«Қандай әдемісіз, Ана!»

Ұлынан осы сөзді естігенде, жас кезінде тартқан бар қиыншылығы мен тарыққан көңілі ғайып болып, жаны қанаттанып кетті.
Тұрмыс тауқыметінен әбден шаршаған келіншек жандүниесіне бір серпіліс іздеді. Ойлап қараса, базарға шыққалы бері он жылға жуық мезгілдің ішінде, белгілі себептерден ( демалыс, мереке күндерін айтпағанда) бір күн қалмай сауда жасаумен айналысып келеді екен. Қасындағы құрбылары бәріне үлгереді. Базардың ішінде емес, көшеде кездестіріп қалсаң, саудагер деп айтпас едің. Қыздың баласындай күтініп жүргені. Жинақы болып жүруге де аз ақша кетпейді. «Сұлулық салонына» барғанша, сол ақшаны балаларыма жұмсайын дейтін. Бір күні базарды жинап қойып, сұлулық салонына бет алды. Екі-үш сағатта 10-15 мың теңгенің басына су құйды.
Үйіне келгенде, анасындағы өзгерісті көрген ұлы таңданысын жасыра алмады.
—Ана, сіз, қандай әдемі болып кеткенсіз! Үнемі осылай болып жүріңізші! Әкем құлап түссін,- деп қалжыңдай анасын қайта-қайта құшақтады.
Әкелері әйелі түгілі, балаларына қайырылмай кеткені қашан?
—Осы ер-азаматтардың кейбірі тұрмыс тауқыметіне шыдамай, жанына жайлы жер іздейтіні қалай? Бұл сұраққа он жыл бойы жауап таппай келеді. Кейде, махаббат дегенде бекер ме деп те ойлайды.
Жолдасымен екеуі студент кезде отбасын құрды. Арада жылдар өтпей-ақ ажырасып үлгерді. Төрт баласы бар әкенің сәбилерінің ертеңін ойламастан, басқа әйелдің қолына кіріп алды да, сіңіп кетті. Әпке — қарындастарының ортасында жалғыз болып өскендіктен:
«Шіркін-ай, болашақта он ұлым болса ғой»,-деп армандайтын. Оған «Тоғызыншы ұлдан қорық» атты «Қазақфильм» киностудиясы шығарған фильмде ой салған еді. Аллатағалла тілегін қабыл етіп, дүниеге үш ұл, бір қызы келді. Шаңырақта баланың шат күлкімен дүние құлпырып сала бергендей еді. Бұл шаттық тұрмыс көпке созылмады. Балаларының алды тұңғышына ес кіре бастағанда әкелері нілдей бұзылды. Жүз шайқасып, бір-бірінің алдында қатты сөзге келмей-ақ күйеуі басқа әйелмен көңіл қосып алды да, кетті. Кері қайтарамын, тым болмаса балалар әкесіз өспесін деп, қанша әуреленді. Жігіттің ата-анасы, туыстары қаншама ақыл айтты. Оны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Әйеліне қоятын кінәні де айтпады.
—Ұлым-ау, төрт сәбиіңді тастап кетіп, о дүниеге барғанда не деп жауап бересің? Бізді тірідей тозақ отына күйдірдің ғой,- деп зарлаған әке-шешенің сөзі де шымбайына батпады.
—Ер жігіт қой. Бір қателескен шығар. Менің денсаулығымды ойлап, балаларыма әкесі ретінде қаржылай көмектесіп тұрса болғаны. Басқасын өзім реттеп аламын, — деген келіншек басқалардай күйеуін де, шаңырағын ортасына түсірген келіншекті де қарғап-сілемеді. Тіпті, оның жұмысына барып та әуреленбеді. Жолдасының бұған бар айтқаны: «Мен сені жақсы көрмеймін. Сол себепті, бағымды байлама».
—Есің он жылдан кейін осылайша кірсе, мен саған ешқандай уәж айта алмаймын,-деп сотта да қаржылай көмегінен басқа ешнәрсе талап етпейтінін айтты да біржолата әңгімені шорт кесті.
Сот шешімі шыққанымен, балаларына алиментті дер кезінде беретін балаларының әкесі болмады. Өзі үшін емес, балапандары үшін ақша сұрап барғанда, жүрегін ауыртарлықтай ауыр-ауыр сөздер естіді. Содан оның алдында кішірейгендей болып, сотқа шағымданғанша қызметін базарға ауыстыруға бел байлады. Айлыққа қарамайды. Балаларға жеткілікті тамағына жетеді. Ауырып қалса да дәрі-дәрмекке қысылмай жұмсайды. Басқа да отбасының қажеттілігін өтеуге қолда ақша бар деп базарға шықты.
Денсаулығын да күте алмады. Тұңғышына аяғы ауыр кезінде қан қысымы күрт көтеріліп кетіп, баланы операциямен алған болатын. Онда да күйеуіне қатты ренжіген болатын. Кейінгі үш нәрестесін де хирургиялық операциямен босанды. Базарға шыққан соң, өзінің анасы келіп, біраз күн балаларға қарады. Оның да үй-жайы бөлек. Ұзақ тұрмады. Енесі келіп еді, келіндері мен қыздары қайта-қайта хабарласып, қайта-қайта мазасын алған соң кетіп қалды. Базарда көрген машақаттарын бүгін мүлде ойлағысы келмейді. Кейіннен контейнер алды. Үлкен ұлы қолқанат болуға жарады. Қолы ұзарды. Күшіне күш қосылды. Ұлы анасының жанкүйзелісін жүрегімен сезді ме, әлде Аллатағалла сана берді ме, өсе келе үйде ер-азаматтың жоғын білдіртпеуге тырысты. Саудасын кеңейткелі түсетін қаражат та ұлғайды. Кішкентай балаларына күтуші алды. Енді бұрынғыдай екі ортада уайымдап, шапқыламайтын болды.
Өмірде де әділетсіздік көп. Ұлы «Алтын» белгіге лайық оқыды. ҰБТ-дан бір балл кем алды. Мектеп бітірген соң, ЖОО-на барды. Әлеуметтік-тұрмыс жағдайына орай, грантқа ие болуы керек еді, онда бір балы жетпеді. Ақылы бөлімге түсті. Бәріне тәуекел еткен келіншек Аллатағалладан денсаулық пен өмір тіледі. Қалғанын қалай болғанда да өзім шешемін деп бекінді. Өкініштісі, балаларының әкесінің безбүйректігі. Бұрын «әкелеп» жылайтын балалары енді, тіпті ауызына да алмайды. Өйткені, кішкентай болса да олар әкелерінің сүйкімсіздігін сезді.
Міне, тұңғышы Университет бітірді. Жылына оқу орнына бәленбай мың теңгені санап тұрып өткізіп беретін қаражатты базар ақтады. Үлкені-қызметке орналасты. Кейінгі екеуі –студент. Кенжесі-оқушы.
Балалармен бірге олардың сұранысы да өседі дегенге енді көз жеткізіп келеді. Ұлы айлық жалақысын анасына әкеліп береді. Екі-үш жұмысты қатар алып жүреді. Қазір ізденген жастарға жұмыс көп. Тек ниеті болса болғаны. Соған қарамастан, шешімін күткен мәселелер де көбейіп жатыр. Ұлдары бірінен кейін бірі үйленсе, бәріне үй керек. Бір кезде жас маман ретінде әкімшілік тарапынан алған екі бөлмелі үйі тар болды. «Анау керек, мынау керек» деп жүріп, денсаулығын да нашарлатып алды. Бірақ, сыр бергісі келмейді. Кейінгі кездері «барахолкада» тауар өтпейді. Неге десеңіз, қаланың орталықтарындағы бутиктер мен фирмалық дүкендердегі кейбір тауар бағасы базар бағасымен бірдей болып қалды. Одан қалса олар ай сайын тауарларын жеңілдікпен сатуға көшті. Бұл да базар затының тездетіліп өтуіне кедергі келтіреді. Оның үстіне онда төленетін салық өсе түсуде. Күнде кешке базардан салы түсіп қайтқан анасын көрген ұлы басу айтып, жанын жұбатады.
—Анашым, базарды тастап, бұрынғы қызметіңізге қайтып оралсаңызшы. Ауырмайсыз, базарда суықта тоңып, ыстықта күймес едіңіз,-дейді ұлы.
—Оралсам, жақсы болар еді ғой, балам. Оған еңбек өтілім де күйіп кетті. Қанша жылдан бері қарайып та қалдым. Жұмысымды алып кете алмасам, ұят қой,-дейді.
Ұлы кәдімгідей өзіне ақылшы, жанына тіреу. Анасымен бірге жүріп, қиыншылықты бірге көрген соң ба, артық жүріске салынбайды, босқа ақша шашпауға тырысады.
—Басқалары сабаққа көлікпен барады, кешікпейді. Мен жаяу жүріп, қайда барамын,-деп қылқылдап қояды бауырлары. Оған да ағаларының айтар жауабы, келтірер мысалы бар. Мұны естігенде аналары асүйге кіріп алып, уайымға салынады. Үш ұлдың ортасында жүрген қызы тым ерке. Аспандағы айды алып бер десе, ұлдары әперуге дайын.
Жаратқаннан балаларының өмірі мен бақытын тілеген келіншек, Алладан балаларыма әкесінің жолын бере көрме деп сұрайды. Осы уақытқа дейін әйелі болған өзі түгілі балаларына мейірімі жоқ әкенің екі әйелден көпбалалы болғанына не қайыр?.. Бәріне шарт түйінген келіншек күйеуі мен екеуінің арасының алшақтауына себеп болған не екенін білмей, дал болатын. Міне, балалары өсті. Енді соларды біртіндеп аяқтандырып,ел қатарына қосуды армандайды. Ұл-қыздарының алдында денсаулығы сыр беріп тұрса, әдемі болып жүруге тырысады. «Анашым, сіз қандай әдемісіз!» — деген сөздері жанына рух береді.
Ж.Кучукова,
Сурет: depositphotos