«Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады»
Таңғы астан кейін далаға керуенге шығу әдеті. Бүгінде ақырын аяңдап келе жатқан. Ойына жиі орала беретін әсерлі сәттері мектепте ұстаздық еткен жылдары. Қазір ойласа, ғұмырының 40 жылы бір мектепте, Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінің химия факуоьтетін бітірген соң өзі білім алған қазір Т.Рысқұлов мектебінде ұстаздық етумен өтті. Білім саласында таратылған тәжірибесі, еленген еңбегі, шәкірттерінің жетістігі орынды бағаланды.
«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері». Өз пәніне арналған әдістемелік оқулықтарды айтпағанда, қаншама әдеби кітаптарды оқыды. Ұстаз ізінен ілесіп келе жатқан көптеген жас мамандарды үйретті, мұғалім мамандығын шын ниетімен сүйіп балаға шынайы білім беруге құлшындырды. «Ұстазға» арналған өлеңдерді, мақал-мәтелдер мен даналық сөздерді жадына сақтады. Әркез Абай Құнанбайұлының «Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады»- деген ғибратына жауап іздеді.барлық сұрақтарына іздене жүріп жауап тапты. Тұжырымды ойларды балаға білім беруге жұмсады.
Бүгінде Атамқұлов Бәкір мен Жамашева Майра қос қария атанып, ел тыныштығы мен балаларының амандығын тілеп, әр таңның жарқырап атқанына шүкіршілік етіп отыр. Ардагерлердің аудан дамуына, білім саласына қосқан еңбегі елеусіз қалмады. Екеуі де «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бәкір Қыдыралыұлы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері. Майра Жамашқызының да «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
—Апай-й!- ролик теуіп жүрген бүлдіршін қыздар айналып келіп әжесіндей көріп құшақтай алды. Шөберелерімен жасты қыздар.
—Қыздардың жарқын күлкілері бұлақтың сылдырындай мөлдірін – ай! Шөберелерін де сағынып жүр. Немереден де шөберінің ыстық болатыны Жаратқанның сыйы ғой. Шөберелерді қатты сағынады. Апайды жетектеп алған қыздар өздерінше мәз. Олар біраз жүрген соң, телефонның қоңырауын естіп ары қарай кетті. Тұтқаны алып еді:
—Майра Жамашқызы, салеметсіз бе! Біз сізге келе жатырмыз.
—Иә,иә! Келіңдер! Қазір ғана сендерді ойлап, көшеде серуендеп жүр едім.
Шәкірттерін күтіп алайын деп ілгері жүре берді. Қырық жылда қаншама жаз ұстазға ұстаздық етті.
—Апай, сізді көріп бұрылдым,- деген азамат келіп, ұстаздың хал-жағдайын сұрап, мектептегі кездерін еске түсірді.
—Апай, менің тегімді білесіз бе?
—Сендердің барлықтарыңды білемін ғой. Әй, сен мені сынап тұрсың ба? Мұқашев Болатсың, ал. Ұстаз бен шәкірт осылай бір мәре-сәре болып тұрғанда, қолдарында гүлдері бар аналар да келе қалды. Олар — Макен Зейноллақызы, Қаншайым Закенейқызы, Азиза Аманқосқызы, Сайлау Аманқұлқызы, Күлкен Жаубасарқызы, Клара Бимолдақызы.
—Жан құрбым Тілеулес Асырқызын да қастарыңа алмадыңдар ма?
—Апай, ол кісі үйіңізге келіп алдым деген.
Ұстаздар бас қосқанда, отырып алып сурет альбомдарын ақтарып, өткен шақтың әр сәтін қанша әңгімелесе де жалықпайтын әдетімен бала оқытқан жылдарына сүңгіп кетті…
Майра Жамашқызы да суреттер туралы әңгімелей отыра, өткен өміріне шолу жасады. Бүгін арнайы келген ұстаздар мен апайдың жас айырмашылығы он жылдай, сондықтан олардың әрқайсысы өзін ұстазы санайды. Ұстаздық еткен жылдары үзіліссіз мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп партия ұйымының хатшысы қызметін атқарғанда, жыл сайын мұғалімдер құрамы жас педагогтармен толығатын. Сондай жас мамандардың бір тобы үнемі апайымыз деп хабарласып, реті келсе жиналып келіп, бүгінгідей көңілін бір серпілтіп кетеді.
Майра Жамашқызының ата-анасы Жамаш пен Дариға Шалгинбаевтар әуел баста Алматы қаласы аэропортының жанында тұрған. Әкесі 1936-1942 жылдары аэропортта еңбек етті. Анасы да аэропортта жұмыс істеді. Содан кейін мал шаруашылығына ауыстырылған Бұл соғыстың алдындағы жылдар ғой. Әкесі Жамаш жұмыс бабымен Жамбыл ауданының Тарғап ауылына ауыстырылған.
—Әкем соғысқа дейін өндірісте жүріп, мертігіп қалады, мүгедектігі болған соң әскерге жарамай қалады да, жұмысты ұйымдастыру мақсатында кеңшарға жібереді. 1942 жылы 1- мамырда мен дүниеге келіппін. Менің тілім шығып сөйлей бастағанда, әкем газеттің ақ жеріне қара қарындашпен
әріптерді жазып беретін. Мен соны көшіріп жазатынмын. Бума-бума газет келетін. Әкем оқып болған соң, дәптер тапшы, газеттің сары қағазының бос жерін де тиімді пайдаланғанын кейінірек білдім. Қолы босай қалса, маған әріп үйрететін. Қаріптерді мектепке бармай тұрып жаттап алдым. Жасым 6- ға толғанда мектепке баруға қатты асықтым. Әкем 1952 жылға дейін мал шаурашылығында табан тіреп, жемісті еңбектенді.
Жас 7-ге толмады деп мектептің бірінші сыныбына қабылдамады. Бірақ зеректегімді байқаған директор, ынтамды қақпай, соңғы партаға отырғызып қойды. Келесі жылы бірінші сыныпқа бардым. Бесінші сыныпқа өткенде ата-анам Ұзынғаш ауылына көшіп келді. Әкем ұжымшардың жұмысына орналасты. Мектепті үздік бітіріп, университетке түстім. Жоғары білім ордасынан кейін өзім оқыған мектепке мұғалім болып орналастым,- деп Майра апай басқа мұғалімдердің балалық шағы қалай өтті екен деп отырған әріптестеріне қарады.
Тағдырдың бұйрығымен өзімен 5- сыныптан бірге оқыған Атамқұлов Бәкір Қыдыралыұлымен отау құрып, міне алпыс жылға жуық бірге өмір сүруде. Бейбіт, Елдос, Мади, Гүлмира, Эльмира есімді балаларынан өрбіген ұрпақтарынан немере, шөбере сүйді. Балаларының әкесі, атасы Бәкір ағайдың ата-анасының есімі елге белгілі азаматтар. Қыдыралы ақсақал соғыс және еңбек ардагері. Өз ісінің нағыз майталманы. Өмірінің соңына дейін аттан түспей, еңбекке араласты. Жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Жастардың жандүниесіне туған жерге деген сүйіспеншілікті еңбек арқылы көрсету қажеттігін дәлелдеп кеткен қадірлі азаматтар. Маңдай термен абыройға бөленген жандар.
Анасы Күлия Атамқұлова атақты сауыншы атанып, 1955 жылы Ұзынағаш сайлау округінен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланған жан. Көпбалалы отбасындағы ұл-қыздарын да тәрбиелеп, өзінің міндетіне алған кәсібін де дөңгелетіп, туған ауылы ғана емес, ауданның экономикалық ахуалын жақсартуға, адамдарға қалыпты өмір сүру үшін жағдай жасауға атсалысқан ананың жарқын бейнесі ел есінде. Солай бола тұра өткен ғасырдың тұлғаларының есімін атап, олардың жүріп өткен өмір жолының өнегесін бүгінгі ұрпаққа айту – әр ата-ана мен ұстаздың, қоғамның міндеті деп білеміз.
Бәкір Атамқұлов жоғары білімді мал дәрігері. Жас маман ретінде ісерлігі, белсенділігі, мамандығына деген адалдығының нәтижесінде басышылық қызметке дейін көтерілді. Мектепте бір сыныпта оқыған жастар аға үш жылдық әскери борышын өтеп қайтқан соң, шаңырақ көтерді. Мінезі біртоға. Көп сөзге жоқ. Турасын айтатын ағаны дастарханға бата беруге шақырғанда, келіп игі тілегін арнады.
Апайдың оқушы кезіндегі суреттерін тамашалаған ұстаздар мектеп бітіру кеші туралы айтып беруін өтінді.
Апай мектеп бітірген кезін еске алып, ұзақ күлді.
—Біздердің арамызда он жыл айырмашылық бар. Бізге қарағанда сендердің мектеп бітіру кештерінің әлдеқайда заманауи жағдайда өтті ғой. Біз кірпіш құйдық. Аттестат алатын әр жасқа берілген міндетті тапсырма еді. Соғыстан кейінгі еліміздің енді қалпына келе бастаған кезі. Ағаларыңмен 1958 жылы мектеп бітірдік. Ұлдар топыраққа сабан салып, аяқтарымен илейді. Қыздар лайды қалыпқа саламыз. Күніне 100 кірпішті мектептің шаруашылық басқарушысына өткіздік. Мектепті 52 түлек бітірдік. Бір кісідей бізге міндеттелген кірпішті құйып біттік. Жуынып-шайынып алған соң «үшіншісі артық» ойынын ойнап, аттестатымызды алып үйге қайттық. Біздің мектеп бітіру кешіміз сол. Кейін біз дайындаған кірпіштен қазіргі Шоқан Уалиханов атындағы мектептің қосымша ғимараты тұрғызылды, — деді.
Майра Жамашқызының да, мұғаліміне келген ұстаздардың айтатын естеліктері аз емес. Бар уақыты мектепте өтетіні былай тұрсын, күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде ұстаздар демалыс күндері ұжымшар жұмысына көмекке баратын. Апаймен жасты ұстаздар алдымен жаз айларында темекі жинауға көмектескен. Кейіннен қызылша өсіруге қолғабыс етті. Әсіресе, күз айларында бүкіл мектеп оқушылары қызылша қар астында қалып. үсік шалмас үшін алқапта жұмыс істейтін. Одан кейін жүгері тазалаудан да бас тартпай, қырманда жеңін түріп, ел байлығын ысырап етпес үшін еңбек еткен жандардың туған еліне деген шынайы сүйіспеншілігінен бүгін де отбасындағы балалары, әр жас ғибрат алары сөзсіз.
—Біздің заманымызды қазіргімен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан, балалық кезіміз де, студенттік шағымыз да қызыққа толы болды,- деп М.Жамашева әңгімесін қайта жалғады. —І-курсты аяқтағанда Алматыдан поезбен Ташкентке келдік. Вокзалда адам тасымалдайтын көліктер тізіліп тұр екен. Біздің курсты Ташкенттен 89 шақырым Пахтаарал ауданына жіберді. Мақта тердік. Бір адамға екі қатар береді, алдымызға алжапқыш киіп алып, қолмен жинаймыз. Тікені саусақтарыңа кіріп кетеді, сонда да қыңқ демей, еңбек етіп, жаңа жылдың алдында Алматыға оралдық. Әр курстың соңында ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесу үшін жаз бойы еңбек етеміз. Химия сабағынан тәжірибе жинау үшін Жамбыл фосфор, Алматы ауыр машина жасау шыны зауыттарына баратынбыз. Педагогикалық тәжірибені шыңдау мақсатында алғашқы жылы Мәскеуге бардық.
Қай мамандық, кәсіп иесі болмасын маңдай тер төгіп еңбек етпейінше адам баласы мақсатына жете алмайды. Мақсатқа жету – ұзақ жол, оны шаршамай жүріп өту қажет. Өткен ғасырда дүние еісігін ашып, ерен еңбегімен оның әр парағына қолтаңбасын қалдырған Бәкір Атамқұлов пен Майра Жамашқызынан өрбіген ұл-қыздары да ата-ана жолымен өз жолында мақсат биігіне өрлеуде.
—Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» — деген ұлағаттына лайық ұстаз бола білдік деп ойлаймыз. Бізден білім алып, тәрбие мәйегіне қаныққан шәкірттеріміздің барлығы өмірден өз орнын тапты. Қазір олардан өрбіген ұл-қыздары бізді танып, кездесе қалсақ алдымыздан кесіп өтпей, күтіп алып сәлемдеседі. Мектеп бітірген түлектердің барлығы да есейгенімен, бізге оқушы. Біз оқушымызбен мақтансақ, оқушыларымыз ұстаздарды үнемі естен шығармайтыны бізге деген құрметі мен ризашылығы деп білеміз,- деген Майра апайдың ұстаз шәкірттерінің әңгімесі таусылар емес…
Ж.Кучукова,
бас редактор
Суреттер Майра Жамашқызының жеке архивінен алынды.