Қала ауасы: Таза болашағымыз үшін күрес

Қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін фактор — ауаның ластануы. Әсіресе үлкен мегаполистер мен өнеркәсіп орталықтарында күн сайын үдеп бара жатқан ауқымды мәселе. Бұл жайында экологтар мен ғалымдар жыл сайын зерттеулер жүргізіп келеді.
Қаланың ластануы әртүрлі факторлардан туындайды. Біріншіден, көліктердің көптігі. Одан шығатын газдар қала атмосферасын, экологияны ластап, оның ішіндегі көмірқышқыл газы мен азот оксидтері сияқты заттар ауаға таралады. Мысалы Алматы, Астана қалаларында көлік саны күн сайын артып келеді. Нәтижесінде қаланың ауасы бұзылып, ондағы тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізуде. Алматы экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, қала ауасының 70 пайызы көліктердің, 30 пайызы өнеркәсіп орындарының қалдықтарынан ластанған. Екінші фактор — өнеркәсіптік қалдықтар. Қазіргі таңда қай қалада болмасын өнеркәсіп орындары өте көп. Мысалы, Алматы қаласында химия, металлургия, цемент басқа да өнеркәсіп саласына қажетті зауыт-фабрикалар бар. Алайда одан шығатын химиялық қалдықтар қала ауасын ластауда. Тек ауаны ластап қана қоймай, бұл факторлар адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, ауаның ластануы жүрек — қан тамырларына, тыныс алу жолдарының қиындауына әкеліп соқтырады екен. 2021 жылы аурулардың жалпы санының 30 пайызы тыныс алу жолдарының ауруларына тиесілі болды, ауаның ластануынан 4000 адамның өмірі қиылды. Бұл зерттеулерге сәйкес, адам өміріне қауіп төндіріп, ауруға шалдығуы жыл сайын үдеп келеді.
Қаладағы осындай мәселелердің орын алуына жол бермес үшін қайта өңдеу, жөндеу шараларын қабылдаған жөн. Экологиялық бақылауды күшейтіп, көлік қозғалысын реттеу, зауыт — фабрикалардан шығатын қалдықтарға арнайы шараларды жүзеге асырып, өңдеу өндірістерін дамыту қажет. Қазақстандағы қаланың, ауаның жағдайын жақсарту үшін тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың өз болашағы үшін үлесін қосуы маңызды. Қаладағы ауаның сапасын арттыру үшін жұмылған жұдырықтай жұмылып, жауапкершілік танытып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Әрбір халықтың экологияның таза болашағы үшін күш салуы — еліміздің, жеріміздің және бүкіл әлемнің болашағы үшін маңызды қадам.
САҒЫНДЫҚ Аяжан,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
«№8 Өтеген батыр» атындағы орта
мектебінің 11 сынып оқушысы.
Жетекшісі: КАСЕНОВА Айгул Жантугеловна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сурет:https://egemen.kz