Алматыда «Тәуелсіздік тағылымы-30» атты фотокөрме ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Тәуелсіздік тағылымы-30» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмені Қазақстан авторлар қоғамы мен ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады.

Көрмеге еліміздің егемендік алғаннан бергі тарихи оқиғаларды, ұлттық салт-дәстүрді, өңірлердегі тіршілікті назардан қалт жібермеген үздік фотожурналистердің туындылары қойылды.

Шараның мақсаты – егемен ел ретіндегі отыз жыл ішінде фотосуретшілердің объективтеріне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру.

Фотокөрмеге ұсынылған әрбір құнды суреттен халқымыздың азаттық алған жылдағы «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышынан бастап, оны қалыптастырудағы сан қатпарлы жұмыстар мен сезімді селт еткізер сәттерді көрермен бір күнде тамашалап шығуына болады.

Көрмеде келушілер назарына ұсынылған 100-ге жуық туындының авторлары қатарында қазақстандық фотографияның абыз тұлғалары саналатын Иосиф Будневич, Рахымбай Ханалы, Мұрат Мәмбетов, Нұрғожа Жұбанов, Жүнісбек Пайызов, Сиез Бәсібеков, Қайрат Мұстафин, Дендербай Егізов, Сайлау Пернебаев, Қалиғұмар Қабдешұлы, Анатолий Устиненко, Есімхан Орынбаев, Болат Омарәлиев, Нұрманбет Қизатұлы, Жақсылық Тұрлыбеков, Александр Павский, Шүкір Шахай, Юрий Беккер, Айтжан Мұрзанов, Фархад Қабдықайыров және бүгінгі жас буын өкілдерінен Ерлан Омаров, Жеңіс Ысқабай, Мақсат Шағырбай және тағы басқа талантты азаматтар бар.

 

lenta.inform.kz