Алғаш рет ағылшын тілінде шешендік өнер байқауы өтті

Абай атындағы республикалық мектепте шешендік бағытқа жаңа леп алып әкелген, бұған дейін еш жерде болмаған ерекше сайыс өтті. Атап айтқанда, қазақтың асыл мұрасы би-шешендеріміздің ғибратты сөздерін ағылшын тіліне мән-мағынасын өзгертпей аударып, көрерменге жатқа айтып жеткізу жарысы өтті. Байқауда Абай атындағы желілік мектептерден 4 қатысушы, Абай атындағы РММИ-дан 5 оқушы сынға түсті. Сайыстың мақсаты: қазақтың шешендік мұрасын әлемдік деңгейде танымал етіп,  өзге елдерге насихаттау.

Сайыс нәтижесіне тоқталатын болсақ:

1-орынды БҚО(Орал), «Абай» атындағы дарынды балаларға арналған мектеп – интернат – гимназиясы» 10-сынып оқушысы Мүбәрак Гүлім иеленіп, 20 000 теңгелік сыйақыны ұтып алды. Гүлім Әнет бабаның даналық сөзін айтып, сарапшыларды да, бізді де таңқалдырды.

Жүлделі 2-орынды және 15000 теңгені Шымкент қаласындағы №90 мектеп-гимназиясының оқушысы Бердіхан Альбина мен Абай атындағы РММИ, 9-сынып оқушысы Тақылбекқызы Айсымбат алды. Өте жақсы деңгейде көлемді мазмұндағы шешендікті аударып, жатқа айтып сұрақтарға да дұрыс жауап берді.

Қалған 6 оқушы: Күнғабылова Жансая, Інібай Мерей, Маратова Сабина, Қарақат Асқарқызы, Саттыбаева Еркенұр, Мұрат Әдия 3-орынды һәм 10 000 теңгені  қанжығалады. Қатысушылардың сөзді түсінуі, оны дұрыс аударуы бізді таңқалдырды. Қатысқан қатысушылардың ешбірі жүлдесіз қалмады. Жүлде қоры 120 000 тг болды. Демеушілік етіп, жас таланттарды ынталандырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті, phd доктор Жұматаев Нұрлыбек ағамыз. Сайысқа сыни көзқарас танытып, барлық жұмыстарды жіті тексеріп, тыңдаған бас сарапшы “Алтын тобылғы” әдеби сыйлығының иегері, АҚШ-тың Жорж Вашиңтон университетінен Болашақ бағдарламасы бойынша білім алған ақын, журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Осылайша ұлттық шешендік мұрасыздың жаңа жаһандық тынысы ашылды. Бұйырса алдағы жылы  жалпы Республикалық сайыс ретінде өткізу жоспарлануда. Сол уақытта бәсеке де, талап та, ұсыныс та көп болмақ. Осылайша 5 жылдығын тойлап отырған “Ділмар”үйірмесі шешендікті халықаралық деңгейге шығуының алғашқы қадамын жасалып жатыр.  Шешендікті шетелге танытатын сәтте жақындап қалды…

Аптасына бір іс-шара өткізуді әдетке айналдарған “Ділмар” үйірмесі бұл шарамен ғана тоқталмаған еді. Алдыңғы аптада “үйірмеге мүшелік етсем, мен де шешендікті дамытсам” деп жүрген жас талапкерлердің арасында алғашы рет жекпе-жек шешендік сайыс ұйымдастырылған. Сайысқа бас-аяғы 13 оқушы қатысты. Байқаудың тақырыбы қатысушыларға 3 күн бұрын  ғана берілді. Соған қарамастан алғашқы сайысы болса да  сүбелі сөз бен терең  ой айта алған оқушылар да бар. Бұл жолы еш оқушы төмен деңгейде өнер көрсетпеді. Барлығының айтар ойы һәм сөзі бар. Осындай жас таланттар өзін-өзі шыңдап, ерінбей еңбек етсе биік шыңға жетері хақ.

Осылайша Абай мектебінде бала ділмарлардың өсіп келе жатқандығын байқаймыз. “Көре-көре көсем боласың, Сөйлей-сөйлей шешен боласың” демекші, қазіргі жас дарын, болашақ сөз шебері. Сөз құдыретін өз құдыретім деп бағалай білейік!

КОПТЛЕУОВА Гульшат,

Абай атындағы РММИ-дің

10-шы сынып оқушысы.

Алматы