Алматыда 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салынады

Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы әкімдігі білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына қол қойды.

 «Өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды» іске асыру аясында біз жол карталарын, оның  ішінде сапалы білім беруді дамыту  бойынша жол карталарын  әзірледік. Бүгін біз қол қойған Жол картасы орта білім беру мәселелерін шешу, педагогтеріміздің біліктілігін арттыру және басқа да маңызды мәселелермен толықтырылғанына қуаныштымын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алматы әкімдігінің жоспары бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2029 жылға дейін балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты 35 мың орынға ұлғайту жоспарлануда. Мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесі белсенді түрде шешілуде. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 мың оқушыға арналған 22 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Орта білім беру ұйымдарына тағы 30 мектеп пен 9 қосымша құрылыс салу 2025 жылға дейін оқушы орындарының тапшылығын 23 мыңға жуық төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 50 білім беру нысанын жаңарту жоспарлануда, ал екі жүзге жуық мектеп жаңа буынның пәндік кабинеттерін алады.Жыл сайын екі мыңға жуық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың алғашқы өңірлік ресурстық орталығы пайда болады.

«Алматының 18 мыңға жуық педагогы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, мектептердің басқарушылық құрамының 450 өкілі халықаралық менеджмент бағдарламаларын оқиды, тағы 9 мың педагог функционалдық сауаттылықты, цифрлық құзыреттіліктер мен дағдыларды қалыптастыру бағдарламалары бойынша оқудан өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету үшін колледждерде мемлекеттік тапсырысты 20 мыңнан астам орынға ұлғайту жоспарлануда», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қолжетімділігі мен сапасын арттыру маңызды болып қала береді. 2025 жылға дейін 300 төсектік жатақханасы бар екі жаңа колледж құрылысын бастау жоспарлануда. 4 мыңға жуық ТжКБ оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, 600 арнайы пән мұғалімдері мен өндірістік оқыту шеберлері халықаралық тағылымдамадан өтеді, ал 85 колледждің басшылық құрамы менеджмент бағыты бойынша біліктілігін арттырады.Сонымен қатар, бірқатар іс-шаралар инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған.

Осылайша, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісін, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін кеңейту, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық көмекке мемлекеттік тапсырысты 1400 орынға ұлғайту және қалалық инклюзивті ресурстық орталық құру жоспарлануда. Төрт инновациялық шығармашылық орталығын, екі жазғы лагерь салу, қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту және мектеп кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда.
Сонымен қатар, қаланың жол картасы балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қамтыды.

 

                       Алматы қаласы әкімдігінің

                             Баспасөз қызметі