Алтайдан Америкаға

Георгий Дмитриевич Гребенщиков (1882–1964 жж.) — ХХ ғасырдың басындағы көрнекті орыс жазушысы, этнограф, журналист және қоғам қайраткері, Шығыс Қазақстанда туған Шемонаихинская центральная районная библиотека. Ол Алтай өңірі мен қазақ халқының өмірін шынайы суреттеген, «Чураевы» эпопеясымен танылған және 1920 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, сонда этнограф ретінде із қалдырған тұлға.
(ЖИ шолуы)
Шығыстың оза туған ұлы, көрнекті жазушы әрі этнограф Георгий Гребенщиков өмірінің соңғы жылдарын АҚШ-тың Флорида штатында өткізді. Ол – қазақтың танымын, тұрмыс-тіршілігін, тарихын, көшпенді мәдениетін терең зерттеп, шығармашылығына арқау еткен өзге ұлт өкілдерінің бірі.
Гребенщиков Алтай өлкесін бір қазақтай танып, сол өңір туралы көптеген кітаптар мен мақалалар жазды. Қазақ тілін еркін меңгеріп, жергілікті халықтың салт-дәстүрін терең түсінді. 1910 — 1911 жылдары ғалым Григорий Потаниннің ұсынысымен Алтайға этнографиялық экспедиция жасап, дала өмірін жан-жақты зерттеді. Оның көптеген шығармалары қазақ халқының өміріне, Алтай табиғатына арналды. Сондай-ақ Абайдың бірқатар өлеңдерін орыс тіліне аударды.
Жазушының «Жақсы жігіт» пьесасы, «Ертісте», «Дала қарғасы», «Қызылтас» әңгімелері қазақ зиялыларымен қатар өзге ұлт өкілдерінің де жоғары бағасына ие болды. Ал Максим Горький оны «Алтайдың өрені, Достоевский мен Толстой дәстүрін жалғастырушы» деп атады.
Гребенщиковтың көшпенділік рухпен байланысы тереңде жатыр. Өз естеліктерінде ол арғы бабасы Тарухан туралы, орыс балықшыларының бірнеше жылқысымен бірге Бия өзенінің бойында тұтқындап әкеткені жайлы жазады. Арғы тегі қалмақ халқымен сабақтасатын жазушының көшпенді өмірді терең суреттеуі де осы тарихи тамырымен болар.
1913–1916 жылдары ол «Батырбектің хандығы» повесін жазып аяқтады. 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктік билікті мойындамай, Қырым арқылы Америкаға қоныс аударды. Эмиграцияда жүрсе де, туған топырағын, ұлттық болмысын ешқашан ұмытқан емес.
1923 жылы суретші әрі ойшыл Николай Рерихпен бірге «Алатас» баспасын құрып, түркі әлемінің рухани мұрасын насихаттауға үлес қосты. Алыста жүрсе де, далаға деген сағынышы мен сүйіспеншілігі ешқашан сөнбеді. 1933 жылы жазған «Уа, қырғызым, қырғызым (қазағым)» атты өлеңін қазақ халқына арнап, елге деген махаббатын өлеңмен өрнектеді.
Жазушы еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ол Американың Who is Who, Францияның «Жаңа заман рыцарлары» сияқты беделді марапаттарына ие болды. Англия, Франция, Аргентина, АҚШ, Мексика университеттерінің құрметті атақтарына ұсынылды. Сонымен қатар эмигрант-жазушылар тарапынан оны Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде бастамалар көтерілді.
Георгий Гребенщиков – Алтай мен қазақ даласының рухын әлемге танытқан бірегей тұлға. Ол туған жерінен жырақта өмір сүрсе де, жүрегінде көшпенді өркениеттің отын өшірмей, оны шығармашылығы арқылы болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырды.
Дінмұхаммед АХАНОВ,
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесі 11-сынып оқушысы.
Өскемен қаласы
Сурет әлеужеліден алынды.





