Ақиқаттың ақ семсері

Қоғамда болып жатқан ахуалдарды байқап, оларды халыққа жеткізетін – журналист. Көп жағдайда журналистті «қоғамның айнасы» деп қабылдаймыз. Яғни ол тек шынайы көріністі көрсетуші және хабарлаушы. Алайда бүгінгі ақпараттық ғасырда журналист тек бейтарап бақылаушы ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, бағыт беруші қуатты күшке айналып отыр. Сондықтан журналистің рөлі «айна» мен «қылыш» арасындағы тік қақпа – ол бір мезетте шындықты көрсетеді және қажет болса, сол шындықты қорғайды.

Бұрын журналистиканың басты ұстанымы – фактіні дәл беру болса, бүгін қоғам тілшіден талдау, позиция, көзқарас, адалдық күтеді. Бірақ дәл осы жерде жауапкершіліктің салмағы артады. Егер журналист белгілі бір топтың мүддесін қорғап кетсе, оның сөзі «қаруға» айналады. Ал ақпаратты бұрмалап, эмоцияға сүйеніп таратса, қоғамды адастыруы мүмкін. Сол себепті, журналист – тек шындықты жеткізуші ғана емес, оның қандай өңдеуде, қандай контекстпен берілетініне де жауапты тұлға.

Бүгінгі медианың тағы бір ерекшелігі – ақпарат ағынының жылдамдығы. Жаңалықты бірінші жариялау үшін асығыстық жиі байқалады. Мұндайда дәлдік екінші орынға ығыстырылып, журналист қателікке бой алдырады. Бұл жағдай халықтың ақпаратқа деген сенімін әлсіретеді. Сол себепті заманауи журналист бірінші кезекте сапа мен этиканы ұстануы тиіс.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер журналистикаға жаңа мүмкіндік ашты: әр пікір, әр материал қоғамда жылдам резонанс тудырады. Бұл бір жағынан жақсы – шындықты жасыру қиындады. Екінші жағынан қауіпті – жалған ақпараттың таралуы да жеңілдеді. Мұндай кеңістікте журналистің кәсібилігі мен ар-ожданы басты өлшемге айналады.

Қорытындылай келе, журналист – қоғамның айнасы да, қажет кезде қылышы да. Бірақ ең маңыздысы – ол ешқашан кез келген мүдденің құралына айналмауы тиіс. Оның басты қаруы – шындық, ал басты міндеті – халықтың сенімін сақтау, ел үмітін ақтау, тек ақиқатты ақтау. Журналист шындықты қорғағанда ғана қоғам дамиды, пікір еркіндігі қалыптасады, әділет салтанат құрады.

ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,

Алматы қаласы, Абай атындағы  РММИ

11 «В» сынып оқушысы,

                                             Жетекшісі: ТӨЛЕУЖАН  Жансая  Санатқызы

Сурет:https://abai.kz/