Афиныны бағындырған Айжан

Ерік-жігер дегенде, әдетте, көз алдымызға ғажап адам, өмірде кездейсоқ кездесе бермейтін жанның бейнесі елестейтіні анық. Біз ондай кісілер жанымызда болып, бір жерде бірге жүреді-ау деп те ойлай бермейміз. Алайда осы пікірімнің жаңсақ екеніне күні кеше көзім жетті. Олай дейтінім бар күшін қолына буып, биік белесті бағындырған қазақ қызының Грекия еліндегі ерлігін естідім. Ол – Күршімнің тумасы Қожабаева Айжанның Афины марафонында өнер көрсетуі.
«Айзатта» той тойлап, «Айзаттан» сауда жасап жүрген жерлестеріміз үшін Айжанның ата-анасы Мұрат ағай мен Меруерт апайдың есімі таныс. Бұл отбасы үшін еңбек — құрғақ сөз емес, сөз бен істің өзара қабысуы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Айжан да аянбай еңбек етудің нәтижесінде үлкен жетістікке жетуде.
Афины марафоны – әлем марафоншылары үшін айтулы шаралардың бірі. Дәстүр бойынша қазан-қараша айында өтетін бұл шараға биыл Айжан да қатысты. Ата-анасының айтуынша, Айжан бала кезінен сан қырлы болған. Жеңіл атлетика, волейболға қатысып жүріп, ұлттық аспабымыз домбырада ойнап, көркем сөз оқыған. №3 Күршім гимназиясын «Үздік аттестатқа» тәмамдап, аудан әкімінің «Үздік оқушы», «Үздік спортшы» медалін алған. Алысқа қанат қаққан гимназия түлегі Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің экономика факультетіне грантқа түседі. Студент кезінде де спорттан қол үзбей, алыс қашықтыққа жүгіруге бет бұрады. Астана, Алматы, т.б. қалаларда және көрші қырғыз еліндегі Бішкекте өткен марафондарға қатыса жүріп, тәжірибе жинайды. Өз хоббиі арқылы Отанын әлемге танытқысы келген Айжан 42 шақырымдық марафонды бағындыруды қолға алады. Өз мақсатына жету үшін бұл спорт түрімен 2 жыл бұрын қарқынды түрде айналыса бастаған.
Спорт – тәртіп. Спорт – ерік-жігер. Спорт адамнан ерен еңбекті талап етеді. Соның дәлелі – соңғы екі жылда Айжанның күнде таңғы 5-те тұрып, кемінде 10 км қашықтықта жүгіруі. Үздіксіз дайындық Афиныға жеткізді.
Марафонға әпкесі Байкенова Айзаттың «Ханым» ательесінде қазақи нақышта киім тіктірген. Бұл киімнің ерекшелігі – киімге ұлтымыздың батыр, батыл әйелдерінің аттарының жазылуында. Томирис, Айбике, Дина Нұрпейісова, Ольга Шишигина, Ольга Рыпаковалардың аттарын жаздырып, олардың елімізге сіңірген еңбегі алдында бас иетінін, олардың есімімен мақтанатынын жеткізді.
Қожабаева Айжан өз сөзінде әлемдегі ең алғаш марафон өткен мекенге, жаудың жеңілгенін еліне қуана жеткізген грек жауынгері Фидиппид жүгіріп өткен жерге табаны тигенде қобалжып, қуанғанын, бұл сәтті ешқашан ұмытпайтынын айтты. 42.2 шақырым қашықтықты 4 сағатта еңсерген қайсар қазақ қызы өз жеңісін халқының аяулы қыздарына, батыр аналарға, дана әжелерге арнады.
Бұл — асқан табандылық, дайындық әрі дисциплина нәтижесі. Сол табандылықты грек жерінде Қазақстанды танытқан қайсар қыз көрсетті.
«Ел ертеңі – жастар қолында» екенін ескерсек, Айжандай жастар қатары елімізде көбейе берсін. Біз, оқушылар, үлгі алатын, жерлестері есімімен мақтанатын азаматтарымыз ылайым көп болғай!
ТӨЛЕУХАНОВА Нұрдана,
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы,
№3 Күршім гимназиясының 11-сынып оқушысы