Ақселеу СЕЙДІМБЕК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан. Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Ол біз барда бізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, баскетбол дегендер бар ғой. Сол сияқты көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз».

    Ат жалын тартып, көкпарда серкесін көмбеге дейін басқаларға бермеген білегінде күші, жүрегінде жалын атқан жас көкпаршылар туралы айтқанымызда, ӘБЕТ Қуанышқа  айрықша тоқталамыз. Көкпар жарысында шеберлік пен ептілік танытып, алға шыға білді. Қатысқан жарыстарға І – орынды қолдан бермей келеді. Ауыл баласы көзін ашқанда көретіні үй жануарлары, жылқы малы екені рас. Сондықтан, есейе келе атқа мінбейтін ұл болмайды. Алайда, олардың барлығы бірдей ат тұяғын дүбірлетіп бәйгеде ат оздырып, көкпарда бақ сынамайтыны тағы рас. Атпен бірге есейген балалардың санаулысы ғана ұлттық ат спортына бейім болады. Мұндай ұлдарды сәби кезінен баулу қажеттігін бапкерлер жиі айтады.

Қуанышты нағыз жылқының бапкері деуге болады. Көкпарға шабатын атын өзі баптайды. Аударыспақ ойындарына қатысады. Асауды үйретеді. Адамды жылқы мінезді дейді, сондықтан болар жылқыны шын ниетімен баптаған жанның бағы жанатыны. Тамыз айының басында басталған Қостанай қаласында өткен көкпардан  ел чемпионатына 2006 -2008 жылы туған жасөспірімдер қатысып, командалары өзара мықтыны анықтады. Ел чемпионатын ҚР Мәдниет және спорт министрлігі, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы және Қостанай облысының әкімдігі ұйымдастырды. Республикамыздың 15 өңірінен келген жас көкпаршылар жарысынан кейін көкпар спортының жаңа да жас буыны қалыптасқанын көрсетті дейді сарапшылар.

—Атын баптап, сайлаған,
Көкпар десе жайнаған.
Сайыпқыран жігіттер,
Белін бекем байлаған.
Жанкүйерлер күш беріп,
Намыстарын қайраған-деген ақын Серік Әкрамұлының өлеңі Қуаныштай жастарға арналса керек. Көкпар — ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойын атауының шығу тегіне байланысты “көк бөрі” немесе «көк бөрте»деген бірнеше нұсқалар бар.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын  спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Қазақстанда  1949 жылы «Көкпар» жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді 1958  жылдан Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді.

Көкпар жарысы туралы қысқаша айтқан Қуаныш ұлттық ат спортынан хабары барын аңғартты. Онымен әңгімеге әжесі Сағымбекова Бүбіш Әбілжанқызы қосылып:    —Қуаныш үш жасында атқа отырды.   Қорықпайтын. Ол кезі бір қызық кез ғой. Бірде үлкендерде атқа отырғызып қоя берген. Жылқы малы желп кете барған. Аттан құлап, емделіп шықтық. Беті қайтып, қайта аттың маңына жоламайтын шығар деп едік, керісінше  ағаларымен бірге аттан түспейтін болды. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» — деген ғой халық даналығы. Біз де Қуанышты қолдап, өзіне жүйрік ат сыйладық. Соны баптап келеді,- немересіне қолдау көрсетті.

 —Қуаныш, биылғы жетістіктерің құтты болсын! Көкпар тартып, атқа міну, жүйрік баптау – кез келген баланың қолынан келмейді. Көкпаршыға қандай қасиет қажет

—Атқа міну қабілеті болуы керек. Күнде қой   жаюға мінетін ат пен көкпар атының айырмашылығы бар. Оған ерекше бап керек. Табандылық қажет. Аттың пірі – Қамбар ата. Сондықтан, төрт түліктің төресі саналады. Атты баптай білген абзал. Маған атқа деген құмарылығымды ағаларым оятты. «Құласаң, қайта тұр. Қайта құласақ, қайта тұр. Аттан құладым деп жатып алма» — деп үйретті.

—Жасың 10-ға толар толмас ат жалынын тартып мініпсің. Кәсіби көкпаршы дәрежесіндесің. Көкпар тартуға ниеттенген барлық бала додаға қатыса ала ма?

—Ниеттенсе, қорықпаса қатыса алады. Жеңіс өздігінен келмейді. Бар уақытыңды сарп етіп, жаттығу қажет. Ең бірініші міндетіміз – сабақтан қалмай, жақсы оқу. Мектеп бітірген соң, қалаған мамандықты игеру үшін кәсіби білім алу. Сабақ арасында әр бала өзінің сүйікті ісімен айналыса білсе, нәтижеге жетеді. Балалар өзінің жаны қалайтын іспен айналысуы керек. Әр бала сүйікті ісін тапса, бар ерік-жігерін соған арнап, қалайда жетістікке жетуге ұмтылады.

—Дұрыс айтасың. Жүйрік ат — жеті қазынаның бірі. Ниеттену бар да, жануарға деген ықыласы, ынтасы болмаса, ат жарытып міне алмайды. Көкпаршы баланың жетістіктері қандай?

—Көкпар жарысына қатысу үшін көп дайындалдым. Жарысқа шебер ойыншылар іріктелініп алынады. Ә дегенде, ауылда өткен көкпар жарысына қатысып, шеберлігімді көрсеттім. Ауыл намысын қорғап, аудандық жарысқа қатыстым. Енді міне, Алматы облысының командасында облысымыздың намысын қорғап, Қостанайда өткен Республикалық жарыста бақ сынадым. Еңбегіміз бағаланды.

—Қай жасқа дейін көкпар тартуға болады? Өзіңнен кейін еріп келе жатқан інілеріңді ат үстінде жаттықтырып жүрсің бе?

—Адамның қызығушылығы болса, жас талғамайды. Қызығушылық танытқан інілерім бар, оларды үйретемін. Мен – Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студентімін. Алдыма қойған мақсатым бар. Арманым – биіктен көріну үшін алға қарай талпыну, іздену, нәтижеге жету. Бапкеріміз Жиенкулов Елдар Секенұлына алғыс білдіремін. Командамызды іргелі жарыстарға қатысуына көп еңбек етуде.

—Қуаныш, әңгімеңе рақмет! Арман-мақсаттарыңның орындалуына тілектеспіз.

                                                                                                               Ж.Кучукова,

«Farabi shakirti»

журналының бас редакторы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *