Асқарым бар, өте биік әке деген…

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Әкелер күніне орай «Асқарым бар, өте биік әке деген…» тақырыпта мазмұнды мерекелік кездесу өтті. Шараға «Қазақстанның Әкелері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отбасылық кеңесші Кулов Аманғос Амангелдіұлы арнайы шақырылды.
Бұл күн – отбасының тірегі, бала тәрбиесінде айрықша рөл атқаратын әкелерге деген құрмет пен ризашылықтың белгісі. Шараның негізгі мақсаты: отбасындағы әке рөлінің маңызын арттыру, ер адамның бала тәрбиесіндегі белсенділігін нығайту, сондай-ақ мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара байланысты күшейту болды. Кездесу барысында Аманғос Амангелдіұлы қазіргі қоғамдағы әкелердің орны, олардың отбасы мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен ой қозғап, жастарға бағыт-бағдар беретін тәрбиелік мәні зор ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, ол Әкелер кеңесінің алдағы жоспарларымен таныстырып, мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандарына әке мен бала арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің қоғам дамуындағы рөлі туралы маңызды ақпараттар ұсынды.
«Әке – баланың тірегі, отбасының қорғаны. Әкенің сөзі – ұлағат, ісі – үлгі. Бүгінгі қоғамға өнегелі, ұлттық рухы жоғары, тәрбиелі ұл-қыз керек. Ол үшін әкелердің белсенді араласуы – аса маңызды. Біз Әкелер кеңесі арқылы осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жасап келеміз»,-деді кеңес төрағасы Аманғос мырза.
Кештің ерекшелігі – еркін пікір алмасу форматында өтуі. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауап алды. Сондай-ақ, кеште Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінің студенті Әділхан Талғатұлы Мұқағали Мақатаевтың «Әке» өлеңін тебірене оқыса, Нұрсұлтан Имашов «Менің әкем – ең жақсы адам» әнін орындап, көрермен жүрегінен орын алды. Осындай игі кездесулер – ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудің нақты үлгісі. Әкенің тәрбиелік рөлі туралы терең ойлар мен шынайы пікірлер жастар санасына оң ықпал етері анық. Бұл шара – отбасындағы әке беделін көтеріп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік жүгін қоғам болып көтеруге үндейтін маңызды қадамдардың бірі. Кеш соңында тақырып аясында ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды.
ҚҰДАСОВА Шырайлым Оралбайқызы,
Ақтөбе облыстық Сағи Жиенбаев атындағы
облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері