Қазақ киносының қазіргі келбеті

Аңдатпа: Қазақ киносының қазіргі келбеті ұлттық мәдениеттің айнасы ретінде көптеген сұрақтарды өзекті етеді. Қазіргі киноиндустрия халықтың эстетикалық талғамын ғана емес, сонымен қатар оның әлеуметтік, психологиялық, тіпті тәрбиелік сұраныстарын да бейнелеп отыр. Қазақ кинематографиясы соңғы жылдары қарқынды дамып, отандық режиссерлер өз туындылары арқылы қоғамдағы өткір мәселелерге тоқталып, түрлі жанрлар арқылы көрерменге ой салып келеді. Әсіресе драмалық, комедиялық және әлеуметтік тақырыптардағы туындылар айрықша орын алып отыр. Бұл үрдісте «Болмаған балалық шақ», «Шекер», «Таптым ау сені», «Бизнес по-казахски», «Қашан туасың?» сияқты фильмдер қоғамның әртүрлі қабаттарына әсер етіп, көрерменнің сұранысын қанағаттандырып отыр.

«Болмаған балалық шақ» фильмі көркем әдебиеттің экранизациясы ретінде қазақ кинематографиясына жаңаша серпін берсе, «Шекер» фильмі нашақорлық сияқты қоғамдағы өткір мәселелерді батыл көрсетумен ерекшеленеді. Ал «Таптым ау сені», «Бизнес по-казахски», «Қашан туасың?» сияқты комедиялар ұлттық юмордың заманауи формаларын қалыптастырып, көрерменді жеңіл әрі маңызды тақырыптар арқылы ойландыруға мүмкіндік береді. Осы мақалада қазақ киносының бүгінгі даму бағыттары нақты фильмдер арқылы сарапталып, олардың көркемдік, әлеуметтік, тәрбиелік маңызы айқындалады.

Кілт сөздер: Қазақ киносы, ұлттық мәдениет, әлеуметтік драма, комедия, «Болмаған балалық шақ», «Шекер», «Таптым ау сені», «Бизнес по-казахски», «Қашан туасың?», заманауи кинематография, ұлттық юмор.

Қазақ киносы тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта көп сатылы дамуды бастан өткерді. Кеңестік кезеңде көбіне идеологиялық тапсырысқа бағындырылған кино өнері қазір еркін шығармашылық пен авторлық көзқарастарға орын беруде. Қазіргі қазақ киносының басты артықшылығы – шынайылыққа, ұлттық болмысқа, әлеуметтік мәселелерге ашық бет бұруы. Бұл бағытта түрлі жанрларда түсірілген фильмдер өз көрерменін тауып, қоғамда түрлі пікірталастар тудырып отыр.

Драмалық бағыттағы туындылардың ішінде «Болмаған балалық шақ» фильмі ерекше орын алады. Ақберен Елгезектің бестселлеріне айналған шығармасы негізінде түсірілген бұл туынды ауыр тағдыр, отбасындағы зорлық, психологиялық жарақат сияқты тақырыптарды қозғайды. Фильмнің басты кейіпкері өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келіп, рухани күйзеліске ұшырайды. Бірақ соған қарамастан, ол адамдық қасиеттерін сақтап, өз өмір жолын табуға ұмтылады. Бұл фильм отбасылық тәрбиенің маңызын, бала психологиясына келтірілетін зақымның салдарын көрсете отырып, қазақ киносының драмалық бағытының әлеуетін дәлелдейді. Көркемдік тұрғыдан фильм шынайылығы, актерлік ойындардың тереңдігімен ерекшеленеді. Фильм көрерменге эмоциялық әсер етіп қана қоймай, қоғамдағы үнсіз қасіреттерді сөзсіз түсінуге итермелейді.

Қоғамдағы тағы бір өткір проблема – нашақорлық тақырыбы. Осы бағытта түсірілген «Шекер» фильмі ерекше. Фильмде есірткі тұзағына түскен жастардың психологиясы, олардың отбасымен, қоғаммен қарым-қатынасы, рухани күйреу жағдайлары өте шынайы көрсетіледі. «Шекер» тек әлеуметтік драма ғана емес, көрерменге ескерту, сабақ ретінде ұсынылатын туынды. Әсіресе фильмнің соңындағы трагедиялық шешімдер көрерменді селт еткізіп, қоғамды есірткіге қарсы күреске шақырудың бейнелі формасына айналады. Бұл фильм арқылы қазақ кинорежиссерлері қазақстандық шынайы шындықты боямасыз жеткізудің үлгісін көрсетті. Фильмдегі нашақорлық көріністері эстетикалық емес, керісінше – үрей мен жиіркеніш сезімдерін оятып, көрерменді ойландыруға бағытталған.

Комедия жанрында да қазақ киносы соңғы жылдары едәуір дамыды. Бұл бағыттағы фильмдердің ішінде «Таптым ау сені», «Бизнес по-казахски», «Қашан туасың?» сияқты туындылар халық арасында кең танымал. «Таптым ау сені» фильмінде махаббат, достық, сенім сияқты мәңгілік құндылықтар ұлттық юмормен сабақтастырылып, жеңіл сюжет арқылы көрерменнің көңілінен шыға білді. «Бизнес по-казахски» комедиясы қазақстандық қоғамдағы кәсіпкерлікке, ақша табу жолындағы комедиялық, тіпті абсурдтық жағдайларды ұлттық колоритпен жеткізе отырып, көрерменді күлдіре отырып, ойландырады. Бұл фильмде қазақ қоғамындағы «понятие», «құда-жекжат», «шенеуніктердің» образдары стереотиптік үлгіде әсіреленіп, заманауи қоғамның шынайы көріністеріне айналды. Ал «Қашан туасың?» фильмі жастардың өмірге көзқарасын, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты, қоғамдағы отбасылық стереотиптерді жеңіл әрі қызықты формада жеткізеді. Бұл фильмдер халықтың күнделікті өмірінен алынған оқиғалар арқылы көрерменді өмірдің жеңіл, бірақ маңызды қырларына үңілуге жетелейді.

Қазақ киносының қазіргі келбеті жанрлық әртараптылықпен, шынайылыққа ұмтылумен, қоғамдағы өзекті тақырыптарды ұлттық болмысқа бейімдей отырып жеткізумен ерекшеленеді. Соңғы жылдардағы фильмдер авторлық көзқарас пен комерциялық бағыттың үйлесімін табуға тырысып жатыр. Әсіресе комедия жанры халықтың эстетикалық сұранысын қанағаттандырумен қатар, ұлттық кодты сақтауға да үлес қосып отыр. Ал драма мен әлеуметтік тақырыптарда түсірілген туындылар қоғамдағы көлеңкелі жақтарды жарыққа шығарып, көрерменді ойландыру, әрекет етуге итермелеу міндетін атқаруда.

Қорыта айтқанда, қазақ киносының болашағы осы бағыттағы үздіксіз ізденістерге, шынайылыққа, ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, әлемдік деңгейге ұмтылуға байланысты. Жас режиссерлердің батыл ізденістері мен авторлық көзқарастары ұлттық кино өнерін жаңа белестерге көтеріп, қоғамдағы маңызды мәселелерді көркемдік тұрғыдан жеткізе білетін сапалы туындылардың көбеюіне ықпал етуде.

УЗАКБАЙ  Арайлым  Серікбайқызы,

КурсANT SCHOOL

Алматы облысы, Карасай ауданы.

Жетекшісі: СӘУЛІМБАЙ  Айғаным Серікқызы.

Сурет: https://malim.kz/