Ата-ана – бар баланың қорғаны, мәңгі жасыл бағы

Ата-анам байлығым, алтын бағым,

Бізге берген жемісін бағаларым.

Өмірдің көрсеткен бар қызығын,

Жақсылыққа жетелер паналарым.

Айыпжан Самал

Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзi баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған мәдени-әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжiрибесiн бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжiрибесi, өмiрдегi беделi, ақыл-кеңестерi, ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы, бiр-бiрiн құрметтеуi – үлкен тәрбие мектебi. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмiрге бағыт берушi тәрбие мектебiнен нәр алады.

Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Ата-ана бала тәрбиесiне ерекше мән беруi қажет. Ана – бала тәрбиесiндегi ерекше тұлға. Тәрбиенiң негiзi «ананың әлдиiнен» басталады емес пе?! Абай атамыз ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтiнен жаралған» деген ғұламалық ойды тарата келе, ол қасиеттердiң мiндеттi түрде тәрбиеленуi қажеттiгi туралы айтады.

Абай жетiншi қарасөзiнде былай дейдi: «Жас бала анадан туғанда екi түрлi мiнезбен туады. Бiреуi iшсем, жесем, ұйықтасам деп туса, бiреуi – бiлсем екен демектiк. Не көрсе соған талпынып, жылт-жұлт еткен болса, соған қызығып, аузына салып, дәмiн татып, тамағына, бетiне басып қарап, сырнай, керней болса дауысына ұмтылып, онан ер жетiңкiрегенде ит үрсе, мал шуласа да, бiреу күлсе де, бiреу жыласа да тұра жүгiрiп, «ол немене», «ол неге үйтедi», «бұл неге бүйтедi» деп, көзi көрген, құлағы естiгеннiң бәрiн сұрап, тыныштық көрмейдi…

Ата-ана тәрбие беруде, ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Балаға, әсiресе, ана өте жақын келедi. Ал отбасы тәрбиесiнде әкенiң де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсiресе, әкенiң рөлi ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзiнiң бар өнерiн, естiп-бiлгенін, бiлiмiн түгел үйретуге тырысады. Ал ұл бала өз тарапынан ағаға, әкеге елiктеп, одан үйренген. «Ата көрген оқ жонар» деген осыдан шыққан.

Дәрия ҒАНИҚЫЗЫ ,

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете

оқытатын мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

Сурет:Arqau.kz