Абай қарасөздеріндегі публицистикалық ой-пікірлер

Абай Құнанбайұлы ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етіп 45 қарасөзін жазған. Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде шығарманың көркемдігіне ғана назар аударып қоймай, оның жеткізер ойының тереңдігіне, логикалық мәніне де көңіл бөлген. Сөйтіп көркемдік шеберлігі мен ғылыми зерделігі арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырған. Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Ұлы ақынның қарасөздері – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл қазынасы. Бұл шығармаларында ақын тек қана көркем ой айтып қоймай, халықты тәрбиелеу, қоғамдық сананы ояту, елдің даму бағытын көрсету мақсатын да көздеді. Сол себепті қарасөздерінде публицистикалық пікірлер айқын байқалады.
Абайдың публицистикалық ерекшелігі – өмірдігі құбылыстарды шынайы талдап, халыққа тікелей үн қатуында. Мысалы, Оныншы сөзінде ол қазақ халқының еріншектік пен жалқаулыққа бейімдігін сынаған. Еңбек етпей, мал таппай ел болудың мүмкін еместігін дәлелдеген. Тек мал тауып жүре берудің де қате екенін атқан, тапқан малды жыйнай бермей білімге жұмса деген. «Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек». Бұл – публицистикаға тән әлеуметтік мәселені көтеру әрі оны шешудің жолын көрсету.
«Он жетінші сөзінде» — Абай адам бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үш қасиетті салыстыра отырып, олардың бір адамдағы үйлесімі арқылы ғана адам толық кемелдікке жететінін түсіндіреді. Егер олар ала болса жүрек билейді, егер тату болса табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам болады. Мұндағы ой-толғам тек философиялық емес, публицистикалық сипаты да басым, себебі ол халықты жақсы жаққа өзгеруіне арналып, қоғамдық өмірді жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының «Қырық үшінші қарасөзінде» — жан мен тәнді салыстырады, яғни сол екеуінің арасында болып жатқан нәрселерді айтады. Жан қуатының үш жағын көрсетеді: 1) жігер мен сергектік «… болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда бермейді». 2) заттардың бір-біріне тартатын ұқсастық күшін білуге құштарлық. 3) «жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттықпен кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады» деп, білудің және оны тұрақты дамытудың негізі осы үш ғылымның бастауы қуат көзі деп қарастырады. Сөзінде ақын білім мен ғылымға шақырып, «Ғылымсыз өмірдің мәні жоқ» деген тұжырым жасайды. Бұл – замана талабына жауап берген публицистикалық үндеу. Абайдың жастарды оқу-білімге шақыруы қоғамды ілгерілетуге бағытталған әлеуметтік ой-пікірлердің көрінісі.
Абай қарасөздеріндегі публицистикадық ой – оның қазақ халқын ояту, ағартушылыққа жетелеу миссиясымен тығыз байланысты. Ол елдің болашағын ғылым мен еңбекке негіздеп, әділетті қоғам орнатуды армандаған. Адамның күні білімділігіне байланысты болатынын о бастан білген Қорытындылай келе, Абайдың қарасөздері – көркем әдебиет пен публицистиканың тоғысқан тұғыры. Ондағы әлеуметтік ойлар бүгінгі күнге дейін өзекті болып, қоғамға бағыт-бағдар беретін рухани бағдаршам қызметін атқарып келеді.
ТӨЛЕУХАНОВА Нұрдана,
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті,
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Р.С.ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА
Сурет: https://egemen.kz