«Адамға шұғыла шашатын, Арманнан биік жоқ екен!!!»

—  деп жырлаған Қазақстанның халық жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар ата Әлімбаевтың туғанына 100 жыл.

     Мұзафар Әлімбаев (29 қазан1923 жыл, Маралды атырабы, Шарбақты ауданыПавлодар облысы – 26 қараша 2017 жылАлматы) — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер шоғырының бірі. 2017 жылы дүниеден озды. Әнші-күйшілердің, ақын-жыраулардың думан құрған өнер төрінде, солардың тәтті сазын, татымды сөзін қаршадайынан құлағына құйып өскен. Мұзағаң 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастаған. 6 сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, «Бауырсақтан» бастап», «Батырлар жырын» ортаға ала, Александр Сергеевич Пушкиннің 4 томдығын тауысады.

    Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, «Туар-тумастан тоналған ұрпақтың өкілі…». Сол тұста жетімектің кім екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін анық та толық сезді. 1932-33 жылғы алапат аштықты көлденең көзбен көріп емес, өз басынан өткерген. 1937 жылдың сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байланғанын өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақ.

Өкінемін ерте өмірдің өткеніне,
Көре алмай қызығымды кеткеніңе.
Өзгелер өз баласын еркелетсе,
Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?!-
деп тырнақалды өлнңін жазған.

Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері «Балдырған» арқылы қалыптасты.

М. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы. Әдебиетте талант бейімі болмай, ештеңе де өнбейді, әдебиет зорлықпен жасалмайды. Мұзағаңның да балалар поэзиясына туа бітті бейімі болғаны анық. М.Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. Әнге жазған өлеңдерінің саны 200 — ге жуық. 64 төлтума және аударма кітаптардың авторы. Шығармалары 20 — дан астам тілге аударылған. Соның ішінде орыс тілінде 6 кітабы, түркімен тілінде « Мен – түрік мейманы» (1963), қырғыз тілінде «Жолдар. Ойлар. Жырлар» (1966) және т. б. тілдерде жинақтары жарық көрген.

Белгілі әдебиетші — ғалым, сыншы Н. Ғабдуллин: «Мұзафар Әлімбаев – қазақ балалар поэзиясының өркендеп дамуына үлкен еңбек сіңіріп келе жатыр. Ақынның балалар поэзиясының мазмұны мен түрін байытуға қосқан көп сапалық жаңалықтары, көркемдік үлгілері бар», — деп жазды.

Ана тілім ғажап деп айта аламын

Ана тілім ғажап деп айта аламын,
Жәннаттай жан балқыта жай табарым.
Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім —
Келеді толас таппай қайталағым.
Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып,
Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып…
Қазағы қадырына жеткен сайын
Жайнайды,
Ертеңге де нұрын шашып.

Ана тілі

Ана! — десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.

Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден — қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!

Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!

Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.

Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!

Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың. 

Биіктер

Емшектен шықпай жүргенде:
«Бесіктен биік жоқ!»-деп ем.
Ойынға кірген күндерде:
«Есіктен биік жоқ!- деп ем.
Санатқа кірген жылдарда:
«Ауылдан биік жоқ!»- деп ем.
Көз тастап қарлы шыңдарға:
«Тауымнан биік жоқ!»-деп ем.
Біртіндеп сырын ашатын
Биіктер әсте көп екен…
Адамға шұғыла шашатын
Арманнан биік жоқ екен!!!

Өз бағаңды өзің біл

Өз бағамды сұрамаймын өзгеден,
Ердің құнын өлшейтін кім сөзбенен?!
Өз бағамды сұрамаймын өзгеден,
Ер салмағын безбендер кім көзбенен?!
Сұрасам да кемеңгер мен батырдан,
Қадырымды сұрамаймын өзгеден,
Ел алдында өз орынын парықтап
Күйкі пенде көңілімен сезбеген…

Түс

Түсіне қомағайдың ет кіреді.
Түсінде қыран бүркіт көк тіледі.
Түсінде орманшының тоғай түлеп,
Ұстаздың қанаттанар көп түлегі…
Түсімде Ай келіндей иіледі,
Көзімді Жерұйығым үйіреді.
Алдында Адамзаттың өлең оқып,
Аялап құшып жүрем Дүниені!

Естеліктер

Естеліктер — жыртылмайтын кітаптай,
Сынбайтғын бұтақтай,
Естеліктің гүлі қурап солмайды,
Бояуы да оңбайды.
Естеліктің семген емес құрағы,
Жұпары аңқыптұрады.
Естеліктің қусырылмас кеңдігі,
Лайланбайды мөлдірі.
Естеліктің тесілмейді кемесі,
Шірімейді шегесі.
Естелікті өршілдікке бейім де,
Сүйремейді кейінге.
Естеліксіз өспек емес бүгінгім,
Ол — өшпейтін бұрынғым.

Күн бата ма

Күн батады,- дейді-ау жұрт,- ұясына,
Ондай ұя әсте жоқ туасы да.
Інге кіріп, ұйқыға шомбайды күн,
Күн самғайды заңғардың қиясында.
Күн бата ма?
Күн батса, не болады?
«Күн батты»- деу білместің жорамалы.
Күн тек қана көзіңнен тасаланып,
Көкжиекке зырлайды одан әрі…
Мейіріммен жылытса жаңа бізді —
Қарт атаны, жас сәби, анамызды,
Бірте-бірте аунайды батыс бетке,
Жалғастырып араймен арамызды.
Күн батпайды, ешқашан күн батпайды,
Күн батса егер, қайтадан үн қатпайды.
Сырғып сол алтын күндер өткен сайын
Әр минутың қаншама қымбаттайды.
Күн батпайды.
Күн батса, не болады?
«Күн батты»- деу білместің жорамалы.
Күн тек қана көзіңнен тасаланып,
Көкжиекке зырлайды одан әрі…

Туыс тілек

Білетін сыйлата да, сыйласа да
Ақжарқын жақсы жеңге, қимас аға!
Армандай күттік қанша осы күнді,
Күтті оны бізбен бірге бұл босаға!
Қуаныш қорыққанмен шыны бірдей:
Жүрдік пе шын қуаныш сырын білмей?!
«Тіфа!» деп айтайыншы, кез тимесін,
Қарашы келін гүлдей, ұлың дүрдей.
Мүбәрәк көп тілеуін қайталайын,
Тағдыры ұзағынан сүйіндіргей.
Екі жас бақыт құшсын ғұмыр бойы
Тап осы той күнгідей, бүгінгідей.
«Келіннің,- депті қазақ,- аяғынан»,
Бұ сөзге нанады қарт, нанады ұлан.
Бір әзіл қосқым келді өлеңіме:
Әзілде оғаштық жоқ баяғыдан!
Қозыдай төгіп берсін көктемдегі
Келіннің ұл сорғалап балағынан.
Жаңылсын ғазиз ата, ардақ әже
Немере, шөберенің санағынан!

Қандай қымбат

Өтермін… қанша жүрем…- ұзамаспын,
Ажалдың тас құрсауын бұза алмаспын.
Ойласаң қысқа өмірдіңқызығы аз ба —
Мен өзім сондай оймен ырзаластым.
Тірліктің тынысынан елтимін де,
Ақындық шабытынан қыза маспын.
Өрнектеп көкейдегі ой мен сөзді,
Шырқаймын қиянына құз-жартастың…
Қадірін уақыттың кім біледі?
Жасында кімдер оған ділгір еді?
Секундтің сыртылы енді бір ғұмырдай,
Сағаттың қандай қымбат күмбірлеуі?!

Білім күні

Жыл он екі ай – үш жүз алпыс,
Бірде-бірі жатсынбасын ешкім де.
Үш жүз алпыс күннің бірі – білгенге –
Білім күні!
Сенің де ойың өсті ме?!

Серуендетем атамды

Менің атам майдангер,
Фашизмді құртыпты.
Бастап кетті майданды,
Төрт жыл талмай қырқысты.

Шеккен бейнет баяғы
Қайдан қалсын боран-сыз.
Баса алмайды аяғын,
Үй тұтқыны амалсыз.

Берді әкем қоларба,
Жарасын деп көмекке.
Мұндай жеңіл болар ма,
Дайын әзір керекте.

Маған ауыр демейді,
Тиеді ғой күшіме.
Дырылдатып жөнейді
Алматының ішінде.

Доңғалақтың шеңберін
Айналдырып қолымен,
Өзіне-өзі дем беріп
Жаңылмайды жөнінен.

«Ішім пысып, зерігіп,
Жалғыз жүрем жалығам», –
Дейді атамыз демігіп,
Ақтарылып ағынан.

Ұзартамын өрісін,
Серуендетем шаһарда.
Қаруластармен көрісіп,
Мәз болады атам да.

Жаңғырық

Тауға бардым, ән салдым,
Ашық екен дауысым.
Өзім естіп, тамсандым:
Жаңғырықты тау іші.
Айналаны ән қылып,
Тұрды естіліп жаңғырық.
Құлап түсіп, жыладым,
Қатты шықты дауысым.
Шалды кенет құлағым:
Жаңғырықты тау іші.
Айналаны даң қылып,
Тұрды естіліп жаңғырық.
Күн өрмелеп ақ шыңға,
Талай таңдар атады.
Жаманың да, жақсың да
Жаңғырығып жатады…
Жақсылықтан жаңғырық
Жаңғырықсын мәңгілік!

Наурыз мейрамы

Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе аз ғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,

Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы

«…Мен жасым ұлғайған жазушымын. Қайырылып, сонау артта қалған бел-белестеріме, шұғылалы шақтарыма, мұнарлы тұстарға қарасам, «әттеген-ай» деп күрсінер, «ой бәрекелді» деп сүйсінер сәттерім де аз емес сияқты. Мәселен, өз өмірімнің самала-сәулелі беттері деп ұлы Мұхтар Әуезовпен танысып, араласып, жақындасқан жылдарымды, ұлы құшақтың ыстығына жылынып, өнегесінен үйренген кезеңімді, «досым» деген мейірін естіген мезеттерімді айтар едім. Ең алғаш 1949 жылы үйіне барып, отбасында Мұхаңнан интервью алғаным, оны «Пионер» журналына бастыруым жақындасуымның беташарындай болды. Мұхтар Әуезовті зерттегендердің сол сұхбатқа анда-санда сілтеме жасайтындары бар. өйткені Мұхаң ол сұхбатта «Абай» романының туу тарихын тұңғыш баяндап, сыр ақтарған болатын».

Мұзафар Әлімбаевтің өлеңдері — bilim-all.kz сайтынан алынды.

фотолар:gamshy.kz, youtube.com, massaget.kz, anatili.kazgezeta.kz