Абай дана, Абай дара қазақта…

             Мен бұл эссені ғалым Ақжан Машановтың ғылыми деректеріне сүйене отырып, жаздым. Болашақ- бүгінгі біздердің еншімізде. Абай шығармаларында «толық адам» туралы айтады. Яғни, менің түсінігімде толық адам жаңа ғасырдың жаңа технологияларын игеріп, барлық саладағы цифрландыру бағдарламасын меңгерген білімді жастар деп ұғамын.
  «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», — деп қалың елін парасат биігіне шақырған ақын Абай осы өлеңіндегі айтар ойын жігіттерге қарата айтқанымен, жалпы әлеуметке рухани азық боларлық талай дүниеге қайыра зер салуға шақырады.
    Хакім дәрежесіне көтерілген данышпан ақын дүниенің көрінетін сыры мен көрінбейтін сырын ұғынуға баршамызды жалықпастан шақырған ғажайып тұлға. Сондықтан да, «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат, — деп, шын күле алатын ерді сұхбатқа шақырады.
     Қазағының мінезіне қаны қайнап, жаны ашыған ақын талапты болудың бозбалаға керек іс екенін алдымен атайды. Мұның артында өнерді үйрену, өнер үйреніп жатқан басқалардан кем болмау, жақсы қылық пен мінездің иесі болуға үндеу жатыр. Бүгінгі күннің жігіттері үшін де Абай атамыздың бұл ақылы күн тәртібінен түскен жоқ деп айтқан болар едім. Себебі, бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын бүгінгі жаһандану заманында талаптанған тұлға ғана басқаға қызмет етпейді, басқаны өзіне қызмет еттіреді.
     Бүгінгі жаһандану дәуірінде басқалармен қоғамдаса алған, басқалармен тіл табыса алған адамның ғана ісі алға баспақ. Оны Абайдың ізін жалғастырған даналарымыз да, бүгінгі ұлт зиялылары да қадап айтып келеді. Осыдан екі ғасыр бұрын осы категорияны тайға таңба басқандай етіп, қолымызға мөрлеп ұстатқан ақынның болжағыштығына қалайша қайран қалмассың?! Бұл турасында ақын:    
   «Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз…», немесе «Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып», — деп, шын көңілмен тату болуға, қиянатшыл болмауға шақырады.
     «Кей құрбы бүгін тату, ертең бату», — деп тілеуі мен жақындығы сатқындыққа құрылған арсыздықтан безуге үндеген Абай өзі де бұл қиянатты бір кісідей басынан өткергенін білеміз. «Ғылым таппай мақтанба», — деген әйгілі өлеңін мектеп қабырғасындағы әрбір қазақ баласы жастайынан жаттап өседі. Ғылым тапсаң ғана тіршілігің мәнді, сәнді болатынын бүгінгі жаһандану заманы дәлелдеп отыр. Ғылымның арқасында Билл Гейтс, Илон Маск, Джек Ма деген әлемді аузына қаратып отырған тұлғалардың өнертабыстары күллі дүниені тамсандыруда. Осы өнертабыс иелерінің сара жолын Абай атамыз ХІХ ғасырдың шенінде айтып, ұлтымыздың жастарын тәрбиелегісі келіп еді. Өсек пен өтіріктен, мақтаншақтық пен еріншектіктен, бекер мал шашудан аулақ болуға үндеген Абай атамыздың тәрбиелік жолын кім қате дей алады? Талап пен еңбекке жақын болсаң, терең оймен қарулансаң, алынбайтын асудың болмайтынын айтудай-ақ айтты ғой. Осы тәрбиесіне көніп, ақын көрсеткен жолға түскен қазақ қанша екен? Қанша болса да, аздық етпесі анық. Бүгінгі тәрбиеміздің де басты бағыты осы болса, тура жолдан айнымағандық болар еді деп сенімді түрде айта аламын.
     «Парасат – қасиет, парасатсыздық – қасірет», — деп академик Зейнолла Қабдолоа атамыз айтқандай, Абай атамыз айтқан жақсы мінез бен көркем әдеп, «бес асыл іс» бүгінгі қазақ баласының ойынан шығармас ұстанымы болу керек деп санаймын.
     «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады деген» — Абай қағидасы бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Одан өзге нәрселермен оздым деудің бекершілік екенін өмірдің өзі күн сайын дәлелдеуде. Сондықтан, бүгінгі қазақ баласына да Абай толғаныстары адастырмас Темірқазық болып қала беретіні күмәнсіз.
      Өз ізденісім бойынша маған ерекше әсер қалдырған Абай дариясының тағы бір саласы – шығыс шайырлары жеткен биіктен асып түскен тың көзқарасы болды. Ол – Ескендір Зұлқарнайын туралы дастан жазуы еді. Абайдың хакім болып қалыптасу жолында мол сусындаған үш арнасының бірі – Шығыс әдебиеті болғаны белгілі.
      Сол шығыс әдебиетінде Құранда айтылатын Зұлқарнайын мен Македония патшасы Александрды бір адам деп қарайтын жағдайлардың барлығын атақты ғалым Ақжан Машанов өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде жан-жақты талдап көрсетеді. Абай нәр алған шығыс ақындары Фирдауси «Шахнамада», Низами «Ескендірнамасында», Әлішер Науаи «Ескендір қорғаны» атты шығармасында екі Зұлқарнайынды бір адам деп есептеп, аса дәріптеп жазған.
     Абай атамыз өзіне дейінгі шығыс ақындарының дәстүрлі жолына түспейді, оларға қарсы шығады. Мұны білмегендіктен емес, саналы түрде барып отыр деп санауға болады. Себебі, ақын былай деп түсіндіреді:
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас көзің толар деп қайғы жеме. Мұндағы ақынның ой салатын мағынасы – «мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең». Абайдың поэмасын «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп бастауы тегін емес.
   Өйткені, екі Ескендірді шатастыру бар екенін ақын жақсы білген екен. «Мұны бір өзге сөздің бірі деме» — деп ескертуінен А.Машанов үлкен ой түйеді.
Сұмдықпен әскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау алып тура аттанды… – деген жолдар арқылы Ескендір жорығының зұлымдығын сипаттау жатыр.
    Науаи сипаттауы бойынша Иеменге, Меккеге барған Ескендір Македонский бұл жерлерде ешқашан болған емес.
     Ғалым А.Машановтың пікірінше, Ескендірдің бетін қайтарған ең шеткі қақпа – Отырар болған. Оның жанынан аққан қасиетті су – Сырдария өзені. Ескендір елде алмаған хан қоймады, Алған сайын көңілі бір тоймады. Араны барған сайын қатты ашылып, Жердің жүзін алуға ой ойланды.
       А.Машановтың тың көзқарасы бойынша бұл жолдар Ресей империясының Азия елдеріне деген отарлаушылық саясатын көрсетеді. Сырдария өзенінің ертедегі атауы бойынша «Яқсарт» деген аңызға сүйенсек, пейіштен шыққан өзеннің бірі. Осы жағынан Абай шығармасында тарихи негіз жатыр.
     Қорыта келгенде, Абайдың «Ескендір» поэмасы тарихи Ескендір патшаның бейнесін реалистікпен сомдаған туынды болып шығады. Өзіне дейінгі шығыс шайырларының дастандарын нәзира үлгісімен жырлаған Абай Құранда айтылатын Ескендірге қатысты оқиғаларды тарихтағы Ескендір патшаға телімейді. Сол себептен, «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» – деп, өз шығармасын жазуда тарихаи шындық пен аңызды тереңнен зерделеп барып, қолына қалам алғанын байқау қиын емес.
     Өркениет тарихына көз жүгіртетін болсақ, дүниенің дөңгеленіп, тоқтаусыз кетіп бара жатқанын пайымдауға болады. Мұны қаншама елдің данышпандары зерделеп, өз байламдарында айтып та келеді.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, – деп келетін Абай толғанысы бар пайымнан артық көрінеді. Меніңше, бұл тұжырымның айтпағы – заманның ағысында асау толқынмен не алысқан, не табысқан жан ғана мәнді өмір сүрмек.
     ХХІ ғасырдың биігіне шыққан адамзат өркениетінде әркімнің жолы әрқалай… Біреу қыранша қалықтап барып қонақтай алса, біреу жыланша жорғалап та барады.
      Жаһандану атты үрдістің көмейіне жұтылып кетпес үшін қайтпек керек? Өзгеріп жатқан әлемнің сырын қалайша аңғарып, қалайша ілеспек керек? Тағы да Хакім Абайдың пәлсапасына жүгінгеніміз жөн сияқты. Данышпанның толғамын түйіндейтін болсақ, мынадай қорытындыға келеміз: «Дүниенің көрінетін және көрінбейтін сырын меңгерген жан ғана кемел немесе «толық адам» бола алады».
     Дүниенің көрінетін сыры – материалдық игіліктен несібеңді табуды меңзесе, көрінбейтін сыры – рухани жетілу мен жаратылыстың ақиқатын түйсіну деп білемін.
     Ал бүгінгі шыр айналған дүниенің дидарын бажайласақ, әрбір өзін сақтағысы келетін пендеге мына төрт амалдың септігі тиеді. Олар: Өмір сүре білу. Жұмыс жасай білу. Басқалармен бірге өмір сүре білу. Үйрене білу. Осы жолдарды амалдасаң, ісің алға басады, қапы қалсаң, ешкімге өкпе артпайсың.   
     Өмір сүре білу – мігірсіз ізденісті, яғни қарекетті керек етеді, жұмыс жасай білу – Абайша айтсақ, пайданы «не маңдайдан аққан терден, не жерден сұрау» болады. Ал басқалармен бірге өмір сүрудің жарасымын келістіре алсаң жарадың, жалықпай үйренудің қамын қылсаң, өрлегенің. Әлемдік ойшылдар осыны ұсынады.
    Атақты қытай ойшылы Конфуцийдің мына сөзі барша ұлттың барша адамына арналған: «Аспан астының көркеюі мен күйреуіне әрбір азамат жауапты». Яғни күнде құбылған әлемдік өзгеріспен саналы түрде өзгеріп, үлес қосу – ынталы жанның соқпағы болмақ.
     Өзгерген дүниенің сырын ұғып, өзіңді жетілдіре беру дүниедегі орныңды айқындайды деген қорытындыға келдім.
МАДИҚЫЗЫ Аяулым,
Алматы қаласы, «Ы.Алтынсарин атындағы»
№159 — гимназияның 11- сынып оқушысы
Дереккөзі: сурет – Абайдың өмірі мен шығармашылық хронологиясы