Абай шығармалары-бала тәрбиесінің қайнар көзі

Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның әрбір сөзін қарапайым тілмен талдап, Абай көрсеткен олқылықтардың орнын қалай толтыруымыз керектігін айтып, «ұлтты Абайша сүюге» үндеді.

Сөзсіз, Абай шығармалары бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Уақыт өткен сайын жаңа дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасынан орын ала береді.Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің, тәрбиенің таптырмас үлгісі. Абай шығармасының сая бағында өсу, нәрінен сусындау,  оның өлмес мұрасын танып білу, тәрбие алу  және оны әлемге таныту  – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының парызыАбай – халқымыздың мақтанышы, ұлттық ұранымыз. Оның шығармашылық мұрасы – ғасырлар бойы маңызын жоймайтын  рухани алтын қазына, әрбір сөзі – халқымыздың  санасына әрдайым адамдық пен азаматтықтың ұрығын себуде.

Ақынның  дүниеге келгеніне  бір жарым  ғасырдан  аса уақыт өтсе де,  өзінің  өлмес шығармаларымен әлі күнге  халқына ұстаздық етіп келеді. Оның артына қалдырып кеткен мол мұрасы  елі мен жұртына  қай мәселеде болмасын адастырмас темірқазық. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың санасына ана сүтімен дариды десек артық айтқандық емес.

Ұлы ақын жас ұрпақты  адамгершілікке, имандылыққа, ғылым-білім үйренуге үндейді. Жастарды бес нәрседен – өсектен, өтіріктен, мақтаншақтық пен  еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға,  бес асыл іске – талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, рақымшылық жасауға шақырады. Ұлы ақын «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санайды. Ол білімді  барлық атақ-даңқ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Жастарды жас кезінде  оқуға, ғылымға, еңбек етуге, ізденуге, білімдіден үйренуге, солардай болуға тырысуға шақырады.
Абай өзінің өлеңдерінде ерекше мән берген тәрбиелік ойларын қара сөз­дерінде де жалғастырып, дамыта түседі. Эстетикалық әсері мол өлең өрнегі­мен жеткізуге тырысқан өнегелік тұжырым­дарын ақын қара сөздерінде қарапайым тілмен түсіндіріп, халық санасына ықпал етуді көздейді. Өмірде көріп-білген, танып-сезген жайлардан шығарған қоры­тындысы есебіндегі даналық ойларға құрылған бұл туындыларында Абай надандық жайлаған халықтың бойындағы жаман қылық, жағымсыз мінезді ашына көрсетіп, сол қасіреттен қалайда құтылмай ел бола алмайтынымызды ескертеді. Қара сөздердің қайсысын алсаңыз да бірінен бірі өткен ащы шындықты алдыға тартады.

Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің,  жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудың қайнар бұлағы іспеттес. Ұрпақты Абай мұрасымен тәрбиелеу — ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол. Ақынның қай шығармасын алып қарамаңыз, оның алтын қазығы – Адам. Ақын Адам қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді, сұрағына  өзі жауап береді. Мысалы: «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа», — дейді. Оның бұл  сөзінде «Адамды сүюден басқа  қызық жоқ» деген гуманды педагогикалық ұстаным жатыр. Осы жерде ақын сөзінен жас ұрпақты тәрбиелеу ісі  ең алдымен оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген қорытынды шығады.

Абай өлеңдерін танымдық-тәрбиелік мәніне қарай былайша топтастыруға болады: Абай елдің тарихына, тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына ерекше сын көзбен қарап,  мән берген. Елінің, халқының келешегін ойлап егілген, сондықтан шығармаларында ұнамсыздықты аямай сынап, түзетуді ойлаған. Ақынның жас ұрпаққа айтар ойы, уағызы аз болмаған. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде өзі көрген шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолға, қиянатсыз адал жолға үгіттейді. Оларды бояма мінезден, жалған достықтан сақтандырады. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға шақырады.

Ұлы ақын жас ұрпақты  адамгершілікке, имандылыққа, ғылым-білім үйренуге үндейді. Жастарды бес нәрседен – өсектен, өтіріктен, мақтаншақтық пен  еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға,  бес асыл іске – талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, рақымшылық жасауға шақырады. Ұлы ақын «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санайды. Ол білімді  барлық атақ-даңқ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Жастарды жас кезінде  оқуға, ғылымға, еңбек етуге, ізденуге, білімдіден үйренуге, солардай болуға тырысуға шақырады.
Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру туралы ой қозғайды. Адам болам десең байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Ол туған халқын шын сүйді, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, жоюға күш салды. Нағыз ақын, әрі патриот  Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты, өзінің шығармашылығында ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелеп, халықты өнер-білімге шақырды. «Соқтықпалы соқпақсыз заманда» өскен, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп насихаттаған  Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп,  «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп толғанды.

СҰЛТАНОВА  Айнагуль  Бакытқызы,

Алматы облысы, Іле ауданы,

№21 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Сурет:https://abaialemi.kz/