Адам жанына араша болған дәрігерлер

Суретте: Алтай Мадияр Мұхтарұлы

Суретті жіберген:А.Айтбаева

Науқастанып қалғанда, ауруханаға барасың. Дертіңді анықтау үшін қаншама талдаулар жасайсың. Жаныңа араша іздеп, дәрігермен кеңесесің. Аурудың қай түрі болса да бастапқы кезінде дәрігерлік тексерістен өтіп, дауа жасамасақ, оның соңы созылмалы түріне өтіп, асқынып кетеді. Осындай сәтте саған жылы сөзін арнап, емделу жолдарын айтып, емдейтін дәрігерден айналасың. Дәрігерді қалай дәріптесекте, лайықты.

Бүгінде жасы келген адамдардың көбі түрлі диагнозбен аурухананы айналшықтаймыз. Дертімізге дауа іздеп, шарқ ұрамыз. Мен де көптен бері науқастанып қалып, Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Медициналық орталығының Ұлттық ауруханасы «Кардиоваскулярлық» бөлімшесінде ем алудамын. Жастың келгені ме, әлде айтып келмейтін ауру ма? аяғымнан жүре алмай қалдым. Ұлттық аурухана дәрігерлері қан талауларымды тезарада алып, нәтижесінде аяғыма ота жасады. Ота – оңай емес. Соған қарамастан, тамыр хирургтерінің ыстық ықыласы, адамға деген шынайы жанашырлығы біліктілігімен астасып, өмірге құштарлығыңды арттыра түседі. Ұжымдағы барлық медицина қызметкерлерінің өз саласында жауапкершілігін, өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігін байқадым.

Науқас адам тым талапшыл, жаны нәзік, кейде науқасы меңдеген кезде ашуланшақ, жүйкесі жұқарған болатынына қарамастан  «Кардиоваскулярлық» бөлімшесінің ақ халатты абзал жандарына риза болдым. Жүректен шыққан аналық ақ тілегімді бөлімше меңгерушісі — Маханов Данияр  Индемесовичке арнаймын. Маған отаны тамыр хирургі С.Т.Ержанов жасады. Самат  Төлмұханұлына арқалағаны науқасынан айыққан жандардың алғысы болсын деймін. Отаның  жасалу сәтін арнайы  монитор арқылы қарап жаттым. Алайда, отаның сәтті өткенін наркоздан оянғанда сездім. Наркоз дегенімізді толық атайтын болсақ — орталық жүйке жүйесіне дәрілік заттарды енгізу арқылы жасанды түрде жасалатын терең ұйқы және жансыздандыру дегенді білдіреді. Отадан бөлімшеге шыққан соң, дәрігер  Алтай Мадияр Мұхтарұлы емдеді. Жасы келген қарттарға, әсіресе жаны нәзік ақ жаулықты аналарға сыпайылық танытып, қалжыңдай отырып, дертіңді ұмыттырып жіберетін шеберлігіне тәнтімін. Аурухана бөлмелеріндегі науқастардан бата алып, көктей беруіне тілектеспін.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Сол айтпақшы, аяғымның ауырғаны басылып, өздігімнен жүре бастағаныма қуанып, бөлімшенің дәрігерлеріне аналық алғыс білдіріп отырмын. Олардың қатарында аға мейірбикелер Жанұзақова Қатира, Дулатова Алма, Төлешева Әсел, Молдақанова Балнұр нағыз еңбекқор жандар. Мейірбикелер  Сүлейменова Гүлмира, Қали Жанна, Щерлова Раисаға рақметім шексіз.

Априза АЙТБАЕВА,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Еңбек ардагері.

Алматы