Ана мен тіл егіз аталады
«Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!»
Қазақстанның халық жазушысы
Мұзафар Әлімбаевтың «Ана тілі» өлеңінен.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» — деп өзінен кейінгі ұрпағына өсиет қалдырды. Алаш қайраткерінің бізге аманат еткен даналық сөзін әрбір жас жадында сақтауы қажет, сақтауға міндетті де. Замана көшінде бес ғасырдан астам уақыт тарихы, әдебиеті мен мәдениеті ана тілімізде жазылып келе жатқан ғұмырлық дастан жаңа ғасырда тасада қалуына бүгінгі біздер жол бермеуіміз қажет.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әли атамыз жырлағандай, өз тілімізді құрметтеп, ана тілімізде мүдірмей сөйлеп барып, өзге тілді үйрену заман талабы. Әлемдік деңгейге жету үшін ағылшын тілін үйренсек, артықтық етпейді. Жылдар жылжыған сайын жаңа технологиялар күнделікті өмірімізге еніп, көптеген салалар цифрлық форматқа көшуде. Болашақты ойласақ, біздер цифрлық нұсқада көрсетілетін қызметтердің барлығын ана тілімізде айтылғанын құптаймыз.
Айталық, жарнамалар, дүкен сөрелеріндегі азық – түлік, халық тұтынатын тауарлар атаулары қазақ тілінде жазылып, ілінгенін көргенде, қуанасың! Байланыс операторларының қызметі туралы да жасанды интеллект қазақ тілінде ұсынады. Әйтседе, әттеген-ай деген тұстарымыз баршылық. Сол олқылықтың орнын жою бізге жүктеледі. Ана тілінің қайнар бұлағы – отбасы. Отбасында туған тілде сөйлейтін адамдардың балалары да ана тілге құрметпен қарап, ата – анасымен қазақша сөйлеседі. Еліміздің қаймағы саналатын ауылдық жерлерде тұтас ауыл адамдары мен балалары – оқушылар ана тілін қатты құрметтейді. Ана тілдің аясында халқымыздың тұтас салт – дәстүрі, әдет – ғұрпы мен тарихы жатыр.
Жаңа заманның жаңа бағдарламаларымен білім алып келе жатқан әрбір жастың арманы – мектепті ойдағыдай бітіріп, жүрек қалаған мамандығының иесі болу. Еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының білім грантына түсу. Белгілі мамандықты игерген соң, шет мемлекеттердің университеттерінің бірінде білімін одан әрі жетілдіріп келіп, алған біліктілігі мен тәжірибесін отандық экономиканың дамуына тікелей араласып, жұмсау. Жаңалықтар енгізу. Ғылымның дамуына үлесін қосып, тың жетістіктерге қол жеткізу. Жастардың осындай армандары орындалып келеді. Жүрегінде Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі бар жастар еліміздің мектептерінде тәрбиеленіп, білім алуда.
Саржал ауылындағы Ш.Тожігітов атындағы мектебіміздің ұстаздары ана тілін құрметтеп, кең байтақ Қазақстан үшін тер төгетін нағыз патриот жастарды тәрбиелеуде. Мектептен түлеп ұшқан қаншама жастар жаңа құрылған Абай облысының болашағы үшін аянбай еңбек етуде. Еліміздің ғылымы мен әдебиетін жаңа белеске көтеруге атсалысып келе жатқаны қаншама?! Ауыл адамдары мен жастары еліміздің жаңа есімдерінің қатарын болашақта толықтырады деп мақтанышпен айта аламын.
Аружан ДҮЙСЕНБЕКОВА,
Абай облысы, Абай ауданы,
«Ш.Тоқжігітов атындағы мектебі» КММ
10- сынып оқушысы.
Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы