«Анамның тілі» әні туралы бір үзік ой

Сөзі: Ш. Смаханұлы; Әні: Ә. Тыналиев
Өмірге келдім,
Анамды көрдім,
Деді ол: жаным,
Арайлы таңым.
Самал боп желпіп,
Жырымен ертіп,
Үйретті тынбай,
Бал тілін, әнін.

Қайырмасы:
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі – өмірді думан.
Мектепке келдім,
Ұстазды көрдім,
Тыңдадым сөзін,
Табынып, сүйіп.
Анамның тілі,
Аяулы үні
Жүрекке нұрын
Жіберді құйып.
Қайырмасы:
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі – өмірді думан.
Тіл – ұлттың ұйытқысы. Кез келген халықтың егемендігінің басты көрінісі – оның өз ана тілінің болуы. Қазақ халқы қашан да тілін қадірлеп, қастерлей білген. «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деп жоғары бағалаған. Себебі тіл – халықтың жаны, рухы, тарихы мен тағдыры.
Тіл туралы нақыл сөздер де, ән-жырлар да жетіп артылады. Соның ішінде қазақ халқының ана тіліне деген ерекше махаббаты мен құрметін білдіретін туындылардың бірі – Шона Смаханұлының «Анамның тілі — аяулы үні» шығармасы. Шона ағамыз тек қазақ сатирасының серкесі, қоғам қайраткері ғана емес, ана тіліміздің шынайы
жанашыры еді. Ол тіл мәселесін жиі көтеріп, ұлт болашағы тілге байланысты екенін үнемі айтып отырды. Бұл өлеңінде ақын ана тілінің ананың сүтімен, алғашқы үнімен бірге бойға дарып, жүрекке сіңетін ең қасиетті мұра екенін әсерлі жеткізеді.
Кейін бұл өлеңге композитор Әбиірбек Тінәлі әуен жазып, әнге айналдырды. Терең мағынаға толы, әсерлі бұл ән халық арасында кеңінен танылып, бүгінгі күнге дейін жұрт жадында.
Ән туралы пікір білдіргенде, әннің композиторы мен орындаушысы Әбиірбек Тінәлі ағамыз жайлы айтпай кетуге болмайды.
Әбиірбек ТІНӘЛІ – Әбиірбек Берденұлы Тінәлі — 22 сәуір 1957 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Әнші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. Өнер жолын Талас ауданы мәдениет үйінде қызмет етуден бастады. 1978 — 1990 жылдары Жамбыл облысы драма театрында актер, 1990 — 2001 жылы Алматыдағы саз аспаптар мұражайында ғылыми қызметкер, 2001 жылдан Алматы облысы, Қазақ драма театрында музыкалық бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған. Қазақстан Жастар одағы сыйлық иегері. Әбиірбек Берденұылының «Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әгтең-ай», «Ұрпак үні», «Сәлемдеме», «Мұнар», «Гүлнарым» сияқты әндері халыққа кеңінен танымал. 1998 жылы Т.Айтбайұлының «Ән әлемінің Әбиірбегі» атты сұхбат кітабы жарық көрді. «Желтоқсан желі» атты ән жинағын шығарған.
ӘДІЛ Жансая,
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ
11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі
Дереккөздері: Әбиірбек Тінәлі туралы мәлімет: https://altynqor.com/; Сурет: https://anatili.kazgazeta.kz/ https:/сайттарынан, https://www.instagram.com/ әлеуметтік парақшасынан алынды.





