«Табиғат — математика тілімен сөйлейді»
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».
Абай Құнанбайұлы,
(Абайдың «Он сегізінші» қара сөзінен).
— Табиғат — математика тілімен сөйлейді. Бұл тілдің әріптері — дөңгелектер, үшбұрыштар және басқа математикалық фигуралар, -десе Галилео Галилей, Қазақстанның Еңбек Ері, академик Асқар Жұмаділдаев «Қиғаш заң да математикаға қажет», — дейді. Әлемдегі бүкіл адамзат өмір сүріп келе жатқан мемлекеттің негізі, қолданылып келе жатқан тұрмыстық техника түрлері, тұтынатын заттардың барлығы математикаға құрылғанын бүгінгі балалар мен жасөспірімдер жақсы біледі. Соған қарамастан, мектеп оқушыларына математика әліппесінен бастап, математикалық білім беріп, шәкірттердің болашақта осы ғылым төңірегінде еңбек етуге қызықтыру мақсатым деп білемін. Мен жоғары сыныптарға алгебра пәнінен сабақ беремін. Жас өрендердің сабаққа ынтасын бірден арттыру да ұстаздың шеберлігіне, алдындағы әр оқушының қабілетін зерттеуіне байланысты. Бұл ұстазға тәжірибе арқылы, өзінің жеке ізденісінің нәтижесінде келетін дүние. Менің осы жылдар ішінде ұққаным, сабақты дұрыс ұйымдастыру – басты қағиданың бірі.
Математиканың барлық пәндермен байланысы, сол сияқты, математика саласын таңдаған мамандықтың да барлық мамандықтарға қатысы бар екенін ғалымдар өз заманында дәлелдеп қойған. Ұстаз пән арқылы тақырыпты оқушыға дұрыс ұқтырып, қиын дүниені үйрете білсе, сабақтың мақсатына жетеді. Сабақтың тақырыбына қарай, әр мысалды өмірден алып көрсетіп, үйге тапсырманы да соған орай жалғастыруға беремін. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен таныссақ, Түркістандағы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», Тараздағы «Айша бибі», Абай облысы, Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш Баян сұлу» кесенелері де математикаға сүйеніп салынғанын айтады. Кесенеге арнап құйылған кірпіштің математикалық пішінмен қаланғаны, төртбұрыш, үшбұрыш пен өрнектерден салынғанын көреміз.
Еліміздегі тарихи орындары – «Ақыртас» сарай кешені, Жаркент мешіті, Таңбалы тастардағы бейнелерден математикалық пішіндер барын байқаймыз. Бүгінде жаңа технологиялардың дамуының нәтижесінде көрнекіліктерді сабағымда көп пайдаланамын. Аталған тарихи ескерткіштердің түрлі-түсті суреттерін интернеттен алып, оқушыларға интерактивті тақтаға компьютердің көмегімен кең көлемде көрсетемін. Оқушылар да интернетпен жұмыс істеуге машықтанып алған. Үй тапсырмасына байланысты көрнекіліктерді өздері де еркін пайдалана алады. Сол арқылы тарихи кесенелерден, заманауи ғимараттардан математикалық бұрыштарды, шеңберлерді, пішіндерді таба білуі маңызды. Сабақтың тиімді, мазмұнының терең, оқушыларға ұғынықты болып өтуінің өзі мұғалімнің сабақ жоспарына байланысты. Кәсіби деңгейде құрылған жоспар – оқушыларды тиянақтылыққа, уақытты үнемдеп, аз уақыт ішінде ұстаздың түсіндірген есебін зейінмен тыңдап, өзі де көп есепті дұрыс шығаруға ұмтылуға бағыт береді.
Тәжірибелік мақалам математика жайында болғандықтан, арнайы дереккөздеріне сүйене отырып, пәннің тарихына тоқтала кетейін. Математика – біздің заманымызға дейін пайда болған. Самос аралында туған ұлы ғалым Пифагорды математиканың атасы дейді. Пифагор – ежелгі грек математигі, әрі философы. Математиканың ғылым ретіндегі іргесін қалаған алғашқы адам, пифагоршылар мектебін құрған. Натурал сандардың көбейтуге арналған Пифагор кестесінің және Пифагор теоремасының авторы.
Схемада көрсетілген үшбұрыштың c қабырғасы, яки оның ең үлкен қабырғасы үшбұрыштың гипотенузасы деп аталады, ал қалған екі қабырғалары катеттер деп аталады. Гипотенуза тік бұрышқа қарама-қарсы орналасқан.
Пифагор теоремасы 8 сыныпта оқытылады. Бұл ғылымда көп қолданылатың теорема, формула боп табылады. Пифагор теоремасы – геометриялық тік бұрышты үшбұрышты қабырғаларының арасындағы байланысты тұжырымдайтын теоремасы. Пифагор теоремасы қысқаша былай тұжырымдалады: тік бұрышты үшбұрыштың гипотенузасының квадраты катеттері квадратының қосындысына тең.
Пифагор теоремасының формуласы
Гипотенузаның квадраты катеттердің квадраттарының қосындысына тең:
c2 = a2 + b2
Мысалы, тікбұрышты үшбұрыштың бір катеті 3 метрге ал екінші катеті 4 метрге тең болса, гипотенузасы неге тең?
Пифагор теоремасы бойынша, c гипотенузаның квадраты:
c2 = 32 + 42
c2 = 9 + 16
c2 = 25
c = 5
Жауабы: гипотенузаның ұзындығы 5 метр.
Бүгінде Пифагор теоремасы ғылым мен техникада кеңінен қолданылатынын оқушыларға өмірдегі мысалдарды келтіре отырып, дәлелдеу арқылы есепке қабілетін арттырып, қызықтыра білу арқылы болашақ мамандарды дайындауға үлес қосу – еліміздің өркениетін арттыруға қосқан ұстаздық үлесім деп білемін. Себебі, шәкірттерімнің математика – алгебра пәндеріне немқұрайды қарап, әр сабақты зердесіне тоқымай жаттап келіп жауап бергені өздеріне зиян екенін үнемі жадына салып отырамын. Бүгінгі мектеп оқушысы ертеңгі ел үмітін ақтайтын жас маманның өз саласында қателесуге хақы жоқ екенін түсіндіру – ұстаздық парызым санаймын.
БОЛЕГЕНОВА Гаухар Даулетхановна,
Алматы қаласы, №15 гимназияның
математика пәні мұғалімі.
Дереккөздері: «Уикипедия» ашық энцеклопедиясы;
Оқулықтағы Пифагор теоремасы