Қайсарлығымен дараланған жандардың IV «Жігерлі жүрек» форумы жайлы бірер сөз

Наурыз мерекесі қарсаңында Шым қала төрінде  ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған IV «Жігерлі жүрек» форумы өтті.

Өмірдің қадірін білуге үндейтін жобаға  белсенді азаматтар ерекше балалардың ата-аналарын, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері бір мақсат жолында бас қосты.

Қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен форумның басты мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен олардың отбасыларын қолдау, сондай-ақ білім алу, жұмысқа орналасу және әлеуметтік тұрғыдан өзін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.

Аталған форумды  тең қоғам  қалыптастыру бағытында жұмыс істейтін «Arman Alemi» қозғалысы Шымкент қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және серіктес – «Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қорының қолдау көрсетуімен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Қатарынан төртінші жыл өтіп жатқан форум  — тең қоғам құру, тең қоғам құрудағы мәселелер мен шешімдер талқыға салу алаңы.  Форум аясында сарапшылар мен әлеуметтік жобалар жетекшілері өз баяндамаларын жасап, мемлекет, бизнес және азаматтық сектор арасындағы серіктестікті нығайту мәселелерге қатысты тұщымды ой -пікірлерін жеткізді.

Форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Парманов:

—Форумның басты мақсаты – ерекше жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру және дарынды жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасау. Қала әкімдігі мұндай бастамаларды әрдайым қолдайды. Өйткені олар баршаға тең мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыруға ықпал етеді, – деп, тең қоғам құрудағы барша адамның рөлі тең екенін жеткізді.

Жоба авторы, мотиватор, әнші және қоғам белсендісі Салих Калиев:

—Бұл форум  – адамдарды шабыттандыратын және рухы мықты жандардың тәжірибе бөлісетін алаң! Бұл жоба тоқтамайды!, -деп форумның мақсатына тоқталып, атқарған шараларды әңгімеледі. Ерекше қажеттіліктері бар жандарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Осы жобаға арнайы қонақ ретінде  еліміздегі көпшілік кітапханада  (арнайы кітапханадан бөлек) жұмыс жасайтын  ерекше қажеттілігі бар тоғыз  кітапханашының бірі, І- топтағы мүгедектігі бар азамат,  Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқу бағдарламасының 2 курс студенті, Түлкібас аудандық ОКЖ қарасты Тастұмық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы қатысты.

Ол форумда: — Қайсарлық — жігерімізден. Жігері мықты адамдар — шексіз мүмкіндіктің иелері,- деп өз тағдырластарына жоғары баға беріп, өз жұмысы мен өмір сүру қағидаларымен бөлісті.

Гүлзира ӘШІРБАЙ,

Педагогика ғылымдарының магистрі