Қаршыға мен кептер

Ертегім, менің ертегім!

Ықылым заманнан қаршыға кептерлерге күн көрсетпейтін. Жылдар өте келе кептерлер де қаршығаға алдыртпайтын болған. Бүгінде сонарға шыққан қаршығаның тырнағына түк ілінбеді. Енді жердегі иесіз қалған балапан болса да, нәпақа етейін деп, үйлер жақты бетке алды. Төмендей бергені сол еді, алыстан бір ноқатты шырамытты.

—Әй, осы неде болса, кептер. Мені алыстап кетті, көрмейді деп көкке көтерілді білем,-деп құлдилай жөнелді. Қателеспепті. Кептер. Жақындатар емес өзі. Қай жағынан келсе де , ілгізбей әлекке салуда.

—Немене, сендер балапандарымызды шетелге үйренуге жібердік деп бәлсіне бастадыңдар ма? Қаршыға көкелерің тұрғанда, қайда сендерге кеуде көтеру.

—Иә, ағасы, шетелге балаларымызды жібердік. Білсін, оқысын. Қашанға дейін сендерге жем болып өтеміз. Басқаруды үйренсін дейміз.

—Ә, бәлем, саған да тіл шығыпты ғой.

Әншейінде жолынан кептерлерді жұлып әкететін қаршығаның екпіні түгіл, кеуделегеніне кептер сабазың дес бермеуде. Мұның жүйкесін жұқартып, жақындатар емес. Әйтеуір ебін тапты-ау, бірақ бекер болды. Темір құрсанып  алған ба, тепкісіне кептер дәл солай жауап беруде. Айтысып, алысып жүріп, бар күшін жинап, қанатымен орап алған қаршыға, ішінен енді құтылып көр деп қапсыра түсті. Кептерің де шапшаң екен, қаршығаның алқымына жармасты.

—Әй, бала! «Әке тұрып, бала сөйлегеннен без» деген. Мынау қай қылығың?

—Кешіріңіз, ағасы. Сырттан келетін жауға кеуде тосып, бізді қорғайтын аға қайда?  Бізге қорған болудың орнына өзіңіз бізге күш көрсетсеңіз, қалай сыйламақсың?

Аспанда айтысып жүріп, екеуі де бірін-бірі шалып түсірді. Жерге бар екпінімен түскен екеуі де оңбады. Қанаттары сынды, аяқтары қайырылып қалды. Қаршығаның жасы келіп қалғандықтан, жарақаты жанына батты білем, үнсіз жатыр. Ал, кептер қояр емес.

—Біздің жазығымыз не? Бала-шағаны асырайық деп қырманға келсек, иесі мылтық атып, жолатпайды. Адамдардың қора-қопсына ұя салсақ, мысығы, иті, одан қалса балалары балапандарымызға қастандық жасайды. Алдыңғы екеуі жесе, балалар балапандарымызды тірідей ұстап алып, ойыншыққа айналдырады. Осы көргенсіздікке сіз «қой» дедіңіз бе?..

Көкте қалықтап жүрген бүркіттің көзі жердегі жатқан екеуіне түскелі қашан? Бірақ, бұлардың арасы ушығып бара жатқанын сезді де, дереу жерге жақындады.

—Жә-жә! Сендердің мыналарыңа жол болсын. Жаға жыртысып жатқан әкелерді көрген балапандар ертең қайда барады. Зор шыққан дауыстан қаршыға мен кептер дір ете түсті.

—Кешіріңіз, ақсақал, сізді байқамай…

—Айтыңдаршы, балалар-ау, сендерге не жетпейді осы? Мыналарың жарамайды. Бірің аға, бірің іні болып, бірлесіп күн кешетін уақыт жеткенін осы өткенде ғана айтып едім ғой.

—Мына кептер…

—Өзі ғой…

—Ұялсаңдар нетті? Баршамыз қара құрым топ болып балапандарымызды ортаға алып ұшқанда, жердегі адамдар қалай таңқалып еді. Тіпті, адамдар балаларына бізді өнеге етіп айтқанын естігенде қуанғандарың естеріңде ме?

Бүркіт екеуіне ғибратты әңгімелерден көп айтып берді. Қаршыға мен кептер қарт бүркіттің айтқандарын үнсіз тыңдады.

—Енді айтыңдаршы, мына түрлеріңмен балапандарыңа не айтасыңдар? Жазым болғандарың мынау. «Ұят», «Намыс», «Жауапкершілік» дегенді ұмытпаңдар,- деп екі құсты татуластырды. «Ұялған тек тұрмас» деген, қаршыға мен кептер өздерінің ақылға келмей, қызбалыққа салынғандықтары үшін қатты ұялды.

—Бауырым, шынында да өте артық кетіппіз. Қателік менен кетті, кешір,-деп қаршыға кептердің арқасынан қақты.

—Аға, айып менен. Ғафу етіңізші,-деп кептер қаршығаның алдында бас иді. Жаңа ғана көкті жарып жібере жаздап тебіскен қаршыға мен кептер түк болмағандай бірін-бірі сүйемелдеп, жер бауырлап кете барды.

Оларға бата берген көпті көрген бүркіт екеуінің сөзге келмей татуласқанына қатты қуанды. Мына фәни дүниеде тағы бір сауапты іс істегеніне іштей риза болып, көкке қарай самғай берді.

                                                         Жанастан Кучукова,

Сурет: Pixabay