Анаң құласа да, сен оны құлатпа!
(Болған оқиға ізімен)
—Апай, сәлеметсіз бе! Мені таныдыңыз ба?
Қаланың қақ ортасында аялдамада тұрған менің жаныма келіп, сәлемдескен жігітті кешегі оқырмандарым шығар деп хал-жағдайын сұрадым.
—Апай, жүріңіз, сізді жеткізіп салайын.
—Рақмет, балам. Автобуста келіп қалар.
—Сіз мені танымадыңыз, мен сізді бірден танып тоқтадым, жүріңіз.
Қиыла өтінген соң, алғысымды айтып, соңынан ердім. Аялдамадан алыстау тоқтаған шетелдік қымбат көлікке отырдым. Жөн сұраса келе, өз алдына шетелдік бір компанияның атқарушы директоры екенін айтты. Кешегі қиналған сәттерін әңгімелей бастағанда, есіме бірталай жыл бұрынғы бір оқиға түсті.
—Анам сізді мүмкін болса іздеп тауып, менің атымнан алғысыңды айт деп аманаттап еді. Мен «ол кісіні тауып, алғысыңызды айтамын» деп уәде бергенмін. Сізді ұқсаттым, қасыңызға келгенімде сол еді…
Адамның өмірінде қиын сәттер көп болады ғой. Сондай кезде қасыңнан табылатын ақылшы, шынайы досың болғанға жетпейді. Кейде ата-анаңа айта алмайтын мәселеңді досыңа айтып, ақылдасасың.
—Апай, анамның көзі тірі болса, сізді кездестіргенімді айтсам, үйге шақыр, дастарханнан дәм татсын деуші еді. Анам бақилық болып кетті. Мейрамханадан дәм татып, анама Құран-дұға бағыштайық,-деді. Осы сәтте мен кейіпкерімнің сөзін мақұлдауыма тура келді.
«Ана, сізді жақсы көреміз. Үйге жүріңізші»
Күздің жылы күндерінің ызғарға ауыса бастаған сәті еді. Жиналыстан шығып, аялдамаға аяңдап келемін. Сол жолдың бойында бір бала анасын жерден көтере алмай жатыр. Кішкентай ғой, әлі келмей әлек болуда. Олардан әріректе екі кішкентай қыз бала ойларында ешнәрсе жоқ, жан-жағына қарап тербеліп қояды. Қастарында қол арбадағы бала ұйықтап жатыр. Он екі-он үш жас шамасындағы ұл бала, анасына әлі келмегеніне қоймай, анасының орамалын жөндеп, бетінен сүйіп, жалынып жатыр. Әйел орнынан тұрар емес, был-сылқ етіп есін білмейді. Сәл қарап тұрдым да балалардың жанына келіп:
—Анаң талып қалды ма? Жедел жәрдем шақырайық па? Анаңа су берші, есін жисын деп, үнемі сөмкемнен тастамайтын суды ұсындым.
—Ол су ішпейді,-деді бала жұлып алғандай.
—Қайда тұрасыңдар? Әкелеріңе хабарласпадыңдар ма? Енді бала анасымен емес, менің сұрақтарыммен арпалыса бастады.
—Әкем, жұмыс іздеп кеткен осы қалаға. Артынан іздеп біз келдік. Таппадық қой. Әкем болса, далада қаңғымас едік…
Баламен сөйлесіп тұрғанымда, қайдан келгенін байқамадым, төрт-бес адам жинала қалыпты.
—Бұл әйел күнде мас, осы көше бойынан кетпейді. Балаларының түрін қараңызшы. Жақын маңда қайыр сұрайды?- деп сөгіп тастады.
Жаңа ғана көмектескім келіп тұрған мен, «ертең есін білмеген әйел заты жоғалса, менен көрер ме екен?» — деп ойланып қалдым да жүре бердім. Бірнеше қадам жасадым да кері бұрылдым.
—Балам, қайда тұрасыңдар? Сендерді таксиге салып жіберейін. Үйге барып, анаңа ыстық шай бер сүтпен,-дедім.
—Тетя, таксидің ақшасын маған бере салыңыз, өзіміз барамыз. Мен берген ақшаны біреулер тартып алады екен дедім де, такси тоқтата бастадым. Жағдайды түсіндірсем, бір жүргізуші келіспейді. Он шақты көліктің иесі төлеймін деген жол пұлым емес, әйелдің түрінен қашты. Қараңғы түсіп бара жатыр. Тоқтаған көлікке ақшасын екі есе төлеймін, анасымен балаларды үйіне жеткізіп салшы дедім. Әйтеуір жүрегінде иманы бар бір жас жүргізуші айтқаныма келісті. Сонымен, әйелді екеулеп қолтықтап, көлікке отырғызып, балаларды артқы орындыққа жайғастырдық. Ұл балаға да азын-аулақ ақшамды бердім.
Анаң құласа да, сен оны құлатпа
Шаһар үлкен болса да, кейде таныс адамдарыңды әр тұста бір кездестіріп қаласың. Балаларымен көшеде кетіп бара жатқан баяғы әйелді көріп қалдым. Өткенде, қаланың шығыс жағында кездестірсем, енді олар орталық саябаққа жақын маңда жүр. Әйел-ана мүгедектер арбасына таңылып қалыпты. Балалары есейген. Ұл бала арбаны итеріп барады, қыздарының қолдарында тола азық-түлік дорбалары бар. Кенжелерін анасының алдына отырғызып қойыпты. Мен оларды қайдан таныдым? Кішкентай екі қыздың да бетіндегі қалынан тани кеттім.
—Әкелері табылып, жағдайлары жақсарған екен ғой,-дедім ішімнен.
Ұл балаға сыртынан ризашылығымды білдірдім. Анасы нендей жағдайда ішкілікке салынғанының себебін біле алмадым. Анасына жалынып, өбектеп жатқан бала елестеді көз алдыма. Қасына барып, басынан сипап:
—Сен ақылды бала екенсің. Анаңа қамқоршы бол. Анаң құласа да, сен құлатпа. Сен жігітсің. Өзіңнен кейінгі кішкентайларға қорған болатын сенсің,-дедім баланың көңілін аулап.
—Анама арақ ішпе деңізші. Бізді бәрі жек көреді. Мектепте ұстазға дейін ұрсады. Бізге анаң «маскүнем» деп айтады деп намыстан жылаған бала ержеткен. Өте ұйымшыл өздері, төртеуі бір – бірінен қалмай жүреді. Бауырмалдылық деген осы ғой.
Менің сөзімнен кейін бала жақынын көргендей болды ма, қасында тұрған мені келіп, қатты құшақтап алды. Оны көріп, кішкентайлар да ағасын құшақтады.
Анамның аманаты
Сол балалар ержетіп, ел қатарына қосылыпты. Әйелдің қыздары да жоғары оқу орнын бітіріп, мамандықтары бойынша қызметке орналасқан. Кенжелері шетелде білім алып жатыр екен.
—Апай, біз намысқа тырыстық. Мектепте сабақты жақсы оқыдық. Анам есін жиғанда, сіз туралы айттым. Сіздің маған айтқаныңызды да айттым. Анам:
—Аузыңды ашып тұрғанша ұялы телефонының нөмірін алмадың ба?-деп ашуланды. Маған дәл сол сәтте телефон ойыма келді ме?
Анам арақты қойды. Жұмыс тауып алды. Жалақысы жақсы болды. Қарындастарым мектепке барды. Кенже інім бала бақшаға орналасты. Намысқа тырысып оқығанның пайдасы, мектеп бітірген соң, грантқа оқуға түстім. Университет бітірдім. Екінші курстан бастап, сабақтан соң жұмыс істедім. Жалақысы аз болса да, қарындастарым басқа қыздарға қарап тарықпасын дедім. Анам екеуіміздің айлығы кәдімгідей болды. Пәтер кезегіне тұрдық. Анам несие алып, пәтердің ақшасын толық төлеп, көшіп алдық. Не жағдай болғанын білмедік, анам қатты ауырды да, орнынан тұра алмады. Арбаға таңылды. Содан көп ұзамай бақилық болды…
—Анаңның жатқан жері жәннат бағынан болсын, иманы жолдасы болсын.
—Анам бізге қолдарыңнан келсе, мұқтаж жандарға көмектесіңдер дейтін. Сізді қаладан танып қалсақ, алғысымды айт деп отыратын болды. Бірде:
—Анашым, екі миллион адамның ішінен бір әйелді қайтіп табамын, айта бермеңізші деп қалдым. Анам болса:
—Менің ішіп кеткен сәттерімді ұмытпадың ба?-деді.
—Не үшін ішіп кеттіңіз?-дедім.
—Мен жұмыссыз қалдым. Пәтерақысын төлей алмаған соң, үй иесі заттарымызды далаға лақтырды. Қарызға ақша таппадым. Жерасты өткелдерінде түнегеніміз есіңде ме? Сендердің қарындарың ашты. Жуынбадық. Араққа салынып кеткенім әлсіздігім болды. Елдің бәрі бізді айналып өткенде, әлгі әйел қасымызға келіп, такси жалдап, жол күресін төлеп, қолындағы бар ақшасын саған бергенін естігенде, «Қайырымды жандар бар екен. Есімді жиып, сендерді жерге қаратпайын дедім» — дейтін.
Анам біздің еңбекке араласқанымызды көре алмады. Біз анамызды қаражат тауып, емдете алмадық. Әкеміз де сол күйі төбе көрсетпеді,-деді бастық жігіт өкінішін жасыра алмай. —Біз іздегенімізбен «көрдім — білемін» деген адам таппадық. Арнайы орындар арқылы іздеу салдық, нәтиже болмады. Анама төрт баланы арқалап, паналайтын жер таппай қиналған кездері, қасынан табылатын жақыны болмағаны. Құрбылары да анама қолдау көрсетудің орнына, әкемді қыз – келіншектермен көрдік деп анамды қызғандырған. Содан кейін анам бізді де ұмытып, сондай жағдайға тап болды.
—Бұл да сендерге Аллатағаланың берген бағы. Маңдайға біткен бақты қолдан ұшырып алмаңдар. Бауырларыңа ие бола білу де ерлік. Аналарыңа арнаған дұғаң қабыл болсын,-деген тілегімді айттым.
Ж.КУЧУКОВА
Фото:otyrar.kz