Қас қағым сәт адам өмірімен өлшенеді

Әлемдік деңгейде мойындатқан нейрохирург күрделі ота жасап, адам жанына дауа бола білген білікті дәрігер, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары  БЕРДІҚОЖАЕВ Мыңжылқы Сайлауұлының науқастардың өмірін ең қиын сәттерде сақтап қалғаны жайлы баспасөз, теле-радиоға берген сұхбаттарынан үзінділерді «Farabi shakirti» журналының оқырмандарына ұсынып отырмыз. ***  —Өткен жылы 500-ден аса операция жасадым. Алматы қаласында 300 — ден аса, Астанада 100 — ден аса операция жасадым. Сонымен қатар, аймақтарға шығып, көршілес Өзбекстанға да ай сайын барып 70 рет операция жасадым. Күніне 14 -17 операция жасаған кездер де болды.

—Мен қалай медицинаны таңдап, дәрігер болғым келді? Осы сұрақ көпшілік тарапынан жиі қойылады. 6 — сыныпта оқыған кезде, бір себеппен дәрігерге қаралу керек болды. Отбасымыздың досы хирург болып жұмыс істейтін.  Сол кісінің сөйлеу мәнері, тіл байлығы, өзін — өзі ұстауы, нақты диагноз қоя білгені мені таңқалдырып, өскен кезде дәрігер болсам ба деген арманыма негіз болды.
Нейрохирургия — күрделі мамандық, әрі өте қызықты мамандық. Медицинаның ішіндегі нейрохирургияны таңдауыма нейрохирургияда жалпы хирургия сияқты қосымша травматологияның элементтерінің бар екендігі себеп болған.

***—Соңғы бір жылдай уақыт болды. Операция кезінде «Бақара» сүресін қосып қоямын. барлық бригада тыңдайды. Науқас егер жергілікті анастезиямен болса, науқас та тыңдайды. Ол өте мықты сүре деп ойлаймын. Кейбір дәрігерлер музыка тыңдайды. Өз басым музыка тыңдап көрдім, кейбір жағдайларда алаңдатады. Күнде бір сүре алаңдата қоймайды, арасында таныс сөздер де бар. Ол да бір күрделі операциялар кезіндегі амалдардың бірі.

 

—Шын мәнінде, 12 сағаттық операция  2011 жылы жасалды. Интернетте тараған бейнені ташкенттік әріптесім Мақсат Асқаров түсірген. Ташкентте маған науқасқа түнімен ота жасап, таңертеңгі рейспен Алматыға қайту керек болды. Ташкентке кешкі сағат 22:00 —  де бардым, таңертеңгі сағат 5:00 — де бірнеше операциядан кейін ұйықтап қалыппын. Сол сәтті менің досым камераға түсірген. Ота жасатқысы келетіндер өте көп, егер физикалық тұрғыда мүмкін болса, мен ешкімнен бас тартпаймын. Әрине, дәрігердің де алдымен адам екенін түсіну керек.

***—Париждегі халықаралық конференцияда қызық жағдай болды. Менің жақын досым АҚШ — тағы Буффало университетінің директоры Аднан Сидики екеуміздің арамызда көптеген дәрігердің шетелге, соның ішінде штаттарға кететіні туралы әңгіме өрбіді. Қазақстанда медицина жағдайы басқаша екенін айттым. Әрине, шетелде жұмыс істеу, тәжірие алмасу әр маманның ойына келеді. Бірақ маған досым айтты: «Сен келесің, жұмыс істейсің, бірақ бұл жағдай сенің еліңнің медицинасы мен пациенттерге қиынға соғады. Мұндай тәжірибелі маман өз елінде еңбектенуі керек», — деді. Міне, осындай маңызды әңгіме болды. Әрине, мансап, жоғары табыстан да басқа құнды нәрселер бар. Менің ойымша, біз отандық медицинаның дамуына үлкен үлес қосып жатырмыз және азаматтарымыз шетелге шықпай-ақ ота жасата алуына үлесімізді қоса береміз.         ***

—Адамдар жаңа смартфон туралы хабар алса, дүкенге жүгіріп барады. Ал денсаулыққа келгенде ресми дәрігерлерден гөрі, халық емі, емшілерге көріну жағын жақсы біледі. Сол арқылы уақытты жоғалтып алады. Ең қиыны пациенттер арнайы білімі жоқ емшілерге барып жатады. Яғни емшінің арнайы курстардан өтіп, қатерлі ісік, асқазан жарасы, аппендицит және басқа да жалпы аурулар туралы білімі болғаны жетіп жатыр. Дәстүрлі емге жүгініп, уақытты жоғалтпауы керек.

***—Сондай-ақ интракраниальды артериялардың тарылуын емдеуде жеткілікті тәжірибеміз бар. Тері астына өтетін артерия тігілген кезде жасалатын операция әлемнің барлық елінде жасалмайды. Біздің елде ол күнделікті хирургияға айналды. Қазақстанда омыртқа хирургиясы жолға қойылған. Азаматтарымыз өз қалтасынан ақша шығарып, шетелге бармайды. Ми ісіктері, Арнольда-Киари  ауытқуы, паркинсон және дистония ауруларына шалдыққан пациенттер еліміздің жетекші нейрохирургия бөлімдерінде емделеді. Орташа құны 6 млн тұратын тамырішілік араласулар еліміздің барлық дерлік клиникаларында жасалады. Елімізде 20 инсульт орталығы бар. Онда нейрохирургиялық, тамырішілік көмек көрсетіледі. Пациенттер оған шұғыл жеткізіліп, қажет медициналық көмекті МӘМС есебінен тегін ала алады.

***
—Күрделі оталарға қатыса жүріп, ағылшын тілін өз бетімше үйренуге ден қойдым. «2008 жылы А.Драгункиннің «Английский для энергичных лентяев» деген кітабы қолыма түсіп, сол кітапты оқып, ағылшын тіліне қызығушылығым артты. Жалпы тілді меңгеру үшін 5 жылдай уақыт кетті. Германияға барғанда, шетелдік дәрігермен сөйлесу үшін 1 айдың ішінде ағылшын тілі деңгейін көтеру керек болды. Көп ұзамай ағылшын тілінде еркін сөйлеуді ғана емес, күрделі кәсіби терминдерді меңгеруге қабілетім жетті. Әр мамандық иесінің үлгі тұтар алдыңғы буын тұлғасы болады. Менің де өнегесінен үйренетін кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлер бар.  Өмірде үлгі тұтатын тұлғаларым ретінде хирургияны үйреткен ұстазым Шимон Маймон мен Германияның Эссен қаласындағы «Alfried-Krupp Krankenhaus» емханасының профессоры Рене Шапоны атап айтамын. ***

—Қандай істі алғаш бастаған кезде кез келген адам жүрексінеді, қобалжиды. Ал мұны науқасқа білдіруге болмайды. Ең алғашқы ота сәтті аяқталғанда қалай қуан­ға­нымды көрсеңіз ғой. Құдды кішкентай бала сияқты мәз бо­лып, жеңіске жеткен марафон­шы сияқты күй кештім. Тіпті сол кез­дегі сезімді сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Бұл – жұмысымды әрі қарай нық сеніммен жалғастыруға құлшындырды, күш-қуат берді.

***

Мыңжылқы Сайлауұлы – Сыр өңірінде дүниеге келген. 2006 жылы Мыңжылкы «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты болды, Ресей, Санкт-Петербург қаласындағы С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академиясының клиникалық ординатурасына оқуға түседі. Ординатураны сәтті аяқтаған соң, Астанаға келіп, жаңа ашылып жатқан Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталықта эндоваскулярлық нейрохирург болып мансабын бастады. 2008 жылмен 2015 жыл аралығында жұмыс атқарған уақытта 1500-ден аса бас миының тамырларына жоғары технологиялық ота жасады.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мыңжылқы Сайлауұлы Алматы қаласына «Совмин» аталып кеткен аурухананың нейрохирургиялық бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Соңғы үш жылда 800-ге жуық ішкі тамыр жүйелеріне қатысты ота жасалынды және Алматы қаласында инсульттан көз жұму көрсеткішін 2 пайызға төмендетті. Бүгінгі уақытта Мыңжылқы Сайлауұлының басшылығымен нейрохирургиялық бөлімдері Қазақстанның аймақтарындағы, сонымен қатар қиыр Шығыстағы дәрігерлерді оқытатын үлкен оқыту орталығы болып табылады.

Мыңжылқы Сайлауұлы тұрақты түрде Халықаралық конференцияларда дәріс оқиды, шет елдерге көрсететін мастер-класстарға белсенді түрде атсалысып, қатысады. Денсаулық сақтаудың магистрі және докторанты болып табылады. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, пікірді түрде заманауи технологияның негізінде емделушілерге кеңес беріп отырады. Талантты, емделушілерге мұқият әрі жауапты, әріптестерінің ортасында құрметке ие, отбасында үйдің үлгілі басшысы, әлемдік деңгейде мойындатқан нейрохирург.

Фотосуреттер: нейрохирург Мыңжылқы Сайлауұлының

жеке архивінен алынды.

                                                                                                                                               Сұхбаттардың үзінділерін сайтқа дайындаған:

Ж.Кучукова

 

 


Тегтерfarabi