жаса, қазақ тілі!» әнімен аяқталды.
Гимназия шәкірттерін қазақ, орыс, ағылшын және француз тілінде оқытады. Сахнаға шыққан оқушылар төрт тілде еркін сөйлеп, ой-пікірлерін айтып өтті. Тіл туралы қанатты сөздер оқитын оқушылар: 9 «А» мен 8 «Б» сыныбының қыздары — Аманжол Ботагөз Болат Балымзере Жусупова Томирис Уалхан Томирис Сатбекова Алуа, Дубек Нұрқыз Нұрқасым Муслима Курмангажиева Аяна Тлеутай Адина Қайреден Айару Тіл туралы қанатты сөздерді айтса, 9Б Қабақбай Бибіжан, Айтқожа Балым (9 «Б»), Адильбек Сабрина (10 «Д»), Мырзағали Айғаным, Мамреева Айсұлу (10 «А»), 9Ә Кульжаханова Атия (9 «Ә»), Асылбек Диана (10 «В») үш тілде жасаған презентациясына қысқаша тоқталды.
Қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат орденінің” және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері ОСМАН Асылы Әлиқызы, А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхананың жетекшісі ҚҰРАМЫСОВА Толқын Алижанқызы, Тіл мерекесіне арнайы келген ұйғыр және курд халықтарының өкілдері сөз сөйлеп, әсерлі ойларымен бөлісті.
Гимназияны он сегіз жылдан бері білімі мен кәсіби біліктілігін менеджерлік бағытқа жұмсап, білім мекемесін Алматыдағы іргелі мектептер қатарына қосқан директор ОСПАНБЕК Бұлбұл Расбекқызы мерекелік шараны қорытындылап, ойын ортаға салды. Тіл мерекесіне келген қонақтарға өзінің тәжірибесін зерделеп жазған «Тау өзені» кітабын сыйға тартты. Мерекелік шараны көпшілік көңілінен шығатындай дәрежеде ұйымдастырған әдістемелік бірлестік жетекшілері Роза Кайырбековна, Кенжегүл Кыпышовна, Карлыгаш Абаевна, Макишева Г.Н., Жамиля Бакторазовна, Дячкова Марина, сценарийін жазған Рахметова Ергулге алғыс айтылды. Жастық жігеріне білімі мен іскерлігі сай жас мұғалімдер Ұлжан Әділғазы, Гүлім Жахан, Гүлбану Душмуратова, Әсел Жамбыл мен Эльмира Жанбаеваның белсенділігін де атап өткен орынды.
Гимназия кітапханасын ұзақ жылдардан бері басқарып, балалар мен жасөспірімдер үшін өткізілетін сантүрлі шаралардың ұйытқысы, ұйымдастырушысы болып, әр істің бел ортасынан табылатын кітапхана меңгерушісі Мыңжасарова Райхан Мұқтарханқызына қонақтар ризашылығын білдірді.
Ж.КУЧУКОВА,
«Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz сайтының бас редакторы