Ауыл мектебінен шыққан математик
Ерқанат қалай халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанып жүр. Бір сыныпта он бала оқитын ауыл мектебінен «Ақтөбе білім инновация лицейіндегі» үздік оқушының бірі. Халықаралық және Республикалық олимпиадалардың бірнеше алтын, күміс, қола жүлдегері.
Ерқанат – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылының тумасы. 2020 жылы «Мың бала» республикалық олимпиадасына қатысып, көп ішінде топ жарған. Оған бірден Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне жолдама берілді. Бірақ ата-анасы Ақтөбедегі Білім-инновация лицейін таңдады. Ол қазір осы жерде метематиканы тереңдетіп оқып жүр.
«Ауылда мен оқыған мектеп кішкентай еді. Бір сыныпта 13 бала оқыдық. Сол жылы олимпиадаға біздің ауылдан екі адам қатысуы керек болды. Ілігіп, мен де қатыстым. Аудан, облыстық байқаудан жеңіп, республикалық жарыста топ -30 баланың ішіне кірдім. Бұлай болады деп ойламадым. Тереңдетіп оқу білім алуды жеңілдететінін түсіндім. Қазір мен үшін қиын сабақ жоқ. Қызығушылық артты, барлық сабақ оңай бола түсті. Ауылдан келген кезде тек орысша сөйлеуден қиналдым. Бірақ кейін үйреніп кеттім. Ауылда жылына бір рет қана олимпиадаға қатыстық. Мына жақта жылына 7-8 олимпиадаға қатысамыз. Ынта болса алға шығуға ештеңе кедергі емес деп ойлаймын. Әр олимпиададан жүлде алғанда «менің бағам», «осы үшін дайындалдым» деп қуанамын. Болашақта адамдарға білгенімді үйреткім келеді. Математикадан тренер болуды армандаймын», — дейді математик оқушы Ерқанат Кеңшілік.
Лицейде қазір 260 оқушы білім алып жүр. Мектеп тек ер балаларға арналған. Онда 7-11 сынып оқушылары физика-математика пәндерін тереңдетіп оқиды. Әр оқу жылында 6-сыныптан кейін мыңнан аса бала оқуға тапсырады. Сол жерден 50 бала ғана іріктеледі. Сондай-ақ Оқу- ағарту министрлігі қолдауымен өтетін «Мың бала» олимпиадасының төрт жеңімпазы емтихансыз қабылданады. Ұстаздардың айтуынша, емтихандағы 60 сұрақтың 50-і логикалық математикаға негізделген.
«Негізі бізге түскен балалардың бәрі дарынды, бәрі ақылды. Білуге құмартып тұрады. Ерқанат бізге 7-сыныпта келді. 2020 жылы пандемияның уақыты болғандықтан оқу онлайн болды. Сабақтан кейін балалар Zoom арқылы олимпиадаға дайындыққа қатысты. Ерқанаттың қасында тағы да балалар болды. Балалар он күндік каникулдың бес күнінде жатақханада қалып, математикалық олимпиадаларға дайындалады. Үш айлық жазғы демалыстың бір айы дайындыққа арналады. Ол мектептің ішінде болуы мүмкін, немесе басқа қалада ұйымдастырамыз. Сонымен қатар лицейде жоғары сынып оқушыларына шетелдегі университеттерге түсу жолдары көрсетіледі. Атақты оқу орындарына қалай түсуге болады, қандай емтихан тапсырады, құжатты қай уақытқа дейін тіркеу керек, қалай дайындалу керек деген сұрақтар оқушылармен бірге талқыланады. Жылда 50 оқушының 15-і шетелдік жоғары оқу орындарына түседі. Жартысы Назарбаев университетіне оңай түседі», — деді математика пәнінің мұғалімі Аян Сабитов.
Облыста дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау бағытында жұмыс істейтін орталық бар. Ғылыми орталық басшысының айтуынша, жылда төрт мыңнан аса оқушы өзін дамытуға қатысты шараларға белсенді қатысады. «Оқушылардың интеллектуалдық сайыстарға, ғылыми жобаларға қызығушылығы бар. Жаратылыстану бағытын көп таңдайды. Олимпиадаға физика, химия, математика, биология, география, тарих пәндерінен көбірек қатысады.
Ерқанат оқитын лицейдің өз интернаты бар. Онда балалардың жатын орыны, білім алуы тегін. Балалар күніне бес рет тамақтанады. Кешкілік оқушылар арасында теннис, футбол, шахмат жарыстары өтеді.
Автор: Ардақ Ерубаева
KAZ.NUR.KZ тілшісі.