Ақталу

Маған Тәуелсіз еліміздің тарихы мен мемлекетімізді құруға бір ғұмырын арнаған тұлғалардың өмірі ой салып, деректерді ақтара бастадым. Тәуелсіз мемлекет құрудың алғы легінде жүріп, өзінен кейін өшпестей мұра қалдырған тұлғалардың бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткерлері Тәшенов Жұмабек Ахметұлы мен Өзбекәлі Жәнібеков туралы Санжар Керімбай, Әділбек Нәбидің авторлығымен жарыққа шыққан «Жұмабек және жер майдан» кітабынан таптым. Кітапта айтылған мәліметтерден қысқаша үзінді келтірейін.

«КСРО-ның құйтырқы саясаты, Сталин кезеңіндегі миға қонымсыз жалалар салдарынан жазықсыз жандарға «халық жауы» деген қарғыс таңба басылып, халқы үшін атылған немесе қуғын-сүргінге ұшырағандар аз болған жоқ. Ал қазақ үшін басты міндет  – сол құрбандарды ақтау, олардың рухын азат ету. Бұл — біздің мойнымыздағы аманат.

Жалғыз Жұмабек Тәшеновтің өзі-ақ осы іске белсене кірісіп, 1955-1956 жылдар аралығында 35 853 адамға қатысты 28 631 істі қайта қарауға қол жеткізді. Соның ішінде 2 855 адам толық ақталып, 707 адамға қатысты айыптау баптарына қайта баға берілді, 17 703 адамның жаза мерзімі қысқартылып, 348 адамның жер аудару жазасының күші жойылды.

Алайда барлығын ақтауға  Тәшенов Жұмабек Ахметұлының  ғұмыры да, оған көрсетілген қолдау да жетіспеді. Осы тұлғаның ізін жалғап, Өзбекәлі Жәнібеков те жаппай ақтау ісін бастады. 1988-1991 жылдар аралығында 75 мыңға жуық репрессия құрбаны ақталды. Бірақ Назарбаев Өзбекәлі Жәнібековті өз еркімен зейнетке шығарып салған болатын.

Зейнет жасында болса да, Ө. Жәнібеков репрессия құрбандарын ақтау ісіне араласуын тоқтатпады. Соның нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 146 мыңға жуық адам ақталды» — деп қос тұлғаның халқы үшін бар ғұмырын арнағанын бүгінгі жастар – біздерге тәлім, өнеге ретінде айтады.* Санжар Керімбай, Әділбек Нәби, «Жұмабек және жер майдан» кітабынан:

Биыл Жұмабек Ахметұлының туғанына – 111 жыл болса, қазақ руханиятына, ұлттық мәдениеті мен тарихын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға Өзбекәлі Жәнібекұлына – 95 жыл. Кешегі өткен тұлғалардың есімін жадымызда сақтап, рухына бас ие отыра олардың салып кеткен сара жолын одан әрі жалғастыру – қазақ елінің әрбір жастарының міндеті деп білемін. Сондықтан, тұлғалар туралы терең білгіміз келсе, тарихтың қадасын қадап кеткен бірегей жандардың еңбегін ұмытпағанымыз жөн.

АХМЕТ  Болат  Қанатұлы

Абай Ұлттық  мектебі 11 «В» сынып оқушысы.

Жетекшісі: Мерзоянова Меруерт Өмірсерікқызы

Сурет:https://sputnik.kz/