Атанға артқан зеңбірек…
Қазақ тарихында әлі күнге дейін толық зерттеліп, тұжырымдалмаған бір сала бар. Ол – халқымыздың жауынгерлік өнері. Соның ішінде, үлкен ақын Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында: «Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер, Зеңбірек атанға артқан найзагерлер, Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай, Алатау берік қорған жұмақ жерлер», — дегеніндей, қазақ жауынгерлері атан түйенің үстіне зеңбірек немесе отты қару орналастырып, жаумен шайқасқаны жайлы біле бермейміз.
Жалпы көшпелілердің соғыс тарихында отты қару (мылтық, зеңбірек, т.б.) пайдаланғаны жайлы дерек көп. Келесі бір мәлімет аталған туындының 76-бетінде:
«Жайсаңбайдың маңғұлы,
Түйе үстінен оқ атты,
Күркірете боратты,
Түйе мылтық күркіреп,
Жауған оққа беттемей,
Несқараның әскері,
Жосып берді дүркіреп…» –
делінген екен. Бұл шумақтар көшпелілердің ертеде от қару қолданғанын көрсетсе, тіпті Манас батырдың өзінің жеке «Ақкелте» атты қол зеңбірегі болғаны туралы да айтылады:
«Есіне түсті Ақкелте,
Өзегі болат, аузы обыр,
Түтіні тұман дүмі зіл,
Көздесең тажал,оғы ажал,
Асынып жүрген Ақкелте,
Ашуы келсе қырыпсал,
Шындығында зеңбірек,
Бабын білсең тым бөлек,
Арыстан қолға алады оны,
Көк білтесін тұтатып,
Бетіне төсей қалды оны,
«Дәл өкпенің тұсы» – деп –
Өлер жерің осы» – деп,
Шірене басып салды оны,
Түтін қалды бұрқырап,
Алты арқанның бойындай,
Көтеріле бір тулап…» – деп сипатталады.
Оның сыртында ғұлама атамыз Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» атты жазбасында: «Қараөткелде аға сұлтан Қоңырқұлжа дуан басы болған. Кенесарыға қарсы тұрып соғыс салған. Қараөткелді (Ақмола бекінісін айтады) қамағанда Кенесары күлдірмамай деген мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшы балсәйкесін (полицейін) атып мұрттай ұшырған» дейді (А.Смайыл. «Астана ғасырлары» Астана, 2010, 149-б.). Бұл оқиға тіпті бертінде 1838 жылы болғанын тарихтан білеміз.
Аталған тақырып бойынша ізденіп жүрген жас журналшы Нұрбек Бекбау, қазақ жауынгерлері әр жылдары әр түрлі отты қару қолданғаны жайында айтып, бірінші шиті мылтық (кең таралған, пілтемен оқталатын қару), екінші қара мылтық (екі адам иығына асып жүреді, біреуі атады), үшіншісі қозыкөш мылтық (ұнғысының іші оқ алысқа ұшатындай иір талданып жыраланған), төртінші күлдірмамай (жоғарыдағы Кенесары мылтығы), бесінші ақберен (мергендердің мылтығы), алтыншы темір оқты шамғал мылтық («Шамғалды қойды қатарға, Жиылған көпке атарға» дейтін жыр жолдары бар) дей отырып, қазақтар түйеге артып жүретін жезайыл атты зеңбірек қолданғаны туралы айтады.
Ал жоғарыдағы «зеңбірек» атауына тоқталсақ, тіл мамандары бұл парсы сөзі дейді. Өйткені тарихта алғаш түйелі зеңбірек қосынын өмірге әкелеген парсылар. 1770 жылы олармен соғысқан орыс генералы Сергей Тучков: «Зеңбірек орнатқан түйелі керуен құм мен шөлге қарамай, қажет тұсқа жетеді. Тоқтаған соң оны үстіндегі адам бұйдасынан тартып, шөктіреді. Содан кейін әлгі кісі бұйданы тастап зеңбіректі аузынан оқтап, білте тұтатып атады» деп жазғаны бар. Парсылар осы қаруды «Замбурак» деп атаған. Қазақ оны өз тіліне бейімдеп «зеңбірек» деген сыңайлы.
Ойланарлық оқиға парсылар зеңбірекпен берік қамалдарды ататын болған. Зырқырай ұшқан оқ тас қамалға тиіп оны құлатпаса да ойып түсіретін еді. Осы ойықты немесе тыртықты «дық» дейді. Бұл тасқа түскен ойық-дық сол күйі қалады. Атам қазақтың «көңілде дық қалды» дегені парсылардың дығымен салаласып жатқан сияқты. Атан түйеге артқан зеңбірек қазақта да болған. Қазір оның нұсқасы Ресейдің Омбы қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде орыс, қытай, жапон, неміс, италиялдық, швед, қазақ, ұйғыр, өзбек ұсталары жасаған 800-ден астам жәдігердің қатарында тұр.
Қазақтар зеңбірек орнатылған түйенің өркеші немесе бүйірін оқ бүріккенде жалын шалып кетпес үшін қалың киізбен орап, әр атқан сайын киізді сулап отырғаны жайлы мәлімет бар. Орыс деректерінде қазақтар зеңбіректі жоңғарлар мен бұқара-қоқандықтардан алып отырған дейді. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені 1714 жылы ойраттардың қолына түскен швед офицері Ренат Густав оларға Құлжа қаласында өндіріс ашып зеңбірек жасап берген. Осы тұста Ренатпен кездескен Ресей елшісі Л.Угрюмов құпия баянхатында: «Швед офицері Ренат 1729 жылы ойраттарға 4 фунттық 15 зеңбірек, кіші калибрлі 5 зеңбірек, 10 фунттық қысқа ұңғылы 20 жаңа зеңбірек жасап беріп, оларға қалай қолдануды үйретті» депті.
Ойраттар бұл зеңбіректі алғаш рет 1731 жылы қытайлармен болған Тұрфан шайқасында қолданған. «Соғыста қонтайшы жағы қытайдың қара-құрым жаяу әскерін осы зеңбіректермен атып, тас-талқанын шығарды. Төбелер үстіне шөгерілген түйелердің арасында атпен шауып жүрген Густав артиллериялық атысқа тікелей басшылық етті» деп жазады ресейлік барлаушылар.
Ойраттар зеңбіректі қазақтарға да қарсы қолданған. Қожаберген жырау: «Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда, Найза ұстап, садақ асып қарсы шықтық…» десе, жазушы І.Есенберлин шығармаларында қазақ сарбаздары аса ұшқыр аттарды пайдаланып, жау зеңбірекшісі білтеге от қойып үлгергенше жетіп барып басын шауып тастағаны туралы жазба бар.
Ал қазақ жауынгерлері өткен ғасырдың басында соғыста түйелі зеңбірек қолданғаны жайлы жазушы марқұм Әнес Сарай «Egemen Qazaqstan» газетінің 2018 жылы 20 наурыз күні жарық көрген «Алаштың табаны – Торғай, жұлыны – Жымпиты, өзегі – Семей» атты мақаласында: «Өткен ғасыр басында балшабектер қолына өткен Кеңес өкіметі Түркістанды азат етеміз деп 4-Түркістан майданын ашты. Оған барлық қару-жарақты үйіп беріп, Фрунзеге басқартты. Алапат күш дүниені басып-жаншып Оңтүстікке қарай жылжыды. Осы қызылдарға қарсы Батыс Алашорда әскері кәдімгідей соғысты. Оған Толстов отряды көмектесті. Алаш әскерлеріне «қызылдарды Темір, Ойыл, Електен өткізбеңдер» деген тапсырма болды. Бірінші соғыс Жымпитының терістігінде Аққаты өзенінің жағасында болды. Бұл 1919 жыл. Толстовтың отрядында түйеге зеңбірек орнатып алған Алаштың әскерлері жүрді» деп жазады.
Оның бер жағында қазақ кинематографистерінің тұңғыш туындысы 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінде түйе үстіне орналасқан зеңбірек пайдаланып, жаумен соғысқан сарбаздар бейнесі ежелгі көшпенділердің далалық соғыс өнерінің жаңа заманға лайықталған бір көрінісі іспеттес. Ал мына өздеріңіз көріп отырған екі фото дәл осы оқиғалар кезінде түсірілгені анық.
Автор: Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Қазақстан тарихы» порталы