«Абай мектебі» маған не үйретті?
Мен еліміздегі таңдаулы мектептердің бірі Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына қабылданып, 2021 жылы 31 тамызда 8-сынып оқушысы болып келгенде, менің өмірім, іс-әрекеттерім, ой-өрісім қалай өзгеретінін ойламап едім. Бәріміз оңды-солды ажырата алмайтын кішкентай едік, ата-анамызды сағынып, мектептен кеткіміз келген сәттер де болатын, бірақ сынып жетекшіміз Махамбетова Гүлбану ұстазымыз бен Ашимжанова Асель тәрбиешіміз бізге көрсеткен қолдаулары арқылы бұл тек уақытша екендігін түсіндік.
Менің ойымша, ең қызық сәт ол 8-сыныпқа келіп, мектеп парағын жаңадан ашу. Мектептегі көп күткен алғашқы асханадағы кезекшілігімізді, апайлардан төмен балл алып, “өмірдің соңы” деп ойлаған кездерімізді, жыр шұғылада бәрінің алдында қобалжып өлең айтып жүрген кездерімізді қазір еске алып, күлеміз. 8-сыныпта 11-сыныптар «қайта 8 сыныпқа оралғым келеді» дегенде түсінбейтінбіз. Қазір өзіміз де қайтадан 8-сыныпта оқысақ дейміз.
Білім алған 4 жылда Абай мектебі төзімділікті, шынайылықты, адамдармен ортақ тіл табысуды, әр мүмкіндікті пайдалануды, бір оқиғаға жан-жақты көзқараспен қарауды, әрқашан елдің алды болуды, дисциплинамен жүруді үйретті.
Мектепте болатын іс-шаралар, ғылыми жобалар, олимпиадалар арқылы ой-өрісімізді жан-жақты дамытып, басқа қалаларды көруге мүмкіндік туындады. Әрбір оқушы сол мүмкіндікті тиімді пайдалана алса деймін.
Осы 4 жыл ішінде есейгенімізді қатты байқаймын. Тіпті, арамызда кикілжің болған жағдайда әр адамның ойын тыңдап, саралап, тереңінен ойлап, нақты дұрыс шешімге келеміз. 8-сыныпта тек бір жақты ойды қарастырып, астарын ойламайтынбыз. Байқағаным, мектепке келіп бойымызбен қатар ойымыздың да өсті.
Ата-аналарымыздан бөлек тұрғанның арқасында жауапкершілік алуды, өз мәселемізді өзіміз шешуді үйрендік. Ойланып қарасам, интернатта бірге өсіп, бір қазаннан тамақ жеп, бір нанды бөліп жеген адамдардан асқан жақын адамдарым болмайды. Бір-бірімізге қандай жағдай болмасын қолдау көрсетіп, әрқашан демеу болуға дайынбыз. Мектеп қабырғасынан басталған достығымыз, әрі қарай жалғасын табатынына сенемін!..
САТТЫБАЕВА Еркенур,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды
балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын
орта мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы
Суретті жолдаған автор.