«Абай дана, Абай дара қазақта»

Жетісу облысы, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары (ортада)  Алмас Ажарханұлы

Ұланғайыр даламыздың жазиралы төсінде туып, халқы мен оның болашағы үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар туралы сөз бастасақ, ең әуелі көз алдымызда оларды тәрбиелеген аналары тұрады. Шоқанды тәрбилеген әжесі Айғаным,  Абай анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің тәрбиесі оны бүгінгі әлемдік деңгейге жетуіне жетеледі.  Абай облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылында дана Абайдың әжесі  Зере Бектемірқызы мен немересі Абайға арнап тұрғызылған ескерткіш бар. Зере әже Қалбатау бауырында дүниеге келген. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор  Ерікқазы Қорабайдың «https://egemen.kz/» 2020 жылы,  21 қазан күні жариялаған «Зере әже» атты мақаласында былай деп жазады: —Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауда­нының табиғаты әсем Қалба тауы бөк­терінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табы­нан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бек­темірдің қызы ретінде ел есінде қалған, — дейді.

Зере Бектемірқызы өз заманының қайраткері болды десең, әбден болады. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы «Қайтқанда» тарауы оқырманның есінде болар. Сол тарауды оқысаңыз, Құнанбай қажы  Жидебайдың терістігіндегі Найзатас деген ауылдан мектеп ашады. 1853 жылы

Абайды сол мектепке оқуға береді. Алғашында балалар киіз үйде оқытылады. Балаларға жаны ашыған Зере  әже, ұлы Құнанбайға айтып, үш бөлмелі мектеп салдырады. Оқушы балаларға барынша жанашырлық танытып, дастархан жайып тамақтандырып отырған. Аға сұлтанның шешімін тек Зере әже ғана бұза алатындығы да айтылады.

Абайдың әжесі жайында естеліктерді парақтай берсек, қайталанбас анаға арналған пікірлер өте көп. Солардың бірін халқымыздың  қаһарман ұлы  Бауыржан Момышұлы жан алып, жан берген майдан даласында жүріп, «Абай жолы» романын оқығанын айта келе, «Зере мен Ұлжан  – тек Абайдың ғана емес, барлық халықтың анасы. Елінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған  аналар болып қала береді», — деп сөзден ескерткіш орнатып кеткен.

Зере әжеміздің өнегесіне сүйене отырып, Сарқан ауданының құрамында бала оқытқан ұстаз, кітапханашы, медицина және пошта қызметкерлері мен басқа да саланың зейнеткер аналары бірігіп, қолымыздан келгенше, бірлесіп жас ұрпаққа білген – түйгенімізді айтып, үйретуге бел байлағанбыз. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ауданымызда көптеген шаралар өтуде. Әжелер де көпке ортақ іске атсалысып, Абай шығармалары негізінде жас ұрпаққа ақын ғибратын айтуда. Иә, бүгінгі жаңа технологиялардың қауырт дамып жатқан шағында, ұл-қыздарымызды ұлттық құндылықтар аясында тәрбиелеуге аналық үлесімізді қосудамыз. Әжелер өткізетін шараларға аудандық әкімшілік қызметкерлері қатысып, пікір білдіріп тұрады. Абай атамыздың 180 жылдығына арналған шараға Сарқан ауданы әкімінің орынбасары  Байгунысов Алмас Ажарханұлы қатысып, сөз сөйледі.

Шараларды әртүрлі форматта  түрлендіріп өткізсек, жас буынға  мотивация берері сөзсіз. Дүбірлі тойға ерекше сый дайындап, әдеттегідей, шараны мектеп және Ардагерлер үйінде емес, табиғатқа шығып өткіздік. Ақын табиғатты ерекше сүйген, өлеңдерінің әр жолынан табиғаттың бір ерекше бөлшегін көреміз. Ауданымыз әсем табиғатының  таңғаларлық тұстар көп-пқ. Әсіресе, қолмен әкеп тізгендей орналасқан тау тастар ауданымыздың көне тарихынан сыр шертеді.

Абайдың табиғат лирикасы дегенімізде, «Желсіз түнде жарық ай», «Жаз», «Күз», «Қыс» өлеңдерінің әр жолы табиғат пен адам өмірі егіз екенін айтады. Біз әдемі қойтастар орналасқан ортада Абай әндерін шырқадық, өлеңін оқыдық. Керемет әсер алдық. Абай өлеңдері мен аудармаларын, поэмаларын, «Қара сөздерін»  күн сайын оқып отырудың адамның рухани дүниесінің баюына пайдасы орасан екенін көпшілікке жеткізе білдік деп ойлаймыз.

Ардақты әжелер өткізетін шараларды төраға Қ.Жанасбеков басқаратын аудандық ардагерлер ұйымымен бірлесіп өткіземіз. Өйткені, мына ғаламда отбасындағы әкенің орны, әкенің өр тұлғасы орнын басқа алмастыратын адам жоқ. Өткізетін шараның тақырыбына байланысты ауданымыздың әр ардагері өз пікірін, ақыл – кеңестерін айтып отырады.

«Абай дана, Абай дара қазақта» атты шығармашылық кешті өткізуге ардагер аналар, аналар кеңесінің төрайымдары – К.Таймасова, К.Қалиева, Е.Сүдірбаева, Ф.Тажиева, С.Ералина, С.Нурахметова, М.Жантасова, Р.Хаджымқызы, М. Сағымбаева, А. Есимова, Т. Чабденова, К. Кадирсизова, Ш. Асқарғалиева, М. Жантасова, Р. Ахмадиеваның еңбектері орасан.

Шараға аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысты.

СМАХАНОВА  Ұлжан  Өзбеханқызы,

Жетісу облысы, Сарқан ауданы әжелер кеңесінің төрайымы,

«Қазақ аналары дәстүрге жол» Республикалық  қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі

Сурет:https://altainews.kz/