Ағылшын тілінің жастарға берер мүмкіндіктері
ҚР Конституциясы
7-бап. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi».
Ана тіліміз – еліміздің әр азаматының бойтұмары. Оны ұмытуға болмайды. Тілі ұмытылған халық ежелден келе жатқан тарихын ұмытады. Бүгінгі ұрпақ туған тілін қастерлеп, ешқашан ұмытпайды деп сенемін. Тіл бар жерде өмір бар, өткеніміз бен бүгініміз бар. Болашағымыз ана тілімізбен өркендейді. Ана тіліміз туралы айтқанымызда, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, шетелдіктер қазақша сөйлеп, әнімізді шырқап, қасиетті домбыраның құлағында ойнағанын көргенде, сүйсінесің. Шетелдіктер бар ынтасымен ана тілімізде сөйлеуге ұмтылып, өнерімізді қадірлеп жатқанын көрген біздер – бүгінгі ұрпақ әлем бойынша сөздік қоры ең көп тілімізді құрметтеуге міндеттіміз. Парызымыз.
Ақын Қадыр Мырза Әли атамыздың «Ана тілің – арың бұл» — атты өлеңін құрбыларымның есіне сала отырып, қазіргі заманда биік тұғырдағы Ана тілімізді құрметтей отырып, кең таралып келе жатқан ағылшын тілі туралы ойымды сабақтамақпын.
Ана тілің – арың бұл
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Ана тілін құрметтеген ұрпақ басқа шет тілін оқып, меңгеремін десе жол ашық. ХХІ ғасыр-қазіргі дамыған технологиялар мен білікті мамандардың, жаңашылдық пен толы мүмкіндіктердің заманы. Өткен күндерімізге көз жүгіртсек қазір шынында заманның талабына сәйкес еліміздің қарыштап дамып келе жатқанын, жаңашылдыққа бағыт алып бара жатқанын байқаймыз. Мысалы, еліміздегі білім саласын алайықшы. Күннен — күнге жоғары оқу орындарына түсуге, мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу үшін ерекше талаптар қойылуда, мұның өзі қазірде қалыпты жағдай. Соның бірі және маңыздысы міндеттісі сіздің ағылышынша сөйлеу деңгейіңіз.
Ағылшын тілі — қазірде әлемде ең көп қолданылатынең кең таралған сұранысқа әрі мүмкіндіктерге толы әлемдік тіл. Ағылшын тілін білу, бәсекеге қабілетті мемлекет құруда, қандай да бір салада үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуде алар орны тым маңызды. Жаңа заман бәсекеге қабілетті болуы үшін технология салаларын жетік меңгеруді талап етеді. Қай сала болмасын жастарға қойылатын талаптар жоғарылаған. Әлем бойынша деңгейіне көз жүгіртсек, жоғарыда негізге алған ағылшын тілінің шынында қандай мүмкіндіктерге, бәсекелестік пен жаңашылдыққа толы екенін байқаймыз. Қазірде өз хоббиін таба алмай жүрген немесе осы ағылшын тілінің мүмкіндіктерін білгісі келетін оқырмандарымыз болса, осы мақала сол жандарға арналады.
Алғашқы тоқталатын жоба — қазіргі жасөспірімдер арасында ең танымал әлемдік деңгейдегі американдық жобалардың бірі — «FLEX» жобасы. Бұл бағдарлама ТМД мемлекеттері арасында алғашқы, ұзақ мерзімді жоғарғы сынып оқушыларына АҚШ — та бір жыл тұруына мүмкіндік беретін алмастыру бағдарламасы. Яғни, бір сөзбен айтқанда білім алмасуға өзге менталитетпен танысуға, өмірге деген көзқарасыңды өзгертіп, ағылшыныңда одан әрі дамытуға арналған таптырмас мүмкіндік. Әр жыл сайын 8,9,10 сыныптар арасында 2 кезеңнен тұратын осы жоба іріктеуі өткізіледі.
Әрине, өзге мемлекетке шығу үшін тек оқушының ағылшын деңгейі ғана қарасырылып қоймай, психологиялық, моральдық тұрғыдан, бастысы ағылшын деңгейі бойынша жазбаша және практикалық тұрғыдан сыналатын болады. Жеңімпаз атанған талапкер шәкіртақыға ие болып бір жыл бойы АҚШ-та америкалық жанұяның мүшесі ретінде тұрып, америкалық орта мектепте оқитын болады. Жаңа орта, жоғары білім. Оқырман, шынында бұл таптырмас мүмкіндік. Алдағы уақытта жеңімпаз атанып, АҚШ мемлекетінде білім алғың келсе, осы кезден бастысы ағылшын тілінде сөйлеу деңгейіңді жақсартып, тәжірибе жолында көп ізденуің қажет.
Келесі жоба көпке танымал — «IELTS» сынағы. IELTS — 1989 жылдан бастап қолға алынған, дүниежүзінде ағылшын тілі деңгейін анықтауға әрі осы сынақтың жауабы бойынша әлемдік түрлі универлер мен институттарға қабылдануға мүмкіндік ашатын жоба. Қазірде жылына 1 млннан аса адам осы 4 модульден тұратын тест сынағын ең көп тапсырады екен. Бұл дегеніміз -жобаның шынында мүмкіндіктерінің көп екенін көрсетеді. Егер сіз бакалавр немесе магистратураға ағылышын тілін талап ететін универге түскіңіз келсе, осы тест сынағын тапсыруға міндеттісіз. Бірақ ескеретін жайт, әлемдік бұл сынақ шынында өте жоғары талапты міндеттейді.
Міне, мен осы басылымда ауқымды екі жобаны ұсындым. Бірақ ағылшын тілін білгеннің қарапайым сәттерде де берер пайдасы жетерлік. Себебі, жоғарыда айтқанымдай дамыған заманда бәрі осы тілмен байланысты. Айталық, тың ақпарттарды алуда, әрі әлемдік деңгейдегі кітаптарды аудармасыз оқуда, тіпті болмаса болашақ саяхатыңызда, жаңа саланы қолға алуыңызда т.б көптеген сәттерде керек болатыны анық. Бастысы айналамызда толып жатқан мүмкіндіктерді көру, жаңашыл болу.
Өзге тілді білу — бойыңдағы жаңа жанды қалыптастырады. Өзге тілді білу -түбегейлі өзгеріс пен даму. Ал адамның дамуы ешқашан тоқтамауы тиіс. Барынша ізденімпаз, заман талабына сай жан болуға тырыс, оқырман. Мына әлем мүмкіндіктерге толы.
Нұрай САЙФУЛЛА,
Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы,
Әл-Фараби атындағы
№201 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы.
Сурет: Давид (@David_83) Twitter twitter.com