Алғашқы тапсырма – актерден сұхбат алу

Әл-Фараби атындағы (С.М.Киров атынждағы 1981-1986 жж.) ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің ІІ — курста оқып жүргенде, факультет деканы, профессор, Темірбек Қожакеев басқарған  «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы»   кафедрасының аға оқытушысы Дүйсебаева Тұрымтай ұстазымыз бір күні студенттерге тапсырма беріп, әр жанрда жазған дүниеміз  «Университет» газетіне басылатанын айтты. Маған М.Әуезов театрындағы бір актерден сұхбат алу тапсырылды.

Әкемтеатрға І-курста  құрбым Нұрқалиева Бақыт екеуіміз алғаш рет «Айман-Шолпан» спектакліне бардық. Спектакль туралы қолымызға парақша берілгенде актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың ойнайтыны жазылыпты. Басқа актерлерді танымаймыз.  Фильмдегі Қыз Жібек пен Төлегенді жақыннан көреміз деп мәзбіз.  Жастық шақ! Құрбыммен содан кейін спектакльдерге жиі бардық. Бір жағынан театрдың аурасы қатты ұнады, екіншіден Құман мен Меруертті жақыннан көрсек дейміз. Жақыннан көре алмадық, өйткені, билетті бізге соңғы орындарға сатты. Сөйтсек, алдыңғы орындар арнайы қонақтарға беріледі дегенді білдік. Театр  буфетінің тәтті тоқашы қандай еді! Сол себепті актерден сұхбат алу тапсырмасына қиналған жоқпын.

Тапсырманы ала сала, сабақтан шығып, театрға келдім. Түстен кейінгі уақыт болатын. Сондықтан театр іші тып-тыныш. Кірген бойда қарасам, киім ілгіш жақта екі апай сөйлесіп тұр екен.

—Сен ерте келіп қойдық. Спектакль кешке басталады деп афишаны нұсқады.

—Мен ҚазҰУ-нен келдім, — деп жайымды айтып шықтым. Біреуге телефон шалып еді, бір келіншек келді жанымызға. Қазір ойласам, баспасөз қызметкері болған-ау. Оған да арнайы тапсырмамен келгенімді айттым.

—Күте тұр, қазір (актердің аты-жөнін айтқан болуы керек, мен оған мән бермедім). Кім келеді екен? Менімен сөйлесе ме? – деп өзіме-өзім сұрақ қойып тұрғанда жоғарыдан фойеге түскен актерді таныдым, бірақ  есімін білмедім. Алдында ғана Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» спектаклінде Момын шалды ойнаған. Бүгінде кейіпкері киімін киіп алған, бетіне гримм жаққан.

—А, сіз бе? Мен Әнуар Боранбаевпын, — деді.

—Ағай, — деп  тықылдап келген мақсатымды айтып шықтым. Актер маған біртүрлі қарады (кейіннен есіме түскенде ойласам, бойы бір тұтам, қап-қара қыз мен туралы не жазады екен деген шығар). Содан маған сенбей тұрған шығар деп студенттік билетімді көрсеттім, актер күлді, билетке қарамақ түгілі, үңілмеді де.

—Ағай, неге күлдіңіз? Мен сіз осы театрда ойнаған «Қарагөз», «Ана – жер — Ана», «Ақ кеме», «Айман — Шолпан», «Қан мен тер»,  «Еңлік- Кебек» спектакльдерін көрдім, — деп актерге өзі ойнаған спектакльдерді санап шықтым.

—Қазір кешкі спектакльге дайындалып жатырмын, жүріңіз сіздің сұрағыңызға жауап берейін, — деп алдыға түсті, мен соңынан еріп екінші қабатқа көтеріліп есімі жазылып тұрған есікке келіп тоқтадық.

—Мынау біздің жұмыс бөлмеміз, мұны гримерный дейді. Әрі қарай бөлменің ішіне кірдік, қолында косметика щеткасы бар қыз айнаның алдында отыр екен, дереу орнынан тұрды, сол орынға актер келіп отырды. Бір қыз киімдерді  ілгішке іліп жатыр. Мені көріп қыздар шығайын деп еді, «Журналист қарындасымыз, менен интервью алуға келіпті, жұмыстарыңды жалғастыра беріңдер» — деді.

Сол әдеттегі сұрақтарымды қойдым. Театрға қалай келдіңіз? Актер болуға кім әсер етті?  Ең алғашқы сізге танымалдылық әкелген қай спектакль? Студенттің сұрақтары.

—«Гауһартас» фильмін көрдіңіз бе? – деп сұрады.

—Оқушы кезімде көрдім, сіз Тастанды ойнадыңыз, Әмина Өмірзақова, Жанна Қуанышева ойнайды, басқа актерлерді ұмытып қалдым дедім. «Ақырғы аманат ше»?.. Ә.Боранбаевтың сұрағына «Көрмедім» — дедім. Бұл фильмді университет бітіріп кеткен соң, кейінірек көрдім.

Әнуар Боранбаевтың айтқан жауаптарын тез-тез дәптеріме жазып алдым. Ұмытпасам жарты сағатта төрт-бес сұраққа әп-әдемі жауаптар алдым. Кинодағы кейіпкерлерін де атап өтті. Содан кейін «Ақ кеме» спектакліндегі Момын шал ролінде түскен суретіне қолтаңба жазып берді. Театрдан шығарда қыздардың бірі қызметтік есікке дейін шығарып салды.

Кинода, театрда аты шыққан, танымалдылығы артып келе жатқан Әнуар аға шынашақтай студентті, оның болашақ мамандығын құрметтеп, «Спектакльге дайындалып жатырмын. Бүгін уақытым жоқ»,- деп бұрылып кетпей аз ғана уақыт болса да бөлгеніне қуандым. Тапсырмам орындалып, жақсы баға алатыныма сеніп келемін. Не жазғаным есімде қалмапты, сол кезде Ф4 форматта сарғыш қағаздар болатын, соған бірнеше бет қолмен жазып, қателерін түзетіп, әдемілеп көшіріп өткіздім. Алайда, сұхбат газет бетіне жарияланды ма, жоқ па білмедім. Тұрымтай апайға сұхбатымды көрсетіп едім,  жақсы пікір айтты.

Момын шалдың суретін сақтап жүрген едім, көшіп-қонып жүргенде табылмай қалған альбомның арасында кетті білем, таба алмадым. Ол суретті іздеуімнің себебі бар.

Университет бітіргенше театрдан қалмадық. Кейіннен жұмысбасты болып, сирек болса да барып тұрдым. 2000 – жылдардан кейін театрға қызметтес қыздармен барғанымызда, Әнуар ағаның бақилық болғаны туралы кездейсоқ естіп қалдым. Мен сұхбат алған 1982 жылы еді, актер өмірден 1999 жылы фәниден өтіпті. Журналистік іссапармен  2016 жылы Торғай даласына бардық. Алдымен Арқалықтағы мектептерді араладық. Бұрынғы Торғай облысының орталығы болған Арқалықтың әкімшілік ғимараты, Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық университетімен таныстық. Кинотеатрда «Әнуар Боранбаев атындағы» жазуды көргенде актер туралы сөз бастап кеттім. Жол бастаушымыз ертең баратын Амангелді ауылында актер атындағы мектеп бар, өзінің туған жері деді. Қостанай облыстық білім басқармасының ұсынысымен Арқалықтан өтіп, Амангелді ауданына жол тарттық. Аудан орталығы да батыр Амангелді Имановтың есімімен аталады екен.

Қазақстанның  Халық әртісі атындағы мектепте кездесу өткіздік. Оқушыларға Әнуар ағадан студент кезде сұхбат алғаным туралы қысқаша айтып өттім.  Мектепте актерге арналған музей бар екен. Музейге актердің пайданылған заттары, суреттері, спектакльде киген киімдері қойылыпты. Мектеп жанында еңселі ескеркіші орнатылған.  Мектептен шығарда мектеп директоры  жазушы Қайсар Әлімнің «Актер тағдыры» кітабын естелікке берді. 500 беттен тұратын кітапты оқып шыққан соң, тағдырлы актер екенін білдім. Әр актер өзінше қайталанбас тұлға. Әнуар Боранбаев таланты ерекше, ешбір актерге ұқсамайды екен. Түскен киноларындағы ролдерінде мін жоқ. Қамқор әке, аяулы жар, анасының сүйкімді баласы.

«Қазақ өнерінің ақсұңқары» атанған Қазақстанның халық әртісі ІІІ-курста оқып жүргенде-ақ, М.Әуезов атындағы театрда жазушының «Түнгі сарын» спектакліндегі Сапа рөлінен шығармашылық қадамы басталып кеткен. 51 жасында дүниеден өткен актер кино мен театр сахнасында  жетпіске жуық кейіпкерлердің ролін сахналап,  көрермен қошаметіне бөленген жан.

Ойдағы дүние сәтін салғанда, орынлады деген осы шығар, араға сегіз жыл салып, қолыма қалам алып, өнердің қайталанбас саңлағы Әнуар Боранбаев туралы аз-кем естелігімді жазып отырмын.

Актер сол кезде жасы әлі қырыққа да тола қоймаған екен. бүгінде, ағаның жасындағы өнер адамдары түгілі кешегі ғана өнерге келген жастармен бірден сөйлеспек түгілі. маңына жолау мүмкін емес.   Сол заманның адамдары қарапайым, адамгершілігі мол, «Жұлдыз ауырына»  шалдықпаған екен деп ойлаймын.

Ж.КУЧУКОВА