Алаш ардақтылары мен қуғын – сүргін құрбандары ұрпағының есінде сақталады
Еліміздің барлық өңірлерінде 31 – мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алып алып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Алаш ардақтылары деп, олардың әрқайсысының есімін мақтанышпен атап, рухына бас иеміз. Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлер қуғын – сүрген құрбаны болды. Есімі аталған есіл ерлер қатарында сталиндік репрессияға ұшыраған 70 мыңға жуық зиялы қауым жазықсыз жаламен атылды. Олардан бөлек жүз мыңдаған адам қамалды, Сібір айдалды.
1997 жылы 31 — мамыр еліміз бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды.Жылда ресми шара өткізіліп, ондаған адамдар құрбан болған жандарды еске алып. рухына Құран дұға бағыштайды.
Қарағанды ГУЛАГ — ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа тосын естілетін – АЛЖИР. Оны қазақ тілінде тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөз.
1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді.
Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған.
Еліміздің облыс орталықтарында ашаршылық, қуғын – сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бар. Сол ескерткіштің бірі – Алматы облысы, Талғар ауданының Жаңалық ауылында орнатылған. 2018 жылы саяси қуғын – сүргін құрбандарына арналған музей осы ауылда ашылды.
Жаңалықтағы Ілияс Жансүгіров атындағы №37 мектептің директоры Жайсанбаева Дина Сапарғалиқызының рұқсатымен «Farabi shakirti» журналы оқырмандарымен музейге келіп, жазықсыз жандарды үнсіз еске алдық. Музейдің қор сақтаушысы Идельбаева Толқын Қайратқызы, оқушыларға музей экспонаттары туралы асықпай әңгімелеп берді. Жаңалық ауылының маңына 4130адам жерленген. Музей қабырғаларының қара тақталарына есімдері жазылған жандар туралы мәліметті мониторды іске қосып, алуға болады.Тізімде аталған азаматтардың барлығы да жылдар өте келе ақталды.
Музейді толық аралап, мәліметтермен танысқан соң, конференция залында оқушылар әсерлерімен бөлісті. 10 «А» сыныбының жетекшісі Асанова Жарқын Кожамуратовна мен оқушылары Аяжан Бекжанқызы, Аружан Балақанова, Алғыс Тоқтасын, Мұхаммед Жылқыбай, Альмира Абдықадыр, Омар Дінмұхамед, Зарина Шакир, 8 «А» сынып оқушысы Каусар Каметай, Абай, Мұқағали өлеңдерін оқыды.
Музейдегі мәліметтерге байланысты ойларын тарих пәнінің мұғалімі Абишева Құралай Сапарбековна да ортаға салды.
Ақтаңдақтар жылдары құрбан болған жандар есімі ұрпақтары есінде ғасырлар бойы сақталатыны сөзсіз.
Ж.Кучукова
Суреттерді түсірген: @daryn_photo студиясы;
Айсұлу ДҮЙСЕНҚОЖАҚЫЗЫ,
10 «А» сыныбының оқушысы,
І.Жансүгіров атындағы орта мектеп. Жаңалық ауылы,