Қазақ мұрасы Нью-Йорк музейінде тұр: тарихи жәдігер туралы не білеміз?

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әлемге әйгілі Метрополитен өнер музейінде XIV ғасырдың сирек жәдігері — Алтын Орда ханы Әз-Жәнібекке тиесілі болат дулыға сақтаулы. Бұл – қазақ даласынан шыққан тарихи мұраның жаһандық деңгейде мойындалуының айқын дәлелі.

Жәдігер жайлы қысқаша дерек

Метрополитен музейінің қару-жарақтар залында тұрған дулыға XIV ғасырдың орта шеніне жатады. Жәдігер болаттан жасалып, күміспен безендірілген. Дулығаның маңдай тұсында арабша жазу қашалып жазылған: «Жеңімпаз, ұлы, қасиетті жауынгер, мәртебелі сұлтан Махмұд Жәнібек ханның бұйрығымен жасалды». Кейбір зерттеушілер жазудағы «Махмұд» атауы оның ұлына емес, Жәнібектің құрметті атағына жататынын айтады. Себебі ол кезде тек ресми билік жүргізген хандар ғана «жеңімпаз» деген мәртебеге ие болатын.

Әз-Жәнібек хан кім болған?

Әз-Жәнібек хан (1310–1357) — Алтын Орданың тарихындағы аса беделді билеушілердің бірі.  Әйгілі Өзбек ханның баласы. Ол 1342 жылдан бастап хандық құрды. Өз дәуірінде ислам дінін нығайтып, экономиканы тұрақтандырып, сауда жолдарын қауіпсіз етіп, саяси тұрақтылық орнатты.

Көре отырыңыз: Жәнібек ханның дулығасы қайда?

Жәнібек хан әділеттілігімен, әскери реформа жүргізуімен және мәдениетті қолдаумен танылған. Оның билігі кезінде Сарай-Берке, Қырым және Еділ бойындағы қалалар гүлденіп, Алтын Орда саяси қуатының шыңына жетті.

Тарихшылар оны Қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен тарихи процестердің бастаушысы ретінде бағалайды.

Метрополитен музейіндегі Орта Азияға қатысты жәдігерлер

Нью-Йорктегі Метрополитен өнер музейі — әлемдегі ең ірі музейлердің бірі. Орта Азия мемлекеттері тарихына қатысты ондаған құнды экспонат осы мекемеде сақтаулы. Олардың қатарында: Шағатай ұлысына тиесілі қылыштар мен сауыттар, Әмір Темір дәуірінің керамикалық ыдыстары, Бұхара мен Самарқандтан табылған діни реликвиялар сонымен қатар парсы миниатюралары мен құран жазбалары сақталған.  Жәнібек ханның дулығасы — осы топтамалардың ішіндегі ең құнды жәдігерлердің бірі. Бұл жәдігер қазақ даласының жауынгерлік рухы мен мәдени байлығын әлемдік өркениетпен байланыстырып тұр.

Жәнібек ханның дулығасы — тарих пен болмыстың тоғысы

Дулыға — тек әскери құрал емес, сонымен қатар тарихи құжат. Ондағы жазу, материал сапасы, жасалу стилі XIV ғасырдағы Орталық Азияның қару-жарақ шеберлігін дәлелдейді.  АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақталған жәдігер туралы алғашқылардың бірі болып Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров баяндама жасап, осы сүйінші хабарды жеткізген болатын. Осыдан он жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өткен «Музей раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция Жәнібек дулығасы туралы айтылды. Ресейлік профессордың айтуынша АҚШ ғалымдары бұл дулыға Алтын Орда ханы Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасаған. Оған дулығаның төменгі жағында араб әріптерімен жазылған жазу айқын дәлел болған. Жәнібек ханға тиесілі дулығаны кезінде еуропа саяхатшылары Тибет жерінен алып кеткен көрінеді. Содан бері ұзақ уақыт жеке меншік коллекциялардың бірінде сақталған. Кейін АҚШ-тың атақты коллеционерінің бірі сатып алған көрінеді.  Ал, 2007 жылы  Нью-Йорк қаласындағы «Метрополитен» өнер музейіне тапсырылған. Жәнібек ханның дулығасы бүгінгі ұрпақ үшін рухани-мәдени мұра ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлік пен жауынгерлік рухтың символы болып табылады.

Түйін. Жәнібек ханның дулығасының Метрополитен музейінде сақталуы — қазақ халқының жаһандық мәдени мұрадағы орнын дәлелдейді. Бұл — тарихты тек еске алу емес, оны жаңа буынға жеткізу, ұлттың өткенін құрметтеу. Мұндай жәдігерлерді зерттеу — өткенімізді ұғыну мен болашағымызды нықтау жолындағы маңызды қадам.

Автор: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ,

 https://e-history.kz/kz/news/show/50000274