Аида Балаева: Балаларымыздың қауіпсіз ақпараттық ортада өсіп, дамуы өте маңызды
Петиция биыл 10 маусымда жазылған
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы петицияға қатысты қазақстандықтарға үндеу жолдады. Петиция биыл 10 маусымда жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv. (02.08.2024 | 20:03)
—Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырып, қызу пікірталасқа жалғасты. Өйткені мемлекет тарапынан адам құқығына көп көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ қазақстандықтар қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Қазақстанда Президенттік реформалар аясында демократиялық даму, адам құқығын қорғау және заң үстемдігін нығайту үшін барлық қажетті заңнамалық жағдай жасалған. Соның бірі – петиция институты. Конституция нормаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстан кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асырады. Ол саясат негізінде қоғамдық-конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау және толеранттылық сақтауды қамтамасыз ету міндеттелген, — деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, қоғам пікірі екіге бөлінген.
—Жұмыс тобына қоғамның түрлі тобы арасынан 45 адам кірді. Атап айтқанда, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар және мүдделі тараптар қатысты. Қоғамдық көп бөлігі мәселені талқылауға белсенді атсалысты. Жұмыс тобының екі отырысы және ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізу кезінде өтініш бойынша келіп түскен ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге салыстырмалы талдау жасалды. Петицияда көтерілген мәселелерді реттеуде халықаралық тәжірибе зерделенді. Жетекші ұлттық ғылыми зерттеу ұйымдарымен және сарапшылармен кеңес өткізілді. Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың ұсынған пікірлері, ұсыныстар мен дәлелдері, зерттеу материалдары мен үндеулердің барлығы назарға алынды, — деді министр.
Ведомство басшысы жоғарыда атқарылған жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз екендігін айтты.
—Дегенмен бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерделеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керек екенін көрсетті. Бұл уақытты қажет етеді. Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан, балаларға жыныстық қол сұғуға қарсы қылмыстардың өсуі аясында жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды, оның ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау талабы өзекті әрі қажет. Балаларымыздың ақпараттық қауіпсіз ортада өсіп, дамуы аса маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз оларға дұрыс рухани, адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны ұстануға, генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте өзекті, — деді Аида Балаева.
Сурет: Egemen Qazaqstan газетінен алынды.