Астанада Cardiff University шетелдегі алғашқы кампусы ашылды

Астанада Cardiff University Kazakhstan ресми түрде ашылды. Бұл – Cardiff University алғашқы шетелдік кампусы, әрі Орталық Азиядағы Russell Group жалғыз кампусы. Іс-шара халықаралық білім беруді дамытудағы және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы маңызды қадамға айналды.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания үкіметінің өкілдері, сондай-ақ Cardiff University және Cardiff University Kazakhstan басшылығы қатысты. Қонақтар қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти, Cardiff University президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер, Cardiff University Бас операциялық директоры және хатшысы, сондай-ақ Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы доктор Пола Сандерсон, Cardiff University кеңесінің төрағасы Патрик Янг болды.

«Қазақстан өңірлік академиялық хаб ретінде дамып келеді. Биыл елімізге 31 мыңнан аса шетелдік студент келді. Мемлекет басшысының бастамасымен жоғары білім мен ғылым саласында ауқымды стратегия жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – елімізде жетекші шетелдік зерттеу университет филиалдарының ашылуы. Соңғы үш жарым жылдың ішінде 40-қа жуық шетелдік жоғары оқу орны Қазақстанға келсе, оның бесеуі ірі кампустарын ашуға шешім қабылдады», – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанның әр өңірінде жоғары деңгейлі шетелдік филиалдар жұмыс істей бастады. Әрбір серіктеспен он жылдық келісімшарт жасалып, жергілікті университеттерді халықаралық стандарттарға сай зерттеу университетіне айналдыру міндеттемесі алынғанын атап өтті.

«Мен үшін Қазақстанда Cardiff University филиалының ашылуы зор құрмет. Бұл – Cardiff University алғашқы халықаралық кампусы. Біз академиялық тұрғыдан мықты студенттердің алғашқы легін қабылдауды асыға күттік. Сондай-ақ біз Russell Group құрамындағы Қазақстанда кампус ашқан алғашқы университет атандық. Бүгінгі кампустың ашылуы – үлкен еңбектің нәтижесі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметіне біздің ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін ерекше ризашылығымды білдіремін», – деді профессор Венди Ларнер, Cardiff University президенті және вице-канцлері.

Cardiff University халықаралық рейтингтерде дәстүрлі түрде жоғары орын алады. QS World University Rankings 2026 нұсқасы бойынша 181-орында, Complete University Guide 2026 нұсқасы бойынша 22-орында. Зерттеулердің 91%-ы халықаралық деңгейде үздік деп танылды (REF 2021). Russell Group мүшелігі Cardiff University-ді Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі ретінде бекітеді.

2025 жылғы қыркүйек айынан бастап Cardiff University Kazakhstan келесідей төрт жылдық бакалавриат бағдарламаларына студенттер қабылдайды:

✔ BSc Computer Science (Компьютерлік ғылым);

✔ BSc Business Management (Бизнес басқару);

✔ BEng Civil Engineering (Азаматтық құрылыс);

✔ BSc Exploration Geology (Геология және кен орындарын барлау).

Оқыту толық ағылшын тілінде жүргізіледі, сабақтарды Cardiff University және Cardiff University Kazakhstan профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді. Университет Ұлыбританиядағы бас университеттің тікелей басқаруымен жұмыс істейді және британдық сапа стандарттарын қамтамасыз етеді. Студенттер кампустар арасында академиялық мобильділікке ие болады және заманауи жатақханалармен қамтамасыз етіледі.

Жоғары білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі