Қазақ операсының алтын үні – Шабал Бейсекова

Автор: Ернұр ІЗІМ, https://e-history.kz/
Қазақ музыка өнерінің тарихында өзіндік орны бар дара тұлғалардың бірі – Шабал Бейсекова. Халық арасында «екінші Күләш» атанған ол нәзік те қуатты үнімен, сахнадағы табиғи шеберлігімен тыңдарман жүрегін жаулап, ұлттық опера өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Әншінің орындауындағы әрбір партия асқақ сезім мен ұлттық бояуға толы сахналық бейне ғана емес, қазақ өнерінің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашқан жарқын туындылардың бірі болды.
Шабал Бейсекова 1919 жылы 1 қарашада Омбы губерниясында, қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Әкесі Қартай Бейсеков заң саласында қызмет атқарған, заманының көзі ашық, білімді азаматы еді. Ол Ақмолада мұғалім, кейіннен прокурор болып еңбек еткен. Алайда 1930-жылдардың зұлмат кезеңінде саяси қуғын-сүргінге ілігіп, жазықсыз қаза тапты. Бұл ауыр қайғы жас Шабалдың тағдырына із қалдырды. Анасы жеті баламен жесір қалып, жоқшылық пен тұрмыстың қиындығына төтеп беруге мәжбүр болды. Соған қарамастан, нәзік болмысты Шабалдың жүрегіндегі өнерге деген құштарлық өшкен жоқ, қайта оны алға жетелейтін қуатқа айналды.
Таланты ерте танылған Шабал Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне түсіп, алғашқы кәсіби білімін алды. Оның әсем тембрлі үні мен сахналық икемін байқаған ұстаздары жас қыздың болашағынан зор үміт күтті. Шынымен де 1936 жылы ол Қазақ мемлекеттік музыкалық театрында (кейінгі Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры) сахнаға шығып, алғашқы қадамынан-ақ жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Шабалдың табиғи дарыны мен еңбекқорлығы көп ұзамай оны Мәскеу консерваториясына жетеледі. Ол жерде атақты педагог, РСФСР-дің еңбек сіңірген қайраткері Мария Владимировадан білім алып, вокалдық шеберлігін шыңдады. Мәскеудегі жылдар оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жол ашып, болашақта қазақ операсының жарқын жұлдызына айналуына негіз қалады.
Шабал Бейсекова қазақ опера сахнасында жиырмаға жуық жетекші партияны орындады. Оның репертуарында қазақ композиторларының үздік туындылары «Қыз Жібек», «Абай», «Назугум», «Айсулу» сынды ұлттық классикалармен қатар, әлемдік опера жауһарлары да молынан қамтылды. Ш. Гуноның «Ромео мен Джульеттасы», Ж. Бизенің «Кармені», И. Палиашвилидің «Даисиі» секілді шығармалардағы кейіпкерлерін сомдағанда, әншінің сахналық болмысы ерекше жарқырап, әр партиясы тыңдарманға жаңа қырынан ашылды. Әр бейнені шынайы эмоциямен жеткізе отырып, ол нәзіктікті асқақ сезіммен, ұлттық бояуды еуропалық вокал мектебінің үлгісімен ұштастыра білді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Шабал өнерін майданға арнап, сарбаздар алдында ән шырқады. Оның орындауындағы отансүйгіштік рухқа толы әндер жауынгерлерге жігер беріп, олардың жеңіске деген сенімін күшейтті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде әнші өнердің тек сахна үшін емес, ел еңсесін көтеру үшін де қажет екенін дәлелдеді. Соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда ол Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, концерттік бағдарламаларымен халыққа қуаныш сыйлады. Шалғай ауылдар мен шағын елді мекендерде өткен оның концерттері өнерге сусап отырған жұрт үшін үлкен мереке еді. Тек елімізде ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсеткен Шабал Бейсекова қазақ өнерін кеңінен танытып, ұлттық мәдениеттің мәртебесін асырды.
Шабалдың өмірлік серігі – белгілі баритон, Қазақ КСР халық әртісі Кәукен Кенжетаев. Екеуінің таныстығы студенттік жылдардан бастау алып, кейін сахна мен өмірде ажырамас жұпқа айналды. Ерлі-зайыпты өнер иелері бір-біріне тірек болып қана қоймай, сахнадағы серіктестігі арқылы қазақ опера өнерінің көркемдік деңгейін биіктете түсті. Олардың бірлескен орындауындағы қойылымдар көрерменнің есінде терең сақталды. Өнер мен өмірді қатар өрген қос дарын қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
1959 жылы Шабал Бейсекова Қазақ КСР халық әртісі атағына ие болды. Бұл мәртебелі атақ оның өнердегі еңбегіне берілген әділ баға еді. Әншінің орындауындағы «Баянауыл», «Ахау Керім», «Ақ дариға» сияқты халық әндері, сондай-ақ Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлы» Қазақ радиосының алтын қорына енді. Бұл жазбалар бүгінде де құндылығын жоймай, жас ұрпаққа қазақ ән өнерінің биік үлгісін паш етуде.
Қазақ опера өнерінің асқақ шыңына көтерілген саңлақ 1997 жылы Алматыда өмірден озды. Оның өмір жолы – табандылық пен таланттың, адалдық пен ізгіліктің үлгісі. Шабалдың әндері, сахнада сомдаған бейнелері мен халыққа қалдырған рухани мұрасы қазақ мәдениетінің мәңгілік қазынасына айналды.