Алматы облысында соққыға жығылған мектеп оқушысы ауруханада көз жұмды
Желіде Әймен орта мектебінің 9-сынып оқушысы соққыға жығылғаннан кейін қайтыс болды деген хабарлама пайда болды. «Оны ұрып-соқты» делінген хабарламада.
Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі 13 наурызда Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған ұлының денсаулығына зақым келтірген белгісіз тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, арызданғанын хабарлады.
Арыз ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полицейлер кәмелетке толмаған баланың келесі күні медициналық мекемеде қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады.
«Қазіргі уақытта тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда, тергеу амалдары жүргізілуде. Мәйітті қарау хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықпен өлім белгілерінің жоқтығы анықталды. Өлім себебін анықтауға қажетті сұрақтарды құрастырумен сот-медициналық сараптама тағайындалды» — деп түсіндірді ПД.
Қылмыстық іс бойынша соңғы процессуалдық шешім сараптамалық зерттеу аяқталғаннан кейін қабылданады.
Айнура Дарибаева,
kaz.orda.kz