Ақынның ізін басқан шәкіртімін

Сурет: https://mtrk.kz/ ҚР Ұлттық экономика сайтынан алынды.

Балалық шағым ауылда өтті. Сол күндерім Мұқағали Мақатаевқа ғашық болып, өлеңдерін жаттап, мүшәйралардан қалмай жүрген кезеңмен есте қалды. Кейбір балалар мықтылықты көліктің маркасымен өлшейтін. Ал мен үшін нағыз мықты – ақиықтың жүз өлеңін жатқа білетін жан еді. Соларға еліктеп, мен де он үш жасқа дейін жетпіске жуық өлең жаттаппын.

Мұқағалиға деген махаббатым мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ оянған. Әлі есімде: анам екеуміз тіс жұлдыруға аудан орталығы — Нарынқолға бардық. Маған ол жақ шетелдей көрінетін. Небір тәттілер, түрлі сусындар… Әсіресе емдетуге апарғанда, анам барынша көңілімді аулап, бар тәттіні алдыма тосатын.

Сондай бір керемет көңіл күймен Тегістікке қайтып келе жатқанымызда анам сұрады:

— Балам, өскенде кім боласың?

— Мұқағали боламын.

— Дұрыс қой, бірақ қандай мамандық иесі боласың?

— Мұқағали ақын ғой, мен де ақын боламын.

— Жоқ, ақындық – қасиет. Ал Мұқағали әрі ақын, әрі журналист болған.

— Онда мен де ақын-журналист боламын.

Мүмкін, бұл сүйіспеншілік табиғаттан, қазақы ортадан, ауыл тіршілігінен дарыған шығар. Әлде періштелер естіді ме, әлде бала қиялының күші ме – мен өлең жаза бастадым. (Өлең дегенім — ол кезде тақпақ не жай ғана бос сөз ғой.) Қиялдай жүріп, айтыс өнеріне де қалам тербедім.

Сол кішкентай баланың арманы әлі де жүрегімде. Бұйырса, ақын-журналист болу жолында барымды салып келемін. Бала қиялы шексіз болады екен ғой. Бір күні қазаққа өз пайдасын тигізген Мұқағали Мақатаев атамдай ақын, Бейсен ағамдай журналист болсам деймін.

Қысқасы, қазақтың ұлына айналған, Ұлы адам боламын!

АХМЕТ Болат Қанатұлы,

Алматы қаласы,

«Абай Ұлттық мектебінің» 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым сайтының   Жас  тілшісі