Атыраулық дәрігерлер әулетінің еңбек өтіліне 300 жыл

Атырауда медицина қызметкерлері күніне орай ерекше тағылымды кеш өтті. «Дәрігердің дара жолы» атты бұл іс-шара денсаулық сақтау саласына саналы ғұмырын арнаған ардагерлерге ғана емес, бірнеше буын бойы ақ халат киіп, халыққа қызмет етіп келе жатқан дәрігерлер әулетіне арналған құрметтің көрінісі болды, — деп хабарлайды farabishakirti.kz Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты кеште екі бірдей династия – Шанаевтар мен Тілепбергеновтер әулеттері сахна төріне шақырылып, көпшілік қошеметіне бөленді.
Шанаевтар әулетінің медицинада жалпы жиынтық тәжірибесі — 310 жыл. Бұл әулеттің мүшелері отандық медицинаның әр саласында қызмет атқарып, өз ісінің үздігіне айналған.

Ал Тілепбергеновтер – 235 жылдық еңбек өтілімен ерекшеленетін дәрігерлер әулеті . Бұл отбасының мүшелері ұрпақ сабақтастығын жалғап, халық саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді.

– Мұндай кештердің тәрбиелік мәні зор. «Дәрігердің дара жолы» тек құрмет емес, бұл – ұрпақ сабақтастығын, ізгілікті мамандыққа деген адалдықты дәріптейтін үлгі. Жас мамандар дәл осындай тұлғалардан үйренуі керек, – деді шараны ұйымдастырушы, Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура Кубаева.

Іс-шара барысында сахна төрінде ардагер дәрігерлермен ашық сұхбат ұйымдастырылып, олардың өмір жолындағы қызықты сәттері мен тағылымды естеліктері ортаға салынды. Жастар үшін бұл естеліктер шынайы тәжірибеге негізделген өмірлік сабақ болды.

Салтанатты кеш медицина қызметкерлерінің елге сіңірген еңбегін бағалау, адам өміріне араша болған жандарға ризашылық білдіру, сондай-ақ дәрігер мамандығының қадір-қасиетін кейінгі буынға ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды.

Суреттер видеоның скрині