Анама
Мағжан Жұмабаев
Анама
Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе я өңім бе
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз, есім білмес күнімде,
Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,
Ренжу жоқ, барлық сөзің: «Жан балам!»
Ыстық-суық, желге-күнге тигізбей,
Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.
Түнде тұрып, түн ұйқыңды төрт бөлдің,
Тыныш ұйықтасын деп, аз сөйлеп, аз күлдің.
Ыңырансам, я қарным аш, я тоңған
екенімді, ойламастан, тез білдің.
«Жаным – дедің,– қарашығым, құлыным»,
Сүйдің, қыстың, дедің: «Тәтті қылығың!»
Қаз-қаз тұрсам, езу тартсам, құласам,
Я жыласам – бәрі жақты қылығым.
Жаным анам – жібек тілді, ақ көңіл,
Жазу болып, шегер болсам ұзын жол,
Шет жерлерде теріс жолдан сақтарға,
Жан балаңа ақ батаңды бере гөр!..
Жұмекен Нәжімеденов
Ана
Бесікте – Ана, бесікте – бөбек:
Бірі тербеледі, бірі тербетеді.
Бал-бөбек былдыр, өсіп те келед,
Анаға жалғыз, сол жетеді.
Ана, Ана, қайран ана!
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,
Нұр себеді аналардың кірпігі
Өліге де ояуға,
Ана дайын біреу үшін жылауға,
Біреу үшін аяуға.
Тербейді Ана қуанышты, бақытты,
тербейді Ана – тебіренеді жаны шын.
Тербейді Ана уақытты;
Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін.
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты…
Қадыр Мырза Әли
Бәрі де, Ана
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді.
Жақсыкүл ҚОСЫБАЙҚЫЗЫ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі
Аяулы ана
Асыл анам нұрын шашқан көктем күн,
Тұнық, таза бұлақтайсың мөп-мөлдір.
Жетеумізді бағып-қағып өсірген,
Бар өмірің, әкемізбен өткен бір.
Асыл анам, бізді өмірге әкелген,
Қырық бес жыл өмір сүрдің әкеммен.
Бәрімізді құтты орынға қондырып,
Өздеріңнің еңбектерің өтелген.
Бәрін берген бақыты үшін баланың,
Өзің, ана, баға жетпес бағалым!
Арқа сүйеп, еркелеген сәбиге,
Перзент үшін орны бөлек ананың.
Кеткенмен біз қияға ұшып, алыстап,
Әкем де өтті аманатын табыстап.
Бар тауқымет бір өзіңе жүктеліп,
Иығыңнан басқандай ма, жаныштап?
Асыл анам мейірімді жүрегің,
Еңбегің зор ұрпақ үшін білемін.
Өзің берген тәрбиеңнің арқасы,
Жанұямның көшін сүйреп келемін.
Жан анашым тектілігің бойымда,
Ақылың мен даналығың ойымда.
Ұл-қыздарың қызмет етсін, анашым,
Жетпіс жасқа толар торқа тойыңда!
Сенсің, ана, жол көрсетер шырағым,
Өзіңізге арналады жыр әнім.
Ақ тілегім жүзге жетсін жасыңыз,
Осы менің бір Алладан сұрарым!
Анар Шамшадинова
Ана
Ана!!!!
Сен деген
Ең ұлы адамсың.
Жеңбеген
Ешбір мұң, тәмам сын.
Мұң түгіл, қайғы да енбеген,
Тек бақыт лайық қамалсың.
Сен деген
Ең көркем әйелсің жердегі.
Тең бе еді?
Қылығың – жұлдыздың ермегі.
Ғажайып ән-күйдің өзі де,
Жетпейді күлкіге сендегі.
Сен деген
Мейірім бағысың.
Зердеде,
Ақылды айтпасам тағы сын.
Сабырды сап-сары сақтайсың,
Жүректің жайлатып қағысын.
Сен деген,
Өмірдің мәнісің,
Тербеген
Көңілдің шәлісін.
Періште кейпіңде күлесің,
Перзенттің пайымдап әр ісін.
Ана!
Сен деген ең ұлы Адамсың!!!
Берикболова Бекзат
Жан анама
Нұрын шашқан күнімсің ғой жан анам,
Бар шуағын баласына арнаған.
Бір өзіңнен қуат алып өмірде
Сенің салған сара жолды жалғағам.
Айымсың ғой жарық қылар түнімді,
Жұлдызымсың сәнді еткен көгімді.
Бір Алладан саулығыңды тілеумен
Атқызамын әрбір ғажап күнімді.
Қымбат жансың, мен үшін ең асылсың!
Аллам сенен жамандықты қашырсын.
Әкемменен мәңгі шалқып бақытқа
Жастарыңды жүзден дағы асырсын!
Тілегімнің бастауы да бір өзің,
Мейiрiмге толы мынау нұр жүзің.
Сен жанымда болған кезде әр сәтім
Жаздай жайлы қысым менен сұр күзім.
Бақытымсың, жаным анам, жан анам,
Мен өзiңдi періштеге балағам.
Ауырмашы, қартаймашы ешқашан.
Мақсатыңа жетші әр кез қалаған.
Өзіңсің ғой өмірімнің тірегі.
Аман жүрсең — маған сол гой керегі.
Бақытты бол, ауырма деп тілейді
Сәбиiңнiң жұдырықтай жүрегі!
Сагинова Лаура
Анамыз
Бар өмірін баласына паш еткен
Өз баласын одан артық кім сүйген?
Бар жақсыны таңдап, беріп сәбиіне
Бар білгенін баласына үйреткен.
Жақсы менен жаманнан алшақ ұстап,
Білім менен өнерге қолын нұсқап,
Болашақта сәбиінен үміт күткен
Ауырмасын анашымыз ер ісімен.
Ерлан Ахмет
Ана
Нұрын төккен күндейсің,
жылытатын жерімді.
Хош иісті гүлдейсің,
көркейтетін төрімді.
Таудан аққан бұлақтай,
мөлдір сенің мінезің.
Жайқаласың құрақтай,
ару анам, бір өзің.
Қадіріңді біледі,
ардақтысың бәріне.
Амандығың тіледі,
жас бала да, кәрі де.
Суреттер: Ашық дереккөздерінен алынды.